Аудан әкімі Марат Тоғжановтың айтуынша, табиғи газ игілігін көретін аудан тұрғындарының үлесі 99,5 пайызға жетпек.
Айта кетейік, қаңтардың 13-і күні табиғи газға қосылған Павлов пен Горбунов ауылдары – Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округіне қарасты шағын ғана елді мекендер. Горбуновта небәрі 36 үй, 123 адам тұрса, Павлов ауылындағы 52 отбасында 168 адам бар. Өңірдегі барлық ірі елді мекендер, округ орталықтары табиғи газ игілігін ертеден-ақ көріп отырса, енді, міне, кезек алақандай ауылдарға да жетті.
– Ел үкіметі халықтың тұрмысын жақсарту, үй тұрмысындағы ең басты қажеттіліктерді қанағаттандыру мәселесіне барынша көңіл бөліп келеді. 2021 жылы ауылдарды таза ауыз су, жол және газбен қамту сияқты жұмыстарды ойдағыдай атқардық. Бәйтерек ауданында 68 елді мекен бар. Осы кезге дейін соның 51-інде ғана газ болды. 2021 жылы тағы сегіз ауылға газ тартуды бастадық. Биыл аудан халқының 99,5 пайызы газбен қамтылады, – деді аудан басшысы Марат Тоғжанов Павлов ауылында өткен салтанатты жиында.
Аталған ауыл тұрғындары табиғи газ игілігін көптен бері талап етіп жүретін. Әрине, газ, су құбырлары әуелі халық саны көп, ірі елді мекендерге тартылады. Облыс орталығынан небәрі 30 шақырым жерде орналасса да, шағын ауылдың өз кезегін күтіп қалғаны сондықтан. Ұзақ жылғы мәселе түйіні өткен жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы арқасында шешіліпті.
Ауылға газ келген мерекелі жиында көпбалалы ана Саражан Есмұханбетова, ауыл тұрғыны Аманбай Аяпов сөз алып, елге жасалған қамқорлық үшін ел ағаларына алғыс айтып, ауылдастарын қуанышымен құттықтады.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Махамбет ауылдық округі орталығында кәсіпкерлердің қолдауымен 75 орындық балабақша ашылғалы жатыр екен. Жергілікті демеушілер бос ғимаратты жабдықтап, ауыл балғындарына сыйға тартуда.
Айта кетейік, округте мал шаруашылығымен айналысатын, сүт, ет өндіретін бизнес құрылымдар аз емес. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер А.Аманғалиев өз меншігіндегі ғимаратты мемлекет теңгеріміне өткізген болатын. Ол ғимарат 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, кітапхана ретінде халықтың пайдалануына берілді.