Аймақтар • 18 Қаңтар, 2022

Солтүстік өңірі «сары» деңгейде

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай режімінен шығып, халықтың еркін тыныстағаны кеше ғана еді, енді індет бойынша мәртебесі «жасылдан» «сарыға» ауысып, қайтадан қадамдары тұсалып қалды.

Солтүстік өңірі «сары» деңгейде

Індетке шалдыққандардың жалпы саны 35 162 адамға жет­ті. Симптомы білінгендері 78 па­йыз болса, қалғанының белгілері жоқ. Соның ішінде соңғы тәуліктегі ауырғандардың саны 59 адам болып отыр. Оның 31-і Петропавл қаласынан шық­ты. Аудандар арасында науқасы белгілі болған 9 адамы бар Қызылжар ауданы көш бастау­да. Есіл, Тайынша, Шал ақын аудандарында да 4-6 адамның бойынан індет табылған.

Қазір облыста індетті анық­тау бойынша төрт зертхана жұмыс істейді. Олар жаман індет басталғаннан бері 570 мыңнан артық адамды (кейбірін екі реттен) ПТР тестілеуден өткізген.

Бүгінге дейін облыс аума­ғында 281 067 адам вакцинаның бірінші компо­нентін, 258 773 адам екінші компонентін ек­кізді. Былтыр 8 желтоқсаннан бастап ревакциналау енгізілгені белгілі. Қазір вакцинаның толық курсын алғандардың өзі үш айдан кейін ревакциналаудан өтеді. Бүгінге дейін облыста 41 693 адам қайта вакцина алды. «Файзер» вакцинасын алғандар саны – 7 232 адам, соның ішінде 5 510 жасөспірім және 1 489 бала емізетін аналар, 233 аяғы ауыр әйелдер екпе алды.

Мониторингтік топтардың жұмысы да жалғасуда. Жаңа жылдан бері олар 105 нысанды қамтыған 26 рейд өткізді. Ashyq жобасының талаптарын орындамағандарға жалпы сомасы 7 млн теңгеден асқан 168 айыппұл салынды.

Шекарадан өткен адамдарды тестілеу барысында барлығы 316 адамның бойынан індет табылды. Оның 275-і амбулаториялық емделуге жіберіліп, 41-і инфек­циялық стационарға жатқы­зылды. Ал 1 746 адам ПТР анық­тамасы болмағандықтан шекарадан өткізілмеді.

Өңір қазір төтенше жағдай­дың да «сары» деңгейінде. Бұл өңірдің қауіптен толық арыл­мағанын білдіреді. Әлі де лаңкестік қауіп тууы мүм­кін. Сондықтан 26 қаң­тарға дейін құқық қорғау орган­дары­ның жедел жұмыс­тары жал­ғастырылады. Петро­павл­­дағы және кейбір аудан орта­­лық­тарындағы маңызды мем­лекет­тік және стратегиялық ны­сан­дар қатаң күзетіледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы