Экономика • 13 Қаңтар, 2022

Бизнестің шығынын кім өтейді?

473 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Парламент Мәжілісінде жасаған мәлімдемесінде азаматтармен қатар, бизнеске де қолдау көрсететінін, қираған дүниені қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру керектігін атап өтті. Расымен еліміздегі жағдайға байланысты бизнес те шығынға батты. 12 қаңтардағы жағдай бойынша бизнеске келтірілген шығын көлемі 103,7 млрд теңгеден асты. Оның 102,2 млрд теңгесі – Алматының үлесінде. Ал осы миллиардтаған шығын көлемі қалай өтелмек? Мемлекеттің оған қауқары жете ме?

 

Бизнестің шығынын  кім өтейді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қалада 1 мың­нан аса кәсіпкерлік нысаны зар­­дап шеккенін айтады. Тек «Москва» сау­да орталығында 180 сауда нүктесі тоналған. Нақтыла­сақ, Магнум Cash and Carry – 10 млрд теңге, «Технодом оператор» – 8 млрд теңге, «Скиф трейд» ЖШС –

6 млрд теңге, «Арена S-Sulpak» – 5,14 млрд теңге, «Белый ветер» 3,25 млрд теңге зардап шеккен. Кәсіпкерлер палатасының өкілі бұл шығын көлемі алдағы уақытта өсе беретінін айтып отыр.

Қазақстан – әлеуметтік бағыт­қа басымдық берген ел. Мұн­дай қысылтаяң кезде зиян шек­кен­дердің бәрі ең алдымен мемле­кет­тің көмегіне арқа сүйейтіні қалып­ты жағдай. Осыған дейінгі төтенше жағ­дайларда түрлі деңгейдегі қо­ғам­дық қорлар мен қаржы, кә­сіп­керлік субъектілері экономика­ны қалпына келтіруге атсалысты. Бі­рер күн бұрын Алматы кәсіп­кер­лер палатасы өңірлік кеңесінің төр­­ағасы Максим Барышев «Күші­міз бірлікте» қорын құрды. Ол кә­сіп­­керлер тарапынан көмек келіп жат­қанын, әрбір қаржының қа­жет­ті тетіктерге жұмсалатынын айтты.

Дегенмен кәсіпкерлер тарапы­нан көрсетіліп жатқан демеу жыр­тыққа жамау бола алмайтыны белгілі. 2015 жылы Алматыда «Адем» сауда үйі өртенген кезде кәсіпкерлердің басым көпшілігінің сақтандыру мәселесінен үлкен шу шыққаны, көбі сақтандыру жарналарын ала алмағанын ел ұмыта қойған жоқ. Соңында Алматыдағы кейбір сауда үйлерінің басшылары барлық келтірілген шығынды өздері көтеретінін, жанып кеткен жиһаздардың да құнын өтеп беретінін айтқан. Көп көңілінде «сол жағдай тағы да қайталанып, соңы сиырқұйымшақтанып кетпей ме?» деген күмән бар.

Осы ретте тәуелсіз сарапшы­лардың «Алматыдағы ірі сауда үйлері сақтандыру компанияларымен келісімшартқа отырған ба?» деп алаңдауына себеп бар. А.Қошмамбетов қазір шығын көлемі зерттеліп жатқанын айтады. Яғни сауда үйлерінің бас­шылары мен кәсіпкерлер ара­сын­дағы келісім – екі тарап арасын­дағы мәселе. Бұл арада кәсіп­­керлер немесе сауда үйі бас­­шы­лары сақтандыру ком­па­ния­­ларымен қандай шартпен ке­лісімге отырғаны маңызды. Ком­­пания тарапынан шығынды өтеу де соған қарап шешіледі. Оған үшінші тараптың араласуға құқы жоқ. Демек, осы ретте «сау­­да үйлерінің басшылары кә­сіп­­кер­лерге сақтандыру ком­па­нияларымен келісімшартқа оты­ру­ға жағдай жасаған ба?» деген мәселе шығады. Мысалы, кәсіпкер Махамбет Асабаев бизнес өкілдерінің жергілікті компания­лармен келісімшарт жүргізуін оңтайландыру қажеттігін жеткізді. Осы мәселені жедел қолға алмаса, проблема шешілмейді. Қыс­қасы, сақтандыру компания­лары да, кейбір бизнес өкілдері де сақ­тандыруға құлықты емес. Сақ­тандыру саласының нарық жолымен дамуына жанама әсер етіп отырған факторлардың бірі – осы.

Алдағы қауіп-қатерден сақ­тануға аса көңіл бөле қоймай­тын ағайынға бұл да ащы сабақ болғалы тұр. Қысқасы, бұл жолы да негізгі салмақ Ұлттық қор мен республикалық, аймақтық бюджетке түсетіні белгілі болды. Сақ­тандыру қызметін тұтыну үшін халықтың әл-ауқаты да жоғары болуға тиіс. Қаржыгерлер Батыста сақтандыру қызметімен халықтың 90-95 пайызы қамтылса, бізде 37 пайыз төңірегінде екенін және халық табысының аздығы да сектор аясын тарылтып тұрғанын айтады. Демек, бұл тұста қаржылық сауаттылықтың төмендігі ғана емес, халықтың әлеуметтік жағ­дайы да дамуға қолбайлау деген пікір қазіргі жағдайды ақтай алмайды. Алматыда тоналды деген сауда үйлерінің қожайындары тиын санап жүрген қаражаяу адам емес екені белгілі. Бұл мәселе – ал­дағы уақытта мемлекеттік дең­гейде көтерілетін тақырып.

Тәуелсіз сарапшы Расул Жұма­лы­ның айтқанына ден қойсақ, қол­даныстағы сақтандыру туралы заңнамаларда кемшілік жоқ. Қазақстанда жұмыс істеп тұрған компаниялардың барлығы дерлік – «Қазақстан Республикасының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының» қатысушысы. Бұл дегеніңіз – жарнаңыз мемлекет тарапынан сақтандырылады дегенді білдіреді. Мәселе соның орындалуында. Елдегі заңнама халықтың жағдайынан екі қадам алға немесе бір қадам кейін қалды деуге болады. Заңда көрсетілген баптарды іске асыруға халықтың қалтасы көтермейді. Ал ірі компаниялар да, шетелдік компаниялар да ел­дегі сақтандыру компанияларымен жұмыс істеуге құлықты емес. Оларды міндеттеуге Үкіметтің де құқы жоқ. Шағын және орта бизнес өкілдері арасында бизнесін сақтандыруға құлық танытқандар аз. Келісімге келгендері ең төмен­гі деңгейдегі жарналар­мен сақ­тан­дырылады. Бұл келісім­мен төтен­ше жағдайларда «шығын­­ды 100 пайыз өндіріп бер» деп талап ету мүмкін емес. Мемле­кет­тің сақ­тандыру саласын оңтайлан­дыру­ға бағытталған әрекеті саланы әр­тараптандырып, халықтың бетін бері бұра алмады, ірі бизнес қазақстандық компанияларға мойын бұрмады. Ал қарапайым халықтың өзіне тиесілі мүлкін немесе бизнесін тиісті деңгейде сақтандыруға қалтасы көтермейді. Ел арасында мүлкін сақтандыру емес, «Құдай сақтасын» деген түсінік басым. Бізде сақтандыру түсінігі жалпы халықтық деңгейге көтерілгенде ғана саланың күре тамырына қан жүгірмек.

Осы ретте сарапшы назар аудар­масқа болмайтын келесі жағ­дайды да қаперге салды. Елі­міз көлеңкелі экономиканың құр­сауы­нан әлі де шыға алмай отыр. Тіпті бірер жыл бұрын ҚХР және басқа да елдермен сауда-сат­тық­­тың ресми көрсеткіші мен нақты жағдайдағы көрсеткішінде ал­шақ­тық бары мемлекеттік дең­гейде айтылған. Қазір бизнеске келген шығынның 70-80 пайы­зы алып-сатумен айналысатын кәсіп иелерінікі. Бұл жағдай да сақ­тандыру компаниялары ара­сындағы келісімшарттардың заң бойынша жүргізілуін қиындатып жіберуі әбден мүмкін.

«Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев тұңғыш рет олиголопия туралы ескертіп, «эконо­мика – достар мен туыстарға, қал­ғанына – бұйырғаны» деген түсі­нік­­тің келмеске кеткенін ашып ай­тып тұр. Сақтандыру саласы­ның дамуына кедергі келтіріп отыр­ған фактордың бірі де осы. Ал­­дағы уақыт­та халықтың табысын көтеру­ді экономиканы оли­го­ло­­пия­­ны құрсауынан шығару­мен қатар жүр­гізу керек» дейді Р.Жұмалы.

Қаржыгер Ғалым Байназаров қалай десек те елде сақтандыру саласы мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын айтады. Дамы­ған елдерде сақтандыру саласы мем­лекеттің бақылауында екенін айтқан қаржыгер елімізде де бұл саланы мемлекеттің бақы­лауы­­на алғаны дұрыс екенін, бұл оның жұмысын шектемейтінін, кері­­сінше тынысын ашатынын жет­кізді. Үкімет тарапынан орта­лық­тан­дырылған бақы­лау­дың болмауы салдарынан көптеген ірі компания жергілікті компанияларға сақтандырылса да шетелдік компаниялармен келісімге отырып, қайта сақтандыруды жөн көреді екен. Бұл фактор да жергілікті ком­паниялардың сақтандыру жарнасы көлемінің халықаралық дең­гейге сай болуына, құлашты кеңге жайып жұмыс жүргізуіне кері әсерін тигізеді. Жұмысқа кіріс­кен жаңа Үкімет құрамы осы мәсе­леге назар аудармаса, қателік қайталана береді. Қаржыгер атап өткендей, елімізде сақтандыру саласын дамытуға толық мүмкіндік бар. 2021 жылдың алғашқы тоқ­санындағы жағдай бойынша осы саладағы нарық активтері соңғы үш жылда 76 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайызын құрайды. Бұл – үлкен күш. Мемлекеттік компания нарықтағы ұсақ компанияларды жұтып қояды деп қауіптенуге себеп жоқ. Қаржы жүйесі барынша таза болса, ішкі нарықтағы барлық компанияға орын бар.

«Дамыған елдердің сақтандыру нарығына назар аударайық. Бізге қолайлысы, мемлекеттік сақ­тан­дыру компаниясын ашатын кез келді деп ойлаймын. Мем­лекет­тің иелігіндегі компания болса, жемқорлықтың құрсауында қала­ды деген қауіпті жаңа Үкімет құра­мы өткен күннің еншісінде қалды­рады деп үміттенемін. Төтенше жағдайларда Ұлттық қордың жүгін тек сақтандыру компаниялары ғана жеңілдете алады», деп түйіндеді Ғ.Байназаров.