Депутаттар ішкі істер органдарына осындай талап қойып отыр
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында сыртқы барлау және ішкі істер органдары мәселелері бойынша өзгерістерді көздейтін заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындау жүзеге асты. Күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе – палата Төрағасының ұсынысымен Анар Жайылғанованы Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындау мәселесі Сенат депутаттары тарапынан қолдау тапты. Бұл ретте Анар Нұралықызының өз еңбек жолын 1991 жылы Қазақстан Ғылым академиясында кіші ғылыми қызметкерліктен бастағандығын айта кеткен жөн. Ал 2008 жылғы наурызда Конституциялық Кеңес мүшесі болып тағайындалса, биылғы тағайындауды да аталған кандидатураның жұмысына тағы да сенім білдіргендік деп түсінген жөн. Бұдан кейін заң жобалары талқыға түсті. Алдымен депутаттар назарына ұсынылған сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістерді көздейтін заң жобасы бірауыздан қабылданды. Негізгі мақсат сыртқы барлау субъектілерінің қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, сыртқы барлау субъектілерін нақтылау бойынша нормалар мен сыртқы барлау субъектілерінің мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын жақсартуға бағытталған нормалар қарастырылып отыр. Заң жобасы бойынша қысқаша түсінік бере кеткен палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков қазір бүкіл әлемде еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін оқиғалардың орын алып отырғандығына ерекше назар аудартты. Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын да талқыға салды. Заңдық құжат төрт міндетті айқындайды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күрес және әкімшілік айыппұлдарды өндіру. Бұл міндеттердің орындалуындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдары жанынан қоғамдық кеңестер мен қоғамдық байқаушылар комиссиясы да құрылған. Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мақсатында республикалық бюджеттен 6,2 миллиард теңге қарастырылғандығын да айта кеткен ләзім. Бұл қаржылар қызметкерлердің пәтер жалдауына, ІІО басшыларының, олардың орынбасарлары мен олардың отбасыларының бір жерден екінші жерге көшіп баруына, төтенше жағдайларда қосымша төлем жасауға, т.б. шығындарға жұмсалмақ. Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ермек Жұмабаев ілеспе заң жобасында жарақаттаушы қаруды азаматтық айналымнан алу және оны қызметтік қару қатарына ауыстыру көзделетіндігінен де хабардар ете кетті. Бұдан басқа құқық қорғау органдары қызметкерлері қызметтен босатылған кезде еңбек сіңірген күнтізбелік жылдардың санына байланысты (он жылдан аз және отыз жылдан астам) біржолғы жәрдемақы төлеу ұсынылып отыр. Сондай-ақ, депутат әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен босатылған офицерлік құрамның қызметкерлеріне (әскери қызметшілеріне) жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеумен қатар, қызметтен босатылған күнінен бастап бір жыл бойы арнайы (әскери) атақ бойынша жалақылар төлеуді белгілейтін нормалар көзделетіндігін де атап кетті. Заң жобасы бойынша жарыссөзге шыққан депутат Қ.Айтаханов қазіргі өзгермелі заманда ішкі істер органдарының жұмысындағы өзгерістердің аздығына назар аударта сөйледі. «Олардың жұмысында дөрекілік, адам тағдырына деген немқұрайдылық, адамдар құқын қорғауды қамтамасыз ету емес, қайта шектеуге жақын іс-қимылдар көптеп кездеседі. Бұл полиция қызметкерлеріне деген қоғам мен халық сенімін төмендетеді», деді Қуаныш Айтаханұлы. Өткен жылы ішкі істер органдарында жүргізілген аттестаттаудан 12 мыңнан астам қызметкердің немесе 17 пайызының өте алмауы біраз нәрсені аңғартады, деген сенатор қазіргі таңда еліміз дүние жүзі бойынша полиция қызметкері саны жағынан әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда алтыншы орында тұрғанымызды да қаперге салды. Ел ішінде әрбір 100 мың тұрғынға 444 полиция қызметкері келетін болса, Оңтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 185-ке немесе 2,4 есеге аз. Депутаттың мәліметіне қарағанда, облыста бір полиция учаскелік инспекторы 3517 адамға қызмет жасайды. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есеге жоғары. Сондықтан министрлік осы мәселелерді қаперіне алғаны дұрыс. Осылайша, талқыға түскен негізгі заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілсе, ал ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жалпы, депутаттар саннан сапаға өтетін кез жетті деп санайды. Тұрғындармен кездесулер өткізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы полиция жұмысын насихаттау, олар туралы жағымды фильмдер түсіру және кітаптар шығару сияқты ойлар соңғы кезде жиі айтылып қалып жүр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16