Тарих • 17 Қаңтар, 2022

Фатима ханымның көйлегі

796 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы елорда төрінде «Бөкей Ордасы – ел мұрасы» атты көрме ұйымдастырды. Көрме экспозициясына музей-қорық қорында сақтаулы тұрған 17 мың экспонаттан іріктеп алынған 120 жәдігер әкелінді. Соның бірі – Жәңгір ханның үшінші әйелі Фатима ханымның алтын зерлі бал көйлегінің дәлме-дәл жаңғыртпасы.

Фатима ханымның көйлегі

Аталған жәдігер иесі Фатима ханым жайлы айтар болсақ, ол Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтің қызы. Еуропаша білім алған, орысшаға жетік және неміс, француз тілдерін белгілі дәрежеде меңгерген. Сонымен қатар би, музыка қатарлы өнер саласына да өте жақын болған көрінеді. 1826 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатимамен Ресей патшасы Николай біріншінің таққа отыру рәсіміне қатысқанын тарихтан білеміз. Осы салтанатта Фатиманың білімділігі мен мәдениеттілігіне орыс интеллигенциясы, тіпті Фатиманы биге шақырған Николай патшаның өзі де, таңданып, тәнті болған. Осы оқиға жайлы: «Той-думанның бір сәтінде Еуропадан келген әулеттік атағы бар кербездер мен орыс элитасының қыпша белдерін би залының шетіне ығыстырып, Николай мен Фатима вальс­пен қалықтады», деп сипаттайды белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы «Жәңгір хан» атты тарихи кітабында. Бұл пікірді «Қазақ ханымдары» атты тарихи эссе жазған Сарбас Ақтаев та растайды. Тіпті Қазан төңкерісіне дейін Фатима ханымның портреті Кремльдің Георгиев залында ілулі тұрыпты. Жан­сыз бейненің астында: «Фатима (1809/11 ж.ш., Орынбор – 2.10.1845 Бөкей Ор­дасы)» деген анықтама болған.

Мақала басында айтылған Фатима ханымның бал көйлегі жайлы айтар болсақ, бұл көйлекті көне фото нұсқасына қарап жаңғыртқан ісмер – Алматы қаласының тұрғыны, авторлық «Зерлеу» үйінің меңгерушісі, елімізге танымал шебер Айжан Абдубайтова. Аталған музей-қорық бұл бұйымды №59 акт арқылы қабылдап алыпты. Көйлектің көркемдігіне тоқталар болсақ, бұл бұйым тұтастай көк муар матадан тігілген. Тік жағалы. Екі иығынан төмен қарай бұйралана орналасқан фонарлы бүктеме шынтақ тұсынан іркіліп, жеке-жеке ілгектенген. Көйлектің қыпша белі шығыс халықтарының шексіздік идея­сын бейнелейтін бүктемелі өрнекпен әдептеліп, асты мен үсті қызыл түспен жиектеле сырылған. Көйлектің кең етегі белден төмен қарай төгіле шеңберленген. Етек қос бүрмеленіп, үстіңгі бөлігі – шығыс мәнерлі гүлді оюмен көркемделсе, астыңғы жағы – алтын зерлі жіппен жиек­телген.

Айжан Тойшыбекқызы бұл жәді­герді төрт ай тапжылмай отырып зерлеп, 2010 жылы желтоқсан айында Хан ордасы тарихи-мәдени, архи­тек­туралық-этнографиялық музей-қоры­ғына тапсырыпты. Шебердің айтуына қарағанда, бұл жәдігердің жаңғыр­тылуына кәсіби тұрғыдан көмектескен адам, танымал музейтанушы әрі көне қазақ әйелдер киімінің білгірі Сара Есқайырқызы көрінеді. Бұл апамыз А.Абдубайтованы І Николайдың таққа отыру рәсіміне қатысқан ағылшын дипломатының патшамен вальс билеген Фатима ханымның көйлегін қолмен ұстағандай суреттеп жазып шыққан құжат­пен таныстырған. Шебер осы жаз­ба негізінде жәдігерді жаңғыртып шыққан.