Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы ішкі істер органдарының қызметін жаңа тұрпатта қалыптастыру міндеттерін қойды. Басты өлшем – жұмыстың түпкі нәтижесімен бағаланады. Жолдау қағидаттарын түсіндіру және насихаттау жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат тобын басқарып келген Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов департаменттің жеке құрамымен өткізілген кеңесте біздің алдымызға тұжырымды тапсырмалар қойды. Осыған сәйкес, облыс аумағында қылмыстың жолын кесу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету бағытында соны серпін танытатын боламыз.
Талдамалы мәліметтерге жүгінсек, тіркелген қылмыстардың ашылу деңгейі 78,8 пайызға көтерілді. Онымен қоса, бұрынғы жылдардың қалтарысында қалған 135 қылмыс ашылып, тергеу және сот орындарынан бой тасалап жүрген 290 қылмыскер құрықталды және хабар-ошарсыз кеткен 154 адам табылды. Өткен жылы тергеу өндірісінде 7900-ға жуық қылмыстық іс болса, оның 5 мыңға жуығы соттың қарауына жолданды. Яғни, өндіріске алынған істердің сапалы әрі мерзімінде тергелуіне қол жеткізілді деген сөз.
Бір мысал келтіре кетейін. Көкшетау қаласындағы 8 жасар бүлдіршіннің өлімі жұртшылықты қатты алаңдатып еді. Кәнігі қылмыскерді құрықтауға көп күш-жігер жұмсалып, кәсіптік шеберлігіміз сынға түсті. Ақыры, ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Облысымыз ауыл шаруашылықты өңір болғандықтан орын алатын қылмыстардың сипаты да осыған сәйкес келеді. Олардың бірі – мал ұрлығы. Жалпы алғанда, мұндай қылмыстардың саны едәуір кемігенімен, бұл мәселе күн тәртібінен түспек емес. Сондықтан, жергілікті басшылармен, шаруа қожалықтарымен және ең бастысы, ауыл тұрғындарымен бірлескен шараларға ерекше назар аударудамыз. Ұрлықтың жолын кесу мақсатында ен-таңба салу, құжаттандыру мәселесіне, малдарды қараусыз қалдырмауға, бақташылармен келісім-шарт жасасуға айрықша мән берудеміз.
Осы жылы Зеренді аудандық соты ірі көлемде жылқы ұрлаған Қоныспай ауылының тұрғыны Қ. деген азаматты 9 жылға бас еркінен айыруға үкім шығарды. Барымташыны қолға түсіру оңайға түспегенін айту қажет. Із кесушілеріміз оны Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен іргелес таулы аудандарында жасырынып жүрген жерінен ұстады. Тергеу барысында, баукеспенің соңғы екі жылда табыннан 150 бас малды қолды қылғаны анықталды. Бір өкініштісі, мал иелері осыған дейін дабыл қақпаған.
Есірткі заттарын сақтау, оны тарату және саудалауға қатысты 393 қылмыс әшкереленсе, мұнан басқа 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, айыпкерлер жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 300 килоға жуық апиын тәркіленіп, жойылды. Біз қылмыстарды әшкерелеп қана қоймай, алдын алу шараларын өткізуге ынталы болып отырмыз. Әсіресе, жастарды саламатты өмірге тәрбиелеу мақсатында мүдделі мекемелермен бірлесіп жоғары, арнайы орта оқу орындарында, еңбек ұжымдарында түрлі акциялар, семинарлар, лекциялар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, спорттық және мәдени шаралар өткізілуде. Зиянды әдеттен аулақ болуға үндейтін көрнекіліктер, әдебиеттер, ғылыми-танымдық бейнероликтер дайындалып, жұртшылық назарына ұсынылуда.
Қоғамның тірегі – тәртіп. Ендеше, оны қамтамасыз етуге тиісті кешенді күштерді, озық әдіс-тәсілдер мен техникалық құрылғыларды нығайта түсу қажет. Осыған орай, облыс орталығындағы патрульдік полиция қызметіне 148 штаттық бірлік қосымша беріліп отыр. Қалалар мен аудан орталықтарында “Арлан”, “Сақшы” экипаждары қырағылық танытуда. Мақсат – қызмет көрсету аумағын кеңейту арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға, қылмыстардың ізі суымай ашылуына мүмкіндік тудыру. Біз, сондай-ақ, Көкшетау қаласында полицияның “Квадрат” деп аталатын жаңа жұмыс әдісін қолға алдық. Осыған байланысты, жергілікті әскери бөлімшенің жауынгерлері, ІІД аппаратының жедел қызметке жатпайтын қызметкерлері, мемлекеттік күзет қызметі басқарамасының және жеке меншік күзет фирмаларының өкілдері де кезекшілікке шығуда. Аталған тәжірибенің қайтарымы ретінде көше қылмысының күрт кемігенін айтуға болады.
Департаментімізде осыдан үш жыл бұрын жедел басқару орталығы іске қосылған болатын. Ал, бүгіндері көшелер мен қоғамдық орындарда бейнебақылау құралдары көптеп орнатылды. Осының арқасында қаланың шеткері аймақтары да бақылауда ұсталып, оқиға орнына жедел жетуге мүмкіндік туды. Мәселен, осындай қырағы “көздердің” арқасында жүздеген құқық бұзушылықтың, 343 ауыр қылмыстың жолы кесіліп, 23 жол-көлік оқиғасын әшкереледік. Жуырда, орталық базар аумағында кәсіпкердің көлігіне оқ атылып, жарақат алғаны, қарақшылар 3,5 миллион теңге ақшасын ұрлағаны жөнінде хабар тарады. Шындығында, кәсіпкер қарызын жасыру мақсатында қитұрқылықты өзі ұйымдастырған. Қылмыстық әрекет жедел басқару орталығының экрандарында тайға таңба басқандай көрініп тұрды.
Ел тыныштығын сақтауда қоғамдық құрылымдардың ықпалы орасан. Ерікті халық жасақшыларына қатысты үрдіс қайтадан жаңғыртылды. Бүгінде облыс аумағында осындай 250 құрылым болса, олардың қатарында 1500-дей ерікті белсенділік танытуда. Әсіресе, елді мекендердегі “Сарбаздар” тобының, Бурабай ауданының Обалы ауылындағы ақсақалдар кеңесінің, Щучье қаласындағы индустриалды-педагогикалық колледжіндегі жастар жасағының, тағы басқа өзін-өзі басқару құрылымдарының жұмысы басқаларға үлгі боларлықтай. Ал, облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов, А.Мырзахметов атындағы университеттер, “Арна” және медициналық колледж сияқты бірқатар оқу орындарының студенттері биыл жедел отрядтарға бірікті. Мұндай құрамалар тек көшелерде ғана емес, жастардың ойын-сауық орындарындағы, жатақханалардағы, оқу орындарындағы тәртіпті қадағалауға ынталы болып отыр.
Қоғамдық тәртіпті нығайтуда жаңадан құрылған консьержілер институтының орны бөлек. Полицияның, нақтырақ айтқанда, учаскелік инспекторлардың сенімді көмекшілеріне айналған олар өздері тұратын көп қабатты үйлердің ауласындағы, дәліздеріндегі тәртіптің сақталуын қадағалаумен қатар, жұмысымыздың жеделдігін қамтамасыз етуге септесуде. Қоғамдық көмекшілердің қатысуымен 280-нен астам қылмыс әшкереленіп, 1707 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Тәртіп күзетінде көзге түскен 618 азаматқа 3 миллион 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді.
Ерікті тәртіп сақшыларының бір тобын жеке құрам алдында қошеметтеп, марапаттадық. Олардың қатарында облысымыздың ауыл аймақтарынан келген Байдалы Бозымбаев, Қазыбек Зәкенов, Олег Титаренко, Кенжебай Матжановтар бар. Сандықтау ауданындағы Каменка ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы О.Титаренко жергілікті учаскелік инспектормен бірлесіп талай игі істердің ұйытқысы болды. Ол ауыл жастарын белсенділікке шақыра отырып, бірнеше ұрлықтың ашылуына ықпал жасады. Ал, зеренділік Байдалы Бозымбаев ауыл жастарын атқа қондырып, ара-тұра кездесетін келеңсіздіктердің жолын кесуде. Олардың ұсынысымен көпшілік талқысына түскендер енді қайтып заң бұзушылыққа жоламасы анық.
Жалпы, қылмыс атаулымен күресте жұмыстың ашықтығы, қоғамдық күштермен тығыз байланыс өзара сенім қалыптастырып, тиісті нәтижелерге бастайды. Билік тарапынан жасалып жатқан көмекке де ризамыз. Өткен жылы жаңа 60 автокөлік пен қар үстінде жүретін 2 ұшқыр шана алсақ, қала көшелеріне қосымша 8 бейнебақылау орнатуға қаржы бөлінді. Сонымен бірге аудандық бөлімдермен шұғыл байланысты қамтамасыз етуде заманауи ІP байланыс жүйесі енгізілді. Мұның тиісті қайтарымы болатындығы сөзсіз.
Тілеген МӘТКЕНОВ, Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі.
Ақмола облысы.