Аймақтар • 13 Қаңтар, 2022

Шымкент әкіміне Президент тапсырмаларын орындау барысы баяндалды

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен жиналыста Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын сақтау бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкент әкіміне Президент тапсырмаларын орындау барысы баяндалды

Жиналыс онлайн форматта өтті.

Қала әкімі әрбір берілген тапсырманы жүзеге асыру мақсатында жұмыс жоспары мен жүйелі индикаторлар әзірленіп, сапалы әрі барынша жылдам орындалу қажеттігін айтты.

Еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыру бағытында өңірде атқарылатын жұмыстар туралы басқарма басшылары баяндады. Алдымен экономика басқармасының басшысы жаппай тәртіпсіздік кезіндегі қираған ғимараттар мен мүліктерді жедел қалпына келтіру, экономиканы әртараптандыру, халық табысын арттыру, инфляция деңгейін төмендету мәселесін қозғады.

Жиын барысында қала бюджетінің кіріс жоспарын арттыру, жекешелендіру жұмыстары жөнінде қаржы басқармасы баяндама жасаса, кәсіпкерлік саласын өркендету, индустриалды-инновациялық, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері туралы Кәсіпкерлік және индустриалды, инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары тарқатып айтып берді.

Мегаполисте ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын дамытуға зор мүмкіндіктердің барын айтқан қала әкімі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар есебін тыңдады.

Сонымен бірге, жиында техникалық мамандықтарға басымдық беріп, инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіру, жұмыссыздық, азаматтық институттардың қызметін жүйелендіру, коронавирустың таралуына жол бермеу мәселелері де күн тәртібіне қойылды.

Жиынды қорытындылай келе, шаһар басшысы басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Олар:

  • Шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің ашық және барынша тиімді механизмін әзірлеу бойынша ұсыныс енгізу;
  • Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін әзірлеу;
  • Көктемгі дала жұмыстарына қажетті агрегаттармен, тұқыммен, тыңайтқышпен қамтамасыз етіп, егін егу науқаны қатаң бақылауға алу;
  • Субсидиялаудың қол жетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету;
  • Азық-түлік тапшылығының мәселесін түбегейлі шешіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру жұмыстарын жүргізу;
  • Білім беру ұйымдарындағы кадр тапшылығын жою;
  • «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастырып, олардың одан әрі тұрақты жұмыспен қамтылуын бақылауға алу;
  • Коронавирус инфекциясының алдын алу, емдеу шараларын тиімді ұйымдастырып, жағдайды қатаң бақылауға алу.

а