Қазақстан • 17 Қаңтар, 2022

Квазимемлекеттік сектор: Реформа – уақыт талабы

3837 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мақсат-міндеті үркердей топ үшін ұғынықты бол­ға­нымен, былайғы ха­лыққа бағыты бұлыңғыр, жұмысы жүйесіз бір сала бар. Бұл – квазимемлекеттік сектор. Оның нақты немен айналысатынын әлі күнге білмейтіндер көп. Әңгіме осы жайлы.

Квазимемлекеттік сектор: Реформа – уақыт талабы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бір апта бұрын Мәжіліс оты­рысында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектордың жұ­мы­сын қатаң сынға алды. Тіпті нақты құрылымдардың атын атап, түсін түстеп көрсетті де. Ай­талық, Президент квазимем­ле­кет­тік сектордағы ірі құрылым саналатын «Қазақстан даму банкін» мысалға келтірді.

«Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді», деді Президент.

Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырды. Айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз. Сондықтан бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек және бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы қажет.

Президент «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры қызме­тінің тиімділігіне де күмән кел­тір­ді. Бүгінде қордың активі елі­міздің ішкі жалпы өнімінің 60 па­йызына жуықтайды. Яғни аталған ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Дегенмен...

«Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қыз­меті өте қымбат консалтинг компа­нияларды және шет­ел­дік мамандарды жұмысқа тарт­­қаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміз­дің стратегиялық актив­терін бас­қару ісінде басты рөл атқара­д­ы. Сон­дықтан Үкі­метке Стра­те­­гия­­лық жоспарлау және ре­фо­р­ма­­лар агенттігімен бірле­сіп, ква­­зи­­мемлекеттік сек­тор­ды түбе­гейлі реформалау үшін ұсы­­ныстар әзірлеуді тапсыра­мын. Егер қорды реформалау мүл­дем мүмкін болмаса, ондай құ­ры­лым­ның экономикамызда болмағаны жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали­ұлының пікірінше, Пре­зи­денттің екі үлкен құры­лымға қатысты сынын олардың жұмысына берілген саяси баға деп қабылдау керек.

– «Самұрық-Қазына» қорын­да қаражат көп. Бірақ оның қай­да жұмсалып жатқаны белгі­сіз. Қарапайым халық түгілі, депутаттардың өзі бейхабар. Бұл қордың өз ішінде ғана мәлім. Біздің елдің негізгі ұлт­тық бай­лы­ғының бәрі сонда шоғыр­ланған. Сондықтан бақылауды күшейту керек. Тіпті Президент «Самұрық-Қазына» қажет пе?» деген мәселені төтесінен қойды. Бұл – қордың жұмысына берілген саяси баға. Өйткені халық шынымен наразы. Мемлекеттік ба­қы­лаудан тыс қалып қойған мұндай мәселелерді жедел шешкен абзал. Сол секілді Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкі туралы да сын айтты. Банкті пайдаланып байып жатқан адам­дардың нақты кімдер екені де белгілі. Өкінішке қарай, эконо­микамыздан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Пре­зидент нақты міндеттерді айт­ты, мәселені реттеудің жолын да нұсқады. Енді Үкімет іс­ке кірісуі керек. Депутаттарға да үлкен жауапкершілік артыл­ған. Осы орайда жұмыс бағы­тын мүл­дем өзгерту керек. Бұрын­ғы­д­ай жұмыс істеуге болмайды, – деді Б.Әбдіғалиұлы.

Қаржыгер Мұрат Темірханов «Самұрық-Қазынаны» реформаламайынша, елдегі бірде-бір реформа нәтиже бермейді деп есептейді.

– Президенттің Қазақстан даму банкін сынағаны өте орынды. «Бәйтерек» холдингі мен Қазақ­стан даму банкі мем­ле­кет­­тік жеңілдетілген кредит­тер­дің көбін жекелеген ірі ком­панияларға беріп отыр. Ал шын мәнінде мұндай компаниялар мем­лекеттен субсидия алуға тиіс емес. Соның салдарынан «Бәй­теректің» шағын және орта биз­неске кредит беру үлесі өте тө­мен. «Самұрық-Қазынаны» да нақты реформалайтын уақыт әл­де­қашан жетті. Бұған дейін би­лік қордың тиімді екенін, оның қызметі әлемдік үздік тә­жі­рибеге сай екенін айтып кел­ді. Шындығында, олай емес. «Самұрық-Қазынаны» дәл қазір реформаламайынша, елдегі бір­де-бір реформа нәтиже бермейді, – дейді М.Темірханов.

Расында да, Қазақстан даму банкінің ел экономикасындағы орны ерекше. Банктің ресми сайтын­дағы ақпаратқа сенсек, оның басты міндеті – елдің шикі­заттық емес секторын қар­жы­ландыру арқылы ұлттық эко­но­миканың тұрақты дамуына қолдау көрсету. Яғни бұл құ­ры­лым өңдеу, дайын өнім шы­ғару, тамақ өнеркәсібін де қар­жы­­ландыруы тиіс. Ал бұлар ауыл шаруашылығы саласы­мен тіке­лей байланысты. Алай­да осы күнге дейін банк қаржы­лан­дырған жобалардың ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар тым аз.

– Былтыр 20 жылдығын атап өткен банктің кейсінде ауыл шаруашылығына қатысты 20 жоба да шықпайды. Жылына бір ірі жобаны жүзеге асыру­ға болатын еді. Соған қара­ған­да, екінші деңгейлі банктер се­­кілді Қазақстан даму банкі де тамақ өнеркәсібін, жалпы ауыл шаруашылығын қаржы­лан­­­дыруды қажет деп есепте­ме­й­­тін секілді. Бәлкім, олар бұ­ған тұрақты, салмақты бизнес деп қарамайтын шығар. Шаруа­лардың бұл банкке жо­ла­мауының тағы бір себебі бар. Ол – шаруаларға қоятын талап­тарының тым жоғарылығы. Білуімше, банкке ұсынылатын жоба құны 3 млрд теңгеден төмен болмауы керек. Оның кемінде 20 пайызын кәсіпкер өз үлесінен қосуы тиіс және соған сәйкес кепілзаты болуы шарт. Пайыздық мөлшерлемесі 6-7 пайыздан кем емес. Мұның тиімсіз екенін көрген кәсіпкерлер теріс айналып жүре береді, әрине. Сондықтан Қазақстан даму банкі ауыл ша­руашылығы бағытындағы жо­баларға басымдық беріп, талаптарын қайта қарастырғаны жөн, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Аспан.

«Самұрық-Қазына», «Бәй­те­рек» секілді ірі құрылым­дар­дың негізгі міндеті елдің бай­лығын еселеу еді. Мәжіліс депу­таты Айқын Қоңыровтың пікі­рінше, бұл міндет ойдағыдай орындалған жоқ.

– Ел ішіндегі қорландыру көзі­нің тапшылығына қара­мастан, ұлттық компания­лар­дың бас­қа елдердің экономикасына ин­вес­тиция салуы немесе қар­жы­ны шетелге орналастыруы алаң­даушы­лық туғызады. Біз мұ­ны көп­тен бері айтып келеміз. Мы­сал ретінде «Бәйтерек» хол­­дингі­нің еншілес ұйымы – «QazTech Ventures» акционерлік қоға­мының стартаптарды дамыту үшін Сингапурдағы венчурлік қорлардың біріне 10 млн доллар көлемінде салым салғанын келтіруге болады. Сол секілді ел азаматтарының 250 млн доллар көлеміндегі зейнетақы жинағын Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына мәжбүрлі түрде айырбастай отырып, Әзер­байжан халықаралық банкі­нің облигацияларына тәуе­кел­мен инвестициялаудың соңы немен аяқталғанын қоғам әлі ұмыт­қан жоқ. Шетелдік жобаларға салынған инвестициялардың ашықтығы мен нәтижесін талдау, олардың тиімділігі, теріс сал­дарға әкеп соқтырған шешім қабыл­даған тұлғалардың жауап­кершілігі туралы ақпарат жоқ. Бұл қаражат ел ішінде әлдеқайда көп пайда әкелер еді. Сыртқы қарыз деңгейінің төмендеуіне, жергілікті стартаптардың және басқа да қажетті жобалардың дамуына ықпал етер еді, – дейді А.Қоңыров.

Мемлекет басшысының Мәжі­ліс­тегі баяндамасынан «Са­мұрық-Қазына» қорын реформа­лау мүлдем мүмкін болмаса, оны тарату керек деген сыңайды бай­қадық. Үлкен қорды таратқан жағдайда ел экономикасы не болмақ? Салдары қандай? Бұл сұрақты экономист Мақсат Ха­лы­ққа қойып көрдік.

– Бізде ұлттық компаниялар өте көп. Олардың еншілес ұйым­дары да жауыннан кейінгі са­ңы­рауқұлақтай қаптап жатыр. Өкінішке қарай, олардың өнім­ділігі, тиімділігі төмен. Мұндай ком­паниялардың көзін құрту керек немесе жеке секторға өткізетін уақыт келді. Экономиканы тежеп отырған ауқымды күштердің бірі – мемлекеттің мүмкіндігін пай­даланатын монополист ком­паниялардың шамадан тыс көбейіп кетуі. Бұл фактор эко­номи­каның дамуына үлкен ке­дергі келтіріп отыр. Сондықтан үлкен өзгерістер қажет.

Мәселен, кезінде «ҚазАгро» холдингіне қатысты көп сын ай­тылды. Тиісінше, оң шешім қабылданды. Холдинг «Бәйте­ректің» құрамына өтті. Енді кезек Қазақстан даму банкіне де жеткен секілді. Жалпы, мемлекет тарапынан даму институттары құрылған уақытта өнеркәсіпті дамы­туды, экономиканың нақ­ты секторын инвестициялауды, жеңілдетілген несиемен қамта­масыз етуді көздейді. Алай­да түптеп келгенде аталған құры­лым­д­ардың бәрі белгілі бір топ­тардың қарамағындағы ірі ком­панияларға ғана жұмыс істейді.

Егер Президент емеурін таныт­қандай, «Самұрық-Қазы­наны» тап қазір тарата салсақ, эко­но­мика­мыз тығырыққа тіре­ліп, түсінік­сіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Бірақ бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Өйт­кені қордың ішінде халық игі­лігі үшін жұмыс істейтін монопо­лист компаниялар да бар. Мұн­дай стратегиялық компаниялар­ды мемлекет өз үлесінде ұстап қал­ғаны жақсы. Аты да, заты да беймәлім компания­лар мем­ле­кеттік сатып алулар­ға қаты­сып, мемлекеттік бюджетке өті­нім беріп жүр. Сол арқылы мате­риал­дық-техникалық базасын соңғы стандарттарға сәйкес жасақ­тап алғандар қаншама. Ме­ніңше, бұл дұрыс емес. «Самұрық-Қазы­наның» еншілес ком­па­ния­ларының кереметтей кеңсе­лерін жасақтауға жұмсалған шы­ғынды әлеуметтік салаға бағыт­таған әлдеқайда тиімді болар еді, – дейді М.Халық.

Ашық та жабық квазимем­лекеттік секторға шынымен реформа қажет. Президент пәрмен берді. Үкімет іске кірісті. Енді нәти­жесін күтеміз.