Қоғам • 18 Қаңтар, 2022

Әлеуметтің әкімдерден күтері көп

240 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округ әкімдері сайлануда. Жамбыл өңірінде де Президент тапсырмасына сай әкімдер сайлауы тағы өткен болатын.

Әлеуметтің әкімдерден күтері көп

Қазіргі кезде аудандар мен ауылдарда әлі де шешімін тап­паған мәселе көп. Халықты алаңдататын көгілдір отын, жол, ауызсу және өзге де мәселелер жеткілікті. Жергілікті тұрғындар да түрлі деңгейдегі әкімдер есеп берген сайын көкейкесті мәсе­лелерді көтереді. Шыны керек, кейбір мәселелер оң ше­шілсе, енді кейбірі «баяғы жартас –  сол жартас» күйінде қалады. Кейде әкімдердің өзі көпшілік көтерген мәселені оңынан шешіп береді. Ал кейде әкімдер мұндай жағдайларға түрлі сылтауларды айтып жатады. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұқара мен биліктің арасындағы жаңа кө­пір, тың байланыс еке­ні даусыз. Енді қолындағы мүмкіндікті қабілет-қарымына қарай пайдалану, білім-білігін жұмсай білу әкімдердің өздеріне жауап­кершілік жүктейді.

Жуырда Жамбыл облысында 53 сайлау округінде сайлау өтіп, біраз әкімдер сайлан­ды. Оның ішінде Қаратау, Шу сияқты аудандық маңызы бар қа­лалар мен ауыл, кент және ауылдық округтер де бар. Об­лыстық аумақтық сайлау ко­миссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, сайлау округтеріндегі сайлау­шылар тізіміне 189 525 азамат еніп, 160 695 сайлаушы дауыс берді. Сондай-ақ қала мен ауыл әкімі лауазымына 172 кандидат ұсынылып, барлық 53 округтің әкімдері сайланған. Бес азамат өзін өзі ұсыну арқылы жеңіске жеткен.

Жалпы, халықтың талап-тілегі қандай? Өздері сайлаған әкімдерге қандай жауапкершілік жүктейді? Ал әкімдер берген уәделерін орындап, қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, тұр­ғындардың өтініш-ұсыныс­тарын қанағаттандыра ала ма?

Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 30 601 адам тұрады. Бұл орталықтың әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы да жаман емес. Қала тұр­ғыны Арыстан Байходжаев жаңа сайланған әкім қаладағы тазалық, тұрғын үй, көшелерді жөндеу мәселелерін реттесе деген тілегін жеткізді. Мәселен, жер­гілікті тұрғындар тарапынан Қаратаудың орталығындағы қираған үйлерді қайта қалпына келтіру немесе бұзу мәселелері жиі көтеріледі. Тоқсаныншы жылдардағы құлдырау кезінде бұл үйлер иесіз, қараусыз қал­ған. Осы орайда Қаратау қаласының тізгінін жаңа қолға алған Дархан Баимбетов те ел сенімін ақтау жолында жұмыс атқа­ратынын айтты. «Қаланың тазалығына ерекше мән беру­деміз. Өткен жылы қоқыс тастайтын 16 контейнер алынса, биыл 7 кон­тейнер алу жоспарда бар. Аялда­маларды жаңғырту, ретсіз өскен талдарды кесу, саябақтарды жөндеу, бір сөзбен айтқанда, қаланы түрлендіру мақсатында жұмыстар басталып кетті. Со­нымен қатар 6 көшеге асфальт төсеу, ағымдағы жөндеу жұ­мыстарын жүргізу сияқты жұ­мыстар да жоспарда бар. Оған қажетті қаражат бөлінуде. Бұзылған үйлердің орнын тазалау да жалғасуда. Әрине, жұмыс көп. Бәрі де алдағы уақытта ретімен жүзеге асады деп ойлаймын», дейді қала әкімі.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласында да шешімін күткен мәселе көп. 50 мыңнан астам халқы бар қала тұрғындары мектептердің тозғанын жиі айтады. Мәселен, қалада бүгінде 11 мектеп бар болса, оның ішінде 9 білім ошағы ескі. Тіпті Абай атындағы мек­тептің салынғанына 93 жыл болыпты. Ғасырға жуық тарихы бар мектеп бүгінде ескірген. Қала тұрғындары мектептердегі көптеген мәселеге көңіл бөлінсе дейді. Сол сияқты «Тоғай», «Қант зауыты» шағын ауданда­рында жарық мәселесі қиын. Бұл да көпшілікті алаңдатады. Қала әкімі Ержан Естияр кейінгі кезде аталған аудандарда жасөспірімдер қылмысының артып кеткенін айтты. «Қала бюджеті шағын. Ал шешімін табуы тиіс мәселе көп. Шу қаласы кезінде жасыл, көрікті шаһар болған. Енді қаланы қайта көр­кейту мақсатында жұмыс атқарамыз. Қаланы жасылдандыру, арық жүйелерін қалпына келтіру, көппәтерлі тұрғын үй­лерге газ кіргізу сияқты жұ­мыстар жетерлік. Ең бастысы, ел сенімінің үдесінен шығу. Халықтың талабы да осы», дейді қала әкімі. Жергілікті халық болашақта Шу қаласындағы айтылған мәселелердің дені оң шешімін табады деген үмітте.

Өңірдегі аудандық маңызы бар қалалардың бүгінгі жайы осы. Екі қаланың да әкімі жуырда ғана сайланып, жұмысқа кіріскен. Алайда аудандардағы қордаланған мәселелер оңынан шешіле ме, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді. Сол сияқты ауылдарда да түрлі мәселелер бар. Әкім­дерге сенген халық келер күннен жақсылық күтуде. Сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы – 28 жастағы Сәбит Кенжеғара. Ол Т.Рысқұлов ауданы, Ақбұлақ ауылдық округіне жуырда ғана әкім болып сайланған. Аталған округтің құрамына Р.Сәбденов, Бәйтелі және Қызылшаруа елді мекендері кіреді. Мұнда да газ, су сияқты бірқатар мәселе халық назарында. Жалпы, халық бар жерде талап бар. Мәселе бар. Ал төрт жылға сайланған әкімдер сол уақыт ішінде елдің сенім үдесінен қаншалықты шыға білгенін атқарылған шаруалар көрсетеді.

 

Жамбыл облысы