Парламент • 04 Қаңтар, 2022

Мәулен Әшімбаев: Маңғыстаудағы жағдай барша елді алаңдатып отыр

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстаудан сайланған сенаторларымыз да сол өңірде мәселенің оң шешілуіне атсалысуда. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасныда осылай жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Маңғыстаудағы жағдай барша елді алаңдатып отыр

«Маңғыстаудағы жағдай барша елді алаңдатып отыр. Мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың толық бақылауында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Бүгінде комиссия өкілдері өңірге барып, өз жұмысын бастады. Мәселе диалог негізінде шешілуге тиіс және Президентіміз айтқандай, барлық тараптың мүддесін ескеретін шешімге келу маңызды», деп жазды Сенатының төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстаудан сайланған сенаторлар да сол өңірде мәселенің оң шешілуіне атсалысуда.

«Біз елдіктің маңызды межесінде тұрмыз. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, егемендігімізді одан әрі нығайту - басты міндетіміз. Кез келген мәселенің шешімін табуға болады, ол үшін, ең алдымен, жылдар бойы қалыптасқан бірлігіміз бен тұрақтылығымызға сызат түсірмеу аса маңызды», деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскенін мәлімдеп, демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс екендігін айтты.