Театр • 13 Қаңтар, 2022

«Күзгі іңірдегі» көңіл сыры

787 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта елде белең алған қиын жағдайлар, қайғылы оқиғалардың жүрекке салған ізі театр сахнасына жол тартқан қойылымдарда да жиі айтылып, көрерменіне ой салып жүр. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы өткен жылдың жылжабар өнер жаңалығы болған Айвонн Менчеллдің «Күзгі іңір» («Сен маған керексің...») спектаклінің премьерасы адам жанының нәзік те күрделі әлемінің қатпарына үңіліп, жұмбағын шешуге арналыпты.

«Күзгі іңірдегі» көңіл сыры

«Күзгі іңір» – көңіл түкпірінің тылсым сырларына бойлап, адамның аяулы сезімдері туралы ой толғайтын мұңды драма. Қойылым кейіпкерлері көңілді әрекеттерімен езуге күлкі үйіргенімен, әр сөз бен қимыл астарындағы күрсініс көрерменін бейжай қалдырмайды. Әр көруші өзінің ішіне үңіліп, бір сәт жақын­дары мен айналасындағы адамдар жайлы, оларға деген қарым-қатынасы хақында толғанып, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдың мәні мен қадірін ұғына түскендей болады.

– Соңғы 2-3 жыл адамзат үшін оңай тиген жоқ. Әлемді жайлаған індет талай жақсы мен жайсаңды ортамыздан алып кетті. Жақынынан, аяулысынан қапияда мәңгілікке көз жазып қалған адамдар «қолда барда алтынның қадірі жоқ» екенін өмірдегі қимасымен енді қайтып қауышпайтынын сезінгенде, сағы­ныштың, мұңның кермек дәмін тат­қанда шын түсінгендей. Жалғандағы бес күндік өміріне, жақындарына аялай қарауды үйренгені, өмірдің мәнін басқа қырынан ұғына түскені ауыр да болса шындық. Пьесаны оқып шыққанда мені ең әуелі материалдың осы жағы толғантты. Пандемия кезінде бұл дәр­менсіз ауыр күйді талай адам басынан өткеріп, талай адам құлпытасты құшақтап жарасы жазылмас қайғыға батты ғой. Спектакльдегі негізгі екпінді осы жағына түсіргім келді. Сол арқылы жаны жаралы пенденің жанына дәру болып, қайғысын аз да болса сейілте алсақ, көрермендеріміздің көке­йіне өмірдің бес күндік жалған еке­нін ұғындыра алсақ, жақындарын баға­лауға үндей алсақ, қойылымның басты міндетінің орындалғаны деп білемін, дейді драматург Меанчеллді қазақша сөйлеткен актер, аудармашы Нартай Сауданбекұлы.

Пьеса қазақ тіліне Қырғызстаннан ­ар­на­йы шақырылған жас режиссер, Қыр­ғызстан мәдениетінің үздігі Ұланмырза Қа­рыпбаевтың ұсынысымен аударылып, сол қол­таңбада сахна төріне шықты. Спек­такльдің қоюшы суретшісі – Қанат Мақ­сұтов, костюм суретшісі – Шынар Елем­­баева. Ал хореография Салтанат Жо­­лым­­баеваның қиялында көрерменмен қауышты.

Бұл премьераның жаңалығы сол – спектакль театрдың үлкен буын актерлері үшін арнайы қойылды. Атап айтсақ, қойылымда екі құрамда Қаллеки театрының негізін қалаушылар, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері – Т.Атымтаева, Б.Иса­бекова, Г.Қылышбай, А.Аймағамбет, З.Ка­рина, К.Нұрланов, М.Қайсанов, Қа­зақ мәдениетінің қайраткерлері Б.Жұ­ма­ғұлова, Қазақстан Жастар Одағы сыйлы­ғының лауреаты Б.Мақсұтова басты рөл­дерді сомдайды.

– Адам өмірі де табиғатқа ұқсайды ғой. Оның да көктемі, жазы, күзі мен қы­сы болады. Әу баста түпнұсқадағы атауы «Сен маған керексің...» деп аталған пье­саны «Күзгі іңір» деп өзгертуіміз негі­зінен көркемдік һәм философиялық тұр­ғыдан жоғарыдағы пайымға саяды. Қойы­лым­ның негізгі идеясы – басымыздан қан­дай сынақ өтсе де үміт үзбеу. Ертеңімізге, бо­лашағымызға сену. Қанша жасқа келсек те сүйе білу. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевтың ұсы­нысымен арнайы театрдың үлкен буын актерлеріне арналып қойылған бұл спектакльде әртістер кейіпкерлерін ойнады деуден гөрі, өз өмірлерінің осы шағын, көңіл күйін жеткізді, адам өмірінің күзгі іңіріндегі көңіл сырымен бөлісті деуге болады. Бастысы актерлердің сахнада барынша ашылып ойнауына мүмкіндік берілді, дейді қойылым режиссері қырғызстандық Ұланмырза Қарыпбаев.

Рас, Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театрын­дай үлкен де талантты ұжым үшін әр буын актерлері тұрмақ, әр әртіске ар­нап спек­­такль қойса да жарасады. Театр тәжі­­ри­бесінде солай жасалып та жүр. Мә­се­лен, оған Қазақстанның ха­лық әртісі Гүл­­жан Әспетоваға арнап Дж.Пат­рик­тің «Қым­батты Памела», Ұ.Ес­дәу­лет­тің «Зере» қойылымдары, сол секілді Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­керлері Лейло Бекназар-Ханингаға арнал­ған Р.Мұ­қа­нованың «Бопай ханым», Ерлан Ма­лаев үшін қойылған Т.Әсем­құлов­тың «Құнан­бай» және тағы да басқа табысты спектакльдер дәлел болады. Ал тұтас бір буын, оның ішінде елеусіз­деу қалып, шығармашылығы негі­зінен қосалқы рөлдермен ғана шектеліп жүр­ген актерлерге жаңа тыныс сыйлап, ша­быттандырған жұмыстың жемісі, әрине құптарлық қана емес, көңілге де құр­мет орнықтыратын жақсы бастама. Осы жағынан келгенде әр буынның шығар­машылық қажеттіліктерімен санасып, әр ак­тердің рухани әлеміне барынша бой­лауға ұмтылатын театр ішіндегі атмосфера өзге театрларға үлгі боларлықтай қадам.

Ал енді спектакльдің жалпы сахналануына келсек, режиссерлік сараптауда ұтымды тұстармен қатар кемшін түсіп жатқан жайттар да баршылық. Соның бірқатарын тарқатып көрсек. Біріншіден, спектакль өте ұзақ. Екі жарым сағатқа жуық жүретін спектакльде «ауа көп», яғни қысқартып тастаса да қойылмының көркемдік деңгейіне әсер етпейтін артық сахналар мен көріністер баршылық. Пьеса режиссер мақсатына сай ықшамдалмауы салдарынан спектакль бірсарындылыққа бейім, соңына дейін жеткенше көрерменін жалықтырып жібереді. Оны залдағы көрер­меннің қойылым аяқталмай тым жиі тықыршуы қуаттай түседі.

Екіншіден, пьеса тәржімасындағы мақсат пен спектакль қойылымындағы ой алшақтығы да туындының солғын тартуына айтарлықтай әсер еткен. Режиссер спектакль формасына негізгі назар мен басымдықты бұрып, қойылымның әу бастағы мазмұндық идеясы мен екпін тү­сірілуі тиіс тұстары екінші планға түс­кен. Соның салдарынан трагикомедия өзі­нің өткірлігі мен өзектілігінен айырыл­ған. Актерлердің ойыны да осы себеп­тен кейіпкержандылықтан гөрі кейіп­керсындылыққа басымдық беріле сарап­талғандай әсер қалдырды. Яғни әр ұлттың менталитетіндегі негізгі ерекшеліктер режиссер тарапынан ескерілмей қалуы салдарынан «Күзгі іңір» деп атау берілген қойылымның әу бастағы қазақ қоғамымен байланысты, қазақ көрермендеріне әсер етіп, көңіл түкпірін тербеуі тиіс тұстары солғындыққа ұрынған.

Бірақ бұл әсте спектакль сәтсіз деген ұғым тудырмаса керек. Қойылымда­ғы музыкалық партитура мен сценограф Қанат Мақсұтовтың еңбегін айрықша атап өткіміз келеді. Режиссердің де формалық ізденіс тұрғысындағы тапқырлықтары мен жетістіктері мол. Жарық суретшілеріне де тек қол соғамыз. Яғни спектакль бар. Тек мазмұн мен қойылымға жан бітіру жағы әлі де біраз жетілдіріп, мақсаты айқындала түссе, қойылымның көркемдік мазмұны мен деңгейі бұдан да гөрі биіктей түсер ме еді деген тілек қалды көкейде. 

п