Тараз қаласының тұрғыны Ақжан Өміралиева – бес баланың анасы. Көпбалалы ана балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Балалардың үлкені 15 жаста болса, кенжесі бір жаста ғана. Ал «Алтын алқа» иегері Жайна Тоқсейітова да жалғыз өзі жеті баланы тәрбиелеп отыр. Алайда қазіргі кезде баспана тауқыметін тартып, балаларымен жалдамалы үйде тұрып жатыр екен. Тұрғынның тілегін ескерген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа өңірде жүзеге асырылып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында көпбалалы отбасының баспаналы болуына көмектесуді тапсырды. Көптің көмегімен Жайна Тоқсейітова жақында баспаналы болады. Алты баланың анасы Гүлжазира Тасқынбекова да әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қатарынан. Осы және өзге де отбасыларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді.
Көпбалалы аналардың шаңырағында болған Б.Сапарбаев ана мен баланы қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін, әкімдік өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ары қарай да көмек көрсете беретінін жеткізді.
Жамбыл облысы