14 Наурыз, 2014

«Еңбек адамының мұңын мұңдадым, жоғын жоқтадым» – дейді қазақ тележурналистикасының ардагері Қажы Қорған

749 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
20140303_115331Қазір қазақ телевизиясы түрлене дамыды. Бүгінде елімізде бірнеше телеарналар сан алуан хабарлар таратады. Сонымен қатар, қазақ тележурналистикасының дамуы, мазмұн байлығы да үлкен тақырып желісі. Журналистика сынды синтезді өнердің осы саласының бұлақ бастауындағы үркердей топтың арасынан Қажы Қорғанның есімі ойып орын алады. Қазақ теледидарының ардагері Қажы Қорғанмен біздің тілшіміз әңгімелескен еді. – Қажы Қорғанұлы, әңгімені қазақ телевизиясының алғашқы жылдарынан бастасақ, алдымен нені еске алар едіңіз? – Алдымен осы жаңалықтың қоғам­ға жақсы әсері есіме түседі. Қазақ теле­дидарының 1958 жылы 8 наурызда шаңы­рақ көтергені белгілі. 1961 жылы Ақтөбеде де телестудия ашылды.Мен сонда алғашқы диктор болдым. Ол кезде телестудиялардағы техниканың балаң шағы ғой. Осыған байланысты қиындықтар болмай қалған жоқ. Бірде Ахмет Жұбановтың мерейтойына Алматыдан Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ қаламгер келді. Олармен телестудияда тікелей эфирден хабар жүргіздім. Шілденің кезі еді, тар студияда екі шекеден екі прожектор «қарап» тұр. Эфирде болған жарты сағатта телестудияның іші от болып жанып кетті. Хабарға қатысқандар борша-борша болып терледі. Ғабит ағамыз «Мынау тамұқ қой», деді студиядан шыққан соң. Мұны, әрине, компьютерлендірілген қазіргі студиялармен салыстыруға да келмейді. 60-шы жылдары күніне бір жарым сағаттық материалдарды тек диктор ғана эфирге алып шығатын. Журналистер кадрдың сыртында жұмыс істейтін. Таңертеңнен кешке дейін тек студияның ішінде боласың, бітпейтін бір жұмыс. Әрине, бұл шаршатады. Бірақ ол кезде теледидардың беделі өте жоғары еді. Сол бедел дикторларға да шапағатын шашатын. Көшеде көрген жұрт «диктор кетіп барады» деп таңғалып қарайтын. телевидение – Сіз бала кезіңізде диктор, журналист емес, әртіс болам деп армандаған екенсіз. Неге әртіс болмадыңыз? – Бұл сұрақ мен үшін қызық әңгіменің тиегі. Бала кезімде диктор дегеннің не екенін де білген жоқпын. Тіпті, 1958 жылы Қазақстанда теледидар ашылғанынан мүлде хабарсыз болдым, ауыл баласы емеспін бе, барлық ақпараттан «тап-тазамын». Жалпы, журналистика менің ойыма кіріп-шыққан емес. Менің бойымда ән шырқау, би билеу сияқты алып-жұлып бара жатқан өнер болды деп те айта алмаймын. Бірақ өнер десе ішкен асымды жерге қойдым. Әртіс болу мен үшін шыңға шығумен бірдей еді. Оған менің өскен ортам әсер етсе керек. Мен Қостанай облысындағы Темірқазық деген кішкентай ауылда өстім. Онда 60-70 ғана үй болатын. Осы ауылда Омар Шипин атам тұрды. Ауылдың ортасындағы жалғыз дүкен ақсақалдардың штабы секілді болатын. Дүкеннің алдындағы көк шөптің үстінде Омар атам ауылдастардың ортасында әңгіме шертіп отырар еді. 50-ші жылдарғы осы көрініс менің балалық шағымның белгісі сияқты елестейді. Ол кісінің бірнеше дастандар жазған, айтысқа қатысқан суырыпсалма ақындығын былай қойғанда, қайраткерлігі бір төбе еді. Омар Шипин 1916 жылы Ұлт-азаттық көтерілісінде Амангелді батырдың хатшысы болған. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымында депутат болып сайланды. Өзі айналасына жылу шашып тұратын келбетті кісі еді, әңгіме айтқанда айналасындағыларды үйіріп алатын. Омар ақсақалға сәлем беру үшін біздің кішкентай Темірқазық ауылына Сәбит Мұқанов, Мәриям Хакімжанова, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Ғаббас Жұмабаев, тағы басқалар келіп-кетіп жататын. Ауыл балалары қонақтардың аяғына оралып, Омар атамның айналасында жүгіріп жүрер едік. Қостанай облысында 40-50-жылдары ақындар айтысы өткізіліп тұратын, облыстық филармонияның әртістері ауылдарды аралап концерт беруші еді. Бірде ауылға келген сондай концерттің бірін Сейтім Жақыпов жүргізді, өзі көркемсөз оқыды. Бұл қазақ көркемсөз өнерінде ізі бар кісі еді, бірақ есімі ұмытылып барады. Сейтімнің дауысындай таза, әуезді қоңыр дауысты, дикцияны, мәнерді өте сирек естідім. Ол сахнада көркемсөз оқығанда моноспектакль көргендей әсер алар едіңіз. Шара Жиенқұлова Сейтім Жақыповты өзінің концерттеріне конферансье етіп таңдауы да тегін бе? Несін айтасың, жалпы өнердің осы саласы бүгінде назардан тыс қалғандай, көмескі тартқандай көрінеді маған. Секең қазақтың Әміресінің – Әміре Қашаубаевтың туған күйеу баласы, Күләш апай да меццо-сопрано дауысы бар әнші болатын. Белгілі журналист-жазушы, бас­пагер Хайдолла Тілемісов пен осы Сейтім ағамыз 1943 жылы Меңдіғара педагогика училищесінде оқып жүрген жасөспірім шақтарында облыстағы ақындар айтысына қатысады. Сол айтыста жақсы өнер көрсеткен екеуіне де бес метр сәтен, жарты килограмм шәй берген екен. Бұл сол кездегі өлшеммен алғанда машинадан кем көрінбеген, жұрт екі баланың өнеріне де, жүлдесіне де таңдай қағысады. Мұны Хайдолла ағай айтып отырушы еді. Мен Сейтім ағайға еліктедім, бірақ бала кезде оны диктор емес, әртіс деп қабылдағанмын. Сол арман жолымды журналистикаға әкеліп тіреді. – Сіз уақыт толқынында қазақ те­ле­дидарымен бірге жасадыңыз. Заман­дас­тарыңыз тек диктор емес, теле­жур­на­лис­тиканың еңбек торысы деп баға­лай­тын. Осы жөнінде өзіңіз не айтар едіңіз? – Тым мақтап жіберген екен. Жур­налистика факультетін бітірген соң, 1972 жылы Ақтөбеден Алматыға, Қазақ теледидарына шақырылдым. Сөйтіп, біржола журналистика қамытын «кидім». Қазір қолымда 5 қойын дәптер бар, сонда жиырма бес жыл журналистік жұмысымның әр қадамы жазылған. Жоспарлы экономиканың негізі көп өндіру, көлем қуу ғой. Ол кезде бүгінгі секілді нарық сұранысын зерттеу жоқ. Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі тың жерлерді жыртып тастағаннан кейін, облыс­тар астық өндіруден жарысқа түсті. Күзгі орақ кезінде Қазақ теледидарының көшпелі редакциясы сайланып Целиноградқа келіп қоныс тебеді. Көшпелі редакцияның құрамында Сәңгерей Тәжіғұлов, Серғазы Досов, Төкен Қаймолдин, Сағидолла Дәулетқалиев, Нығметжан Әбенов секілді тәжірибелі журналистер, оның сыртында режиссерлер мен операторлар бар. 70-80-ші жылдары «Алтын дән-Урожай» хабарының рейтингі өте жоғары болды. Бір ай бойы солтүстіктегі жеті облыстың орақ науқанын да осы хабардан көрсететін едік. Егін жинау елдің барлығы көз тігіп отыратын саяси науқанға айналады. «Алтын дән-Урожай» хабарын облыстық партия комитетінің бірінші хатшыларынан бастап, барлық жұрт кешке жібермей көреді. Қай облыстың қанша астық бастырғанын олар біздің хабар арқылы біледі. Облыстар арасында өзара бәсеке күшейеді. 1976 жылдың орақ науқаны есімде ерекше қалды. Себебі, осы науқандағы атқарған жұмыстың ауқымы айта қаларлықтай болды. Бағдарламаны диктор ретінде екі тілде оқимын, кино материалдарды, мәтінді қараймын, редактор ретінде түзеймін, арасында сюжеттер түсіріп әкеліп, оны эфирге дайындаймын, хабарды жүргіземін. Сол жылы Торғай облысы мемлекетке 116 миллион пұт астық тапсырды. Мен осы облыстан материалдар дайындадым. Ол кезде облыстық партия комитетін Сақан Құсайынов деген іскер азамат басқаратын, хатшылары Өзбекәлі Жәнібеков, Қаратай Тұрысов, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мақтай Сағдиев болатын. Қазақтың адамгершілік пен намыс­тан, ақылдан құйып қойғандай жігіт­тері емес пе еді?! Олар бұқаралық ақпарат құ­ралдарымен ерекше санасып әрі қол­дау көрсетіп отырады. Міне, осы орақ науқа­ны­нан кейін еңбегімнің жемісін көрдім, «Құр­мет Белгісі» орденімен марапатталдым. – Сіз хабарларыңызда сол уақыттың өткір мәселелерін көтердіңіз бе? Оның нәтижесі болатын ба еді? – Көтергенде қандай! 70-ші жылдары теледидарда насихат бас редакциясы болды. Мен соның ауыл шаруашылығы бөлімін басқардым. Сол жылдары барлық нұсқау Мәскеуден келетіні белгілі. КОКП Орталық Комитеті Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу керек деген ұран тас­тады. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитеті осыған қатты көңіл бөлді. Біздің редакцияда «Қой шаруашылығын өркендетудің теледидарлық озат тәжірибе мектебі» деген хабар ашылып, оны айына бір рет беріп отырдық. Көшпелі редакциямен Алматы облысының шопандарына барып, түрлі хабарлар түсірдік. Оған Қазақстан КП Орталық комитеті Ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері қатысады. Осы хабарларымыз Мәскеуде КОКП Орталық комитетінің пленумында аталып өтті. Бірде Дінмұхамед Қонаев Алматы облы­сының шопандарын аралайды. «Не өті­ніштеріңіз бар?» дегенде, олар: «Ғарыш­қа адам ұшып жатыр. Ал біз баяғы кедейлердің қараша үйіндей жыртық, тесік киіз үйде отырмыз. Бізде ақшаңқан киіз үй болмай тұр, керегесін бекіткен темір түйме шыдамайды депті. Қонаев келе министрлерді жинап алып: «Біз халыққа қызмет етіп жүрміз десек, түк бітірмеппіз ғой. Кеше шопандармен кездескенде не дерімді білмей жерге қарадым. Бір айдың ішінде киіз үйді жөндеу үшін не керек екенін айтыңдар, іске кірісіңдер» депті. Бұл өткір тақырып емес пе? Дереу іліп әкеттім. Жеті бөлімнен тұратын «Киіз үйдің сапасы неге төмен?» деген цикл­ды хабар жасадым. Оның әрқайсысына төрт-бес министр келіп қатысып отырды. Бұл ол кездің өлшемімен қарағанда, үлкен мәселе еді. Ол кезде одақтық Жоспарлау комитетіне дәлелдемей, олар бекітпей Қазақстан бір тал да шеге шығара алмайтын. Хабарда киіз үйдің проблемасы туралы айтылмаған әңгіме қалмады. Орталық комитет қызметкерлерінің, министрлердің тындырымды жұмыстары арқасында ақшаңқан киіз үй шығарылатын болды. Ол үшін Үштөбе киіз үй фабрикасының жұмысы жаңғыртылды. Әрине, оған менің хабарларымның да үлесі болғанына неге қуанбайын? Осындай циклды хабарларым тек киіз үй ғана емес, ат арба, шана, ер тоқым, ат әбзелдері, қамыт, доға туралы өткір мәселелерге де арналды. Шын мәнісінде, ұлтқа байланысты құндылықтардың құны бір тиын болып тұрған сол кезеңде шопан тұрмысына қажетті бұлардың барлығы да құрып біту деңгейіне келе жатыр еді. Журналистік зерттеу жүргізіп, мәселе көтерген осы хабардан кейін жылына 30-40 мың ғана ертоқым жасайтын Георгиевка былғары комбинаты кейін оның санын 100 мыңның үстінде дейін жеткізді. Сапасы да түзелді. – Сіздің телехабарларыңыз негізінен ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналды. Неге? – Дұрыс айтып отырсыз. Мен өндіріс тақырыбына қалам сілтеген емеспін. Иә, кеңес заманында Қазақстанда өндіріс тақырыбы актуалды емес еді деген ой тумаса керек. Өзім ауылда өскен соң маған ауыл шаруашылығы етене жақын тақырып болар, сірә. Қалай дегенде де, мен хабарларымда еңбек адамдарының мұңын мұңдадым, жоғын жоқтадым, олардың образын ашуға тырыстым. Жеті бөлімнен тұратын «Көш» деген хабар жасадым. Оны Бетпақдаладан Жезқазғанның шөларқасына дейін малды сулы, шөпті жерге жайып көшетін Мойынқұм шопандарымен бірге жүріп түсірдік. Олар осы екі араға апталап көшеді екен. Шопанның барлық мехнатын, көш азабын, қызығын бірге көрдім, бәріне қанықтым. Хабарда олардың проблемаларын, тұрмысын, мал бағудың қиындығын барлығын бейне көрініспен бердім. Мәтінмен қатар, бейнекөріністің өзі хабарда айтылар ойды толықтырып, жеткізіп, байытып отырады. Мұның көрерменге әсері ерекше болды деп ойлаймын. «Үш бәйтерек» деген хабарымда ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған Ыбырай Жақаев және шопан ата Жазылбек Қуанышбаев туралы толғадым. Мен мұны телеповесть деп атаған едім. Қазақтың осы үш тұлғасы туралы айта отырып, еңбекті дәріптедім, насихаттадым. – Тележурналистиканың бүгінгі ба­ғыты, телеарналардағы қазақ тіліндегі хабарлар жайында не айтар едіңіз? – Жалпы тележурналистика да уақытпен бірге дамып барады, уақыт айнасы ғой. Көңіл қуантар жақсы істер көп, әрине. Бірақ қазір студияда отырып сөйлей беретін хабарлар қатары артып кеткен секілді. Бейнекөрініс артта қалып қойғандай. Қазақ тілінің қадіріне жету, эфирден сөйлеу бұл енді айтыла-айтыла жауыр болып барады. Қоғамдағы жағымсыз әрекеттерден гөрі, жағымды құбылыстар көбірек берілсе деген ой бар. Көрермен көргенін қабылдайды емес пе? Еңбек – ұлы ұғым. Еңбек адамдары туралы бүгін де көбірек айтылса жақсы болар еді. Еңбектің құны түссе, қоғам не болады? Журналист бұқаралық ақпарат құрал­дарының қай саласында қызмет етсе де оған тіл білген дұрыс. Ғабит Мүсіреповтің екі тіл білген адамды қос қанатты құсқа теңегені бар емес пе еді. Қазір оған ағылшын тілі қосылды. Мен хабарларды орыс және қазақ тілдерінде еркін жүргіздім. Бұл менің журналистік қырымды аша түскенін жасырмаймын. Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттары І-ІІ съездеріне, КОКП-ның соңғы ХVIII съезіне Қазақ теледидарының Парламент тілшісі ретінде барып, хабар дайындадым. Бұл ол кезде журналистен өзгелермен тең сөйлесе алуыңды, бүкіл ел қарап отырған үлкен жиыннан хабарды ықшам әрі дәл беруді талап ететін. – Ғұмыр бойы жаныңды жылытып жүретін әсерлі кездесулер журналист ағайындардың бір байлығы болар, сірә. Сондай кездесулерді бүгінде еске аласыз ба? – Айтулы тұлғалармен кездесу, тілдесу, олардың сөзінен ғибрат алу журналист қана емес, кез келген адам үшін байлық деуге болады. Ал журналист жұмысында мұндай сәттер көп болатыны рас. Маған Мәскеуге КСРО халық депутаттары съезіне барғанда қалмақтың белгілі ақыны Давид Кугультиновпен тілдесудің сәті түсті. Сонда ол кісі көптің арасында тұрып сөзге байланысты жақсы ой айтты. «Қалмақтарда да тентектер болған. Бірақ баяғыда кім де болса уәжге, сөзге тоқтайтын еді. Бірде түрмеде отырған қылмыскер түрменің бастығына келіп, бала-шағамның отын-суын дайындап келейін деп сұранатын көрінеді. Түрме бастығы жібереді, әлгі қылмыскер күндіз бала-шағасының отынын түсіріп беріп, кешке түрмеге келіп жатады екен. Ауыздан шыққан сөзінде тұрды. Қазір сөздің қадірі, қасиеті кеміп бара жатқанына қынжыламын» деген еді. Біздің данышпан Абай: «адамның қасиеті екі ернінде» демей ме? Қалмақтың біртуары да осы ойды қаузап тұр. «Қазақтар мен қалмақтар соғыса-соғыса туыс болып кеткенбіз. Қазақтар жеңгенде қалмақтың сұлуларын алып кетіп батырларына үлестіретін болған, ал қалмақтар жеңгенде қазақтың сұлуларын тартып алады. Осылай туысып кеттік. Менің арғы әжем қазақтың қызы екен», деді маған қазақ журналисі едім деп сәлем бергенімде. 1975 жылы Махачкалада Қазақ теле­визиясының фестивалі өтті. Оған біз екі сағаттық бағдарлама апардық. Сол жолы авар ақыны Расул Ғамзатовпен араластым. Фестивальде Расул ағамыз сөйлеп, үлкен мен кішінің, аға мен інінің арасындағы сыйластық, сыйластық үзілмеген жерде ұрпақтар сабақтастығының үзілмейтіндігі жөнінде ой айтқаны есімде. Ол фестиваль алдында ғана Қазақстаннан келген екен. Аңқылдап, Қалтайдың үйінде қонақта болғанына дейін айтып, «Әлі Қалтайдың қалжыңдарының әсерімен жүрмін» деген еді. Қазақстаннан барған журналистерге өзінің қонақжайлылығын көрсетіп, үйіне шақырып, Фатимат жеңгейдің қолынан шай беріп, өзі ұшаққа дейін шығарып салды. Менің журналистік өмірімде мұндай кездесулер жиі ұшырасты. – Қажы аға, осы әңгімені «журналист бақыты не?» деген сауалмен түйіндесек. – Қызмет еткен жылдары біз, тележурналистер, Қазақ теледидарының беделімен жүрдік. Қазір кейіпкерлерімнің сый-құр­­­­ме­тіне бөленгенімді сезініп отырамын. Ауыл­ға барсам да, қалада жүрсем де «Мен сіздің кейіпкеріңіз болған едім», деп сәлем беріп, танып жатады. Менің бақы­тым – кейіпкерлерімнің құрметі. Демек, уақы­тысында адамдар туралы жандүниеммен жасаған еңбегімнің қайтарымы деп білемін. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».