Облыстың бас санитарлық дәрігері жария еткен жаңа қаулыға сәйкес, бұдан былай той-томалақтар мен форум, конференция сияқты көпшілік шараларды ұйымдастыруға тыйым салынды. Тек марқұмдардың рухына дұға бағыштап, ас беруге ғана рұқсат бар. Ashyq қосымшасы орнатылған қоғамдық тамақтану орындарында өтуі тиіс мұндай шараларға әрі кеткенде 30 адам ғана қатыса алады.
COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдаған-қабылдамағанына қарамастан, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кем дегенде 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті.
Облыстың бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаевтың айтуынша, ел ішінде ұжымдық иммунитет толық қалыптасты деуге әлі ерте.
– «Омикронның» жұғу жылдамдығы «Дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Бетпердесіз адамның қасында бес минут тұрған адамның өзі қауіпті індетті жұқтырып алуы мүмкін. Коронавирус инфекциясының басқа түрлеріндей емес, «Омикрон» 20-30 жас аралығындағы адамдарға көбірек жұғады. Соңғы кездері тұрғындардың дені қоғамдық орындарда сақтанып жүруді ұмытып, тәртіпке салғырт қарай бастады. Нәтижесінде, вирусты қайта жұқтырып алған науқастар қатары көбеюде, – деді Е.Дәулетбаев.
Сонымен қатар мектеп оқушылары 31 қаңтарға дейін, ал жоғары оқу орындары мен колледж студенттері 6 ақпанға дейін онлайн режімде оқитын болады.
Қостанай облысы