Жерлестері Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ақыны Әсімхан Қосбасаровты еске алды
Тіршілікте адамдар бір-біріне жан жадыратар жақсы сөздер айтатыны анық. Дегенмен, өмірден өткеннен кейінгі халық ықыласының орны өзгеше екендігіне осы жолы көз жеткіздік. Үмбетәлі ауылының жұртшылығы мен алыс-жақыннан атбасын бұрғандар ауылдың батысындағы ұзын көшеге фин және Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдан бата алған дарынды шәкірті, марқұм Әсімхан Қосбасаровтың есімін беруді жөн көріпті. Осы шараға арналған жиынды Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев ашып, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталды.
Жасында жыр алыбы Жамбылдың 1936 жылы Мәскеуден абыроймен оралуына байланысты өткен жиында алғаш рет ортаға шығып, арнау жырын ағытқан жиырмадағы жас жігітке тыңдарман қауым ерекше тәнті болған екен. Жәкең де оның ақындық талабын құптап, аталық батасын берген. Содан кейін де өнерді өміріне серік еткен Әсекең мәдениет саласында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған еді. Кенен мен Үмбетәлі ақындарды ұстаз тұтып, соңына рухани мол мұра қалдырған жанның ауыз әдебиетінің құнды дүниелерін жинаудағы еңбегі де ерекше.
Оның зердесінде сақталған Жамбылдың бірнеше күн толассыз толғайтын дастандары арасында Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, Кескенкекілмен қағысуы, Құлмамбет пен Майкөттің дидарласуы, Қисық батыр мен Құлыншақтың, Жүсіпбек қожа мен Шүкей қыздың жұмбақ айтысы, Мәмбет пен Майкөттің сөз бәсекесі, тағы басқа көптеген жыр нұсқалары бар болатын. Халқымыздың осынау ұшан-теңіз рухани байлығы бүгінгі ұрпаққа Әсекеңнің өз нұсқасымен жетті.
Жыраулық дәстүрді берік ұстанған құймақұлақ ақын жырларынан тарихи деректерді де молынан кездестіруге болады. Көзі тірісінде Әсекең Жетісу ақындарының бірнеше легімен бірге болғанын айтатын. Осынау өлкені өлең-жырға бөлегендердің атын атап, еске алуды інілік, шәкірттік парызы санайтын. Ол Байбурыл, Бармақ, Қалқа мен Үрістембек, Әпежек пен Құрама, Кенен мен Есдәулет, Шүкітай, Сәдібек, Шолпанқұл, Мәмбет, Оспантай, Өмірзақ ақындармен, Арғынбай мен Жартыбай, Әбдіғали, Өтеп, Қарабек, Әбдіқадыр, Үмбетәлі сияқты жыр тарландарының есімін қастерлеп, асыл мұрасын бүгінгі ұрпаққа жаңғырта жеткізді.
Жақында облыс әкімінің демеушілігімен жарық көрген “Айтамын саған наз дүние” атты бұрын жарияланбаған кейбір өлең-жыр, қисса-дастандарының, айтыстарының оқырмандар қолына тигенін жиналғандар зор қуанышпен қабылдады.
Осы туралы баяндамада жан-жақты айтылды. Сондай-ақ, ұзақ жыл мәдениет саласында жемісті қызмет еткен еңбек және соғыс ардагері Әсімхан Қосбасарұлы ел басына күн туған сұрапыл жылдарда да ерен ерлігімен танылған еді. Оның кеудесінде “Ұлы Отан соғысы”, “Қызыл Жұлдыз”, ІІІ-ші дәрежелі “Даңқ” ордендері мен “Москваны қорғағаны үшін” және көптеген медальдар жарқырайтын.
Сонымен бірге ақынның әр жылдары “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Алатау аясында”, “Азамат”, “Жетісуым – жерұйығым”, “Жамбылдан алып батаны” атты кітаптары да халықтың рухани азығына айналды.
Салтанатты жиында қадірлі қонақтар атынан дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров, ақынның көзі тірісінде қадір тұтқан сыйлас інісі Тоққожа Естенов, жазушы, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, өз әулеті атынан үлкен ұлы Ешенхан Қосбасаров және басқа адамдар тебірене сөз толғап, оның биік адамгершілік қасиеттері мен ақындық жадының ерекшелігін атап айтты.
Ауылдағы қуанышта Шолаққарғалы селолық округінің әкімі Бағашар Төленді ақын тұрған көшені Әсімхан Қосбасарұлының есімімен атау туралы халық ұйғарымымен қабылданған шешімді оқыды. Содан кейін ақын атындағы көшенің көгілдір лентасы салтанатпен қиылды.
Үмбетәлі ауылының орталық алаңына жиылған жұртшылық Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, өнер саңлақтары Қаршыға Ахмедияров, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағанбетова, Фархат Ескендір, Құрманбек Әлімғазы, қобызшы Ақерке Тәжібаеваның әуелете шырқаған әндері мен күйлеріне құлақ түріп, ләззатқа бөленді. Сахнадан ақынның ауылдас шәкірттері Өмірбай Өмірзақов, Зұқай Шәрбақынұлы, Әсімхан Майлыбаев арнау жырларын оқыды. Жайсаң орта мектебінің ұжымы ақын өмірінен әзірлеген шағын сахналық қойылымын ұсынды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.