12 Мамыр, 2010

ХАТ ҚОРЖЫН

550 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ОҚЫРМАН ... АЛҒЫС АЙТАДЫ НҰР ЖАУСЫН! Мен тоғыз баланың ана­сы­мын. Көптен бері сусамыр сыр­қатына шалдыққан едім. Оның үстіне осыдан он жыл бұрын жол апатына түсіп, ес-түссіз жат­қаным бар. Әйтеуір,  дәрі­гер­лердің жанкештілігінің арқасында қатарға қосылып едім. Қазір екінші топтағы мүгедекпін. Әлсін-әлсін тексеруден өтіп жүремін. Сонда маған Астана қаласы трав­мо­тология институтының ұжымы көрсеткен елгезектіктің шегі жоқ екенін сезініп жүрмін. Оларға деген аналық ақ алғысымды жау­ды­рамын.  Бұған қоса, Сарысу аудан­дық ауруханасының бас дәрі­гері С.Бегиев бастаған К.Таң­болатқызы мен А.Қырғызбаеваға, К.Әжібеков пен К.Саховаға, т. б. медицина қызметкерлеріне Ал­ланың нұры жаусын деп ақ батамды беремін. Өзіміз сүйіп оқитын “Егемен Қазақстанда” менің тілегім тектес ыстық лебіздер жиі жарияланып жататынына куәміз. Мұны хош көреміз. Жиілеп кетті демей, га­зетте осындай ақ алғыстарға орын үнемі берілгені жөн. Атам қазақ: “Жауынмен жер көгереді, ал­ғыс­пен ел көгереді”,– деп бекерден-бекер айтпаған ғой, балаларым! Ділдаш ТӨЛЕКЕЕВА, ІІ топтағы мүгедек ана. Жамбыл облысы, Жаңатас қаласы. ... ТІЛЕГІН ЖЕТКІЗЕДІ “БАЛДӘУРЕННІҢ” БАЛ ҚЫЗЫҒЫ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен бой түзеген “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып қайтқан соң, қатты толқып қолыма қалам алып отырмын. Ол Көкшетаудың бір көрікті мүйісі – Шортан көлінің  жағасына орналасқан екен. Онда балалар демалуына барлық жағдай жасалған. Балалар тек демалып қана қоймай, білім алып, қызықты трейнингтер мен концерттерге, спорттық ойындар мен үйірмелерге  қатысып, өздерін жан-жақты жетілдіре алады. Қаншама достар таптым десеңізші, бұл жерден. Еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, Қытай, Ұлыбритания, Венгрия, Франция, т.б. шетел мемлекеттерінен демалуға келген құрбыларымның кейбіреуімен етене танысып, жақындасып кеттім. Мен өз елім үшін мақтанатын отансүйгішпін. Оларға туған Отанымның кешегісі мен бүгінгісі туралы айтып беруге тырыстым. Сондай сырласу барысында: “Біздің Қазақстанның балалары шексіз бақытты, ертеңіне сеніммен қарайды. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлындай атамыз біліміміз бен тәрбиемізге жақсы жағдай туғызып отыр”,– деп өзімнің ризашылығымды қоса білдіремін. Шынында да Қазақстанның балалары бақытты ғой. Талшын ҚАНАТОВА, Ақши ауылындағы С. Сейфуллин  атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы. Алматы облысы, Алакөл ауданы. ... ОЙ БӨЛІСЕДІ ТЕКСЕРУДІҢ ДЕ РЕТІ БАР Біздің ауданның мектептерінде ана бір жылдары, тіпті былтыр да  жоғары жақтардан тексерушілер жиілеп, дегбірімізді алушы еді. Жай бір домалақ арыз ізімен де келіп, жағалай сұрау салып, олары оқу-тәрбие барысының күрт нашарлауына әкеліп соқтыратын. Мұндай келеңсіздіктер соңғы кезде тыйыла бастады. Ауданның заң қорғау органдарының жіті араласуымен ондай ретсіз тексерулерге тыйым салынып, қалыпты жағдай орнағанына мұғалімдер ұжымы ризашылық білдіруде. Әйтпесе, ата-аналардан ақша жинапты, балаларға өз жұмыстарын істеттіріпті сияқты,  т.б. қаңқу сөздерге бола мектеп іші нілдей бұзылатын. Айтайын дегенім, ретсіз тексерулерге алдағы уақытта да қатаң тыйым салынса екен. Қазіргі жағдайымызға шүкіршілік етеміз. Осындай ілгерілеушілікке бірден-бір себепкер болған “Нұр Отан” партиясына алғысымыз шексіз. Бұл партияның ел ішіндегі беделі күннен-күнге артып келе жатқаны қуантады. Ретсіз тексерулерге тежеу салуы соның бір айғағы. Келес СӘТЖАН. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы. ... ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ ӘРКІМ ЖАУАПТЫ ҚАРАСА “Егемен Қазақстан” га­зе­тінің 2010 жылғы 27 ақпан күнгі  санындағы  “Туу туралы куәлігімді  жоғалтып жіберді” деп аталатын Сандуғаш Мүслімованың мақаласы Ұйғыр ауданының әділет басқармасында талқыланды. Мақала жарық көргеннен кейін біз онымен тікелей байланыса алмай, анасымен хабарластық. Жаңа куәлік алу үшін нелер қажет екендігін түсіндірген болатынбыз. Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” Заңына сәйкес, туу туралы куәлікті  жоғалтқан жағдайда ол міндетті түрде қалпына келтіріледі. Мақала авторы жоғалған құжатын қалпына келтіру үшін  тұрғылықты жері бойынша әділет басқармасына  жолығуы тиіс еді. Әйткенмен, ол азаматша олай істемеген. Мақалада көрсетілген 25 жасқа толған кезде жеке куәлікті айырбастау үшін бұрын туу туралы куәлікті талап етпейтін. 16 жастағы жазылған формулярға сәйкес ешбір кедергісіз толтырылатын. Кез келген құжатты жасау үшін Қазақстан Респуб­ликасының  қолданыстағы  заңдарына сәйкес­тендіріп толтырылатындығын мақала авторы білуге тиісті. Оның анасының қолына қажет құжаттардың тізімі берілген, соны жинастырып тұрғылықты жеріндегі әділет басқармасына  барса, ешбір машақатсыз шешілетін мәселе еді бұл. Соны қайыра бір есіне салуды жөн көрдік. А. КЕЛМЕНБЕТОВ, Ұйғыр аудандық әділет басқармасының бастығы, Алматы облысы ... ТАЛАП ЕТЕДІ САРСАҢҒА САЛДЫ Араға біраз уақыт түссе де, кейінгі жолы сабақ болсын деген оймен мына бір жәйтті баяндағалы  отырмын. Елбасының халықпен тікелей байланысқа шыққан сәтінде Астанадан 555-777 нөміріне хабарласып, көкейкесті бір іс жайында айтқан болатынмын. Осындағы төрт-бес қарттың  Семей полигонында сарбаздар қатарында жүріп, әртүрлі атом бомбаларының сынағына қатысқанымызды, сол себепті Жеңістің 65 жылдығына орай қайта қаралып жатқан кейбір жеңілдіктерді біздің де иеленуіміз хақында нақты сұрау салған едім. Содан жауабын тиісті органдар кейін қайтарады деген соң, үміттеніп жүрген едік. Атаулы жеріне барып, біліп те жүрдік. Біріне-бірі сілтейді. Астана әкімдігіне барыңыз деген соң, ол жақты да әлденеше рет торуылдадым. Нәтиже шықпады. Менің жасым 85-те. Қыстың аязына тоңып, тайғанақтап жүруім оңайға соқпады. Бірақ жауапқа емексітіп қойған соң, дәмеленіп жүргенім рас. Әзірге аузымды қу шөппен сүртіп отырмын. Енді не істеуім керек? Мұса ШӘРІП, “Семей-Невада”  қозғалысының мүшесі. АСТАНА.