Жеңіс мерекесі күні Тарбағатай ауданындағы су басқан ауылдарда тұрғын үй, аурухана құрылысының іргетасы қаланды
194 АРДАГЕРГЕ ПӘТЕР БЕРІЛДІ
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы облыс орталығы Өскеменде салтанатпен атап өтілді. Ең әуелі, Елбасы Н.Назарбаевтың соғыс ардагерлерін пәтермен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасы толық орындалды. Атап айтқанда, Жеңіс мерекесі күні облыс бойынша ардагер асыл ағаларымызға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 194 пәтердің кілтін табыс етті. Бұл – еліміздегі ең жоғары нәтиже екені жасырын емес. Жеңіс шеруі де ел есінде қаларлықтай мәнді де сәнді өтті. Орталық республика алаңына халық сыймай кетті. Жауынгерлер шеруі, театрландырылған көрініс, балғындардың әсем әні мен биі көпшіліктің көңілінен шықты.
ҚАСЫМ АҒА ЕЛІНЕ КЕЛДІ
Атақты партизан-жазушы, “Халық Қаһарманы” Қасым Қайсеновке арналған бюст Жеңіс мерекесінен бір күн бұрын өзі атындағы көшенің көрікті жерінен бой көтерді. Биіктігі екі метр қоладан құйылған мүсін мінсіз жасалыныпты. Оның салтанатты ашылуына қала тұрғындары, соғыс ардагерлері, Қасым ағаның туыстары қатысты. Жиында облыс әкімі Б.Сапарбаев, карикатурист-суретші, Қасым ағаның жеке хатшысы болған Е.Нұразхан, Еңбек Ері Қ.Бақтыбаев, партизан жазушының туыстары сөз алды. Сол күні Даңқ мемориалы алдында да керемет бір әсерлі кеш өтті.
КӨКЖЫРАДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Жеңіс мерекесі салтанатынан кейін өңір басшысы Б.Сапарбаев, су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішев бастаған топ тікұшақпен Тарбағатай ауданының Көкжыра және Жәнтекей ауылдарына бет алды. Алтайдың ақбас шыңдарының биік тұстарында әлі қар кете қоймаған. Ал жазық жерлерге көктемнің лебі жетіп, жер жап-жасыл түске боянған. Алтайда көктем кеш шығады. Оңтүстіктегі ағайындар жайқалып өскен көкөністерін суарып, әне-міне дәмін татамыз деп отырғанда біздер оны енді ғана салып жатырмыз. Алайда, көңіліміз көктем, бүгін аманшылық болса, тұрғын үйлерін су шайып кеткен екі ауылда құрылыстың іргетасы қаланбақ.
Көкжыра су тасқынынан ең көп зардап шеккен ауыл. Мұнда 221 тұрғын үй, әлеуметтік мақсаттағы ғимараттар салынбақ. Көшелер асфальтталып, жарық тартылмақ. Демалыс орындары бой көтермек. Көкжыралықтар келген ресми топты қуанышпен қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Т.Түсіпбеков, Тарбағатай ауданының әкімі М.Сапарғалиев, оның орынбасарлары, Өскемен қаласындағы жер қатынастары, сәулет басқармаларының басшылары жаңа ауыл бой көтеретін жерді көрсетті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен көкжыралықтарды құттықтады. Жеңістің оңай жолмен келмегенін, миллиондаған боздақтардың жанын пида еткенін, қазақстандық бес жүзден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанғанын, оның ішінде 109-ы жерлестеріміз екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін 93 жастағы Долда Болағаев пен 90 жасар Саябек Қожахметовке ата салтымен иықтарына шапан жауып, Жеңіс мерекесімен құттықтап, теледидарды сыйлыққа ұсынды. Қос қария соғыс ардагерлеріне көрсеткен қамқорлықтары үшін алғыстарын айтты.
– Елбасы Н.Назарбаев әрдайым халықтың жағдайын ойлап отырады. Сын сәтте сіздерге қаржы бөліп, жақын арада су басқан бес ауылда бес жүзге тарта тұрғын үй, үш мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік ғимараттардың құрылысын бастау керектігін тапсырған. Көкжырада – 221, Жәнтекейде – 191, Көктүбек, Қызылкесік және Зайсан ауданының Тасбастау ауылдарында да қираған үйлер орнына жаңалары салынады. Қос мереке құтты болсын, ең бастысы, сіздер де құрылысқа араласып, үйлеріңіздің сапалы болуын қадағалайсыздар. Сіздер үшін жұмыс уақыты таңғы бестен басталып, кешкі сегізге дейін созылуы тиіс. Сонда ғана қоңыр күзде қоныс тойларын жасай аласыздар, – деп өңір басшысы тұрғындарға тапсырма міндеттер жүктеді.
Көкжыра ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Совет Ысқақов жерлестері атынан Елбасына, өңір басшысына алғысын білдірді. “Бердібек Мәшбекұлы сіз екі айдың ішінде біздің ауылға сегізінші рет келіп тұрсыз. Нағыз халықтың жанашыры екеніңізді бәріміз білеміз. Бізге пана болып, берген уәделеріңізді орындағандарыңыз үшін мың алғыс”, деді.
ЖӘНТЕКЕЙДЕ КҮЗДЕ МЕКТЕП БОЛАДЫ
Бас мердігер осы өңірдің тумасы Қайрат Нәбиев басқаратын “ПМК-құрылыс” компаниясы екен. Қосалқы мердігер ұйымдар жан-жақтан тартылмақ. Тұрғын үйлер әрі кеткенде қазан айында аяқталуы тиіс. Бұдан кейін Б.Сапарбаев пен И.Әбішев тұрғын үйдің іргетасына құйматас кұйды. Семей қаласынан күні кеше газблок материалдары жеткізіліпті. Ұзындығы 60 см. көлденеңі 40 см. кірпіштің сапасына өңір басшысы күмән келтірді. Расында да саусақтарымен қатты қысқанда кірпіштің шеттері үгітіліп кетеді екен. “Бұл жарамайды. Мамандар тексерсін. Күні ертең сапасы төмен болып, жұрт алдында ұятқа қалып жүрмейік”, деді Бердібек Мәшбекұлы.
Жәнтекей ауылынан үш шақырым жерден жаңа тұрпаттағы ауыл бой көтеретін түрі бар. Ауыл әкімі Айгүл Иманбаеваның бұл орайда атқарып жүрген еңбегін атап өткен ләзім. Ол өңір басшысына атқарып жатқан істері жайлы айтып берді. 180 орындық орта мектептің іргетасы құйылды. Б.Сапарбаев құрылысты жүргізуші облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досқажанов басқаратын жігіттердің жұмысына сәттілік тілеген соң ауыл тұрғындарымен кездесті.
– Біз уәдені орындадық. Бәріңіз бір реттік бес мың теңгені алдыңыздар. Несие мәселесі бүгін-ертең шешілмек. Бірақ ақшалай емес, малдай береміз. Себебі, өлген малдың орнын толтыру қажет. Мәдениет үйі, мектеп, аурухана, басқа құрылыстар да аманшылық болса игілікке жарар. Сайлап алған онбасы, жүзбасылар халықты жұмылдырып отырулары қажет. Бос сөзді қоятын уақыт жетті. Жұмыс істеп қаржы табыңыздар. Бүгінге дейін ауылдың 150 тұрғыны жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш түсіріпті. Бұл аз болса көрші Зайсан, Аягөз аудандарынан жұмыс қолын тарту қажет. Ал басқа облыстардан құрылысшылар тартудың реті жоқ. Себебі, тапқан табыстың салығы осында қалуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Дөненбек Салқынбаев, Мұхаметқали Ахметов деген қос соғыс ардагерін облыс әкімі құттықтап, Жеңістің 65 жылдығы медалін тапсырды, сый-сияпатын жасады.
Тарбағатайдағы қос қуаныш күйзелген жандарды бір серпілтіп тастады. Жергілікті тұрғындардың Елбасы саясатының дұрыстығына көздері жетті. Жаңарған, жасарған бес ауыл тұрғындарының қуанышы ұзағымен сүйсіндірсін.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.