Аймақтар • 13 Қаңтар, 2022

Қолдан құрастырған трактор

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының 62 жастағы тұрғыны Асылбек Есмағамбетов үйдегі шаруасының біразын әртүрлі техниканың бөлшектерінен өз қолымен құрастырып алған трактордың көмегімен тындырады. Шағын тракторға қуаты 13 ат күшіне тең қытайлық Lifan көлігінің қозғалтқышы қондырылған. Ауланың қарын күреп, шағын тіркемеге жүк тиеп тасуға осы шағын мотордың өзі-ақ жетіп жатыр.

Қолдан құрастырған трактор

Кәсібі механик болған­дықтан, темірдің тілін жақсы білетін әуесқой өнертапқыш үй шаруасына жарайтын шағын трактор құрастырып алуды бұрыннан ойластырып жүрсе де, бұл ойын жүзеге асыруды осыдан бес ай бұрын ғана іске асыра бастаған. Ең әуелі күш агрегаттары қажет болды. Белдеме мен трансмиссиялық жүйенің жаңасын сатып алу аса қымбатқа түседі. Асылбек Есмағамбетов бұл бөлшектерді металл сынығын қабылдайтын орындардан іздеп тапқанын айтады.

– Қажет бөлшектерді іздеп табу үшін біраз тер төгуге тура келді. Бірде металл қабылдау пункт­терін аралап жүріп кеңес заманынан қалған ауыр жүк көтеретін ескі кардың бөл­шектерін көріп қалдым. Оның белдемесі мен аммортизаторлары ғана жарамды болып шықты. Соның өзін қайта жарату үшін көп еңбектендім. Трактордың қаңқасын агрегаттарға лайық­тап шағындап қана жасадым. Ал басқару жүйесін әй­гілі Mercedes көлігінің руль тарт­қышы мен «Москвичтің» басқару бағанасынан жасадым. Басты мақсатым шағын ғана бюджеттік трактор жасау болды. Оның сыртқы әдемілігіне аса мән берген жоқпын, парадқа айдап шықпаймын ғой, ауладағы шаруаны тындырып алсам да жарап жатыр, – дейді А. Есмағамбетов.

Асекеңнің трактор құрас­тыру барысында қолда бар дүние­сін қиюластырып, жоқтан жонып бар жасағаны көрініп тұр. Мысалы, жылдамдық ауыстыратын төрт сатылы қорап бұрын ескі «Газ-51» көлігінде тұрыпты. Ажыратқышты қол­дан жасауға тура келген. Теже­гіш жүйесі де қырық жылғы қызыл комбайннан алынған.

– Бастан-аяқ құрастырып шығуға төрт ай уақыт кетті. Қолым босай қалса болды, осы­­мен алданамын. Кейде күйеу балам мен інілерім ке­ліп кө­мектесті. Өйткені жал­ғыз адам­ға кейбір ауыр бөл­шектерді орнына қойып, бекіту қиынға соғады, – деді өнертапқыш.

Трактордың тұмсығына ше­бердің өзі жасаған ені бір метр­ден сәл ғана асатын қыс­­та қар ар­шуға қо­лай­лы кү­рек тіркеліпті. Көк­­тем­де кү­ректің орнына соқа тір­келіп, шағын трактор бақ­­шада жер жыртуға пай­да­ла­ны­лады. Қа­жет болған жағ­дайда телешкі тір­кеп, жүк та­суға да болады.

 

Қостанай облысы