Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқарады деген еді. Құқықтық реформа қылмыстық саясатты жетілдіріп қана қоймай, оны ізгілендіре түсетіні де анық. Міне, осы бағытта атқарылған жұмыс және алда тұрған міндеттер туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Самат Әшімбаев бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды.
– Самат Бағдатұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар жемқорлық кеселін төмендету үшін кешенді шаралар қабылдады. Оның қазір орындалуы қалай?
– Аталған бағдарламаның екінші кезеңінде белгіленген барлық мақсаттарға қол жеткізілді. Мемлекеттік органдар бағдарлама жоспарымен көзделген іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. Оларды шартты түрде төмендегідей: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі құқықтық базаны жетілдіру; сыбайлас жемқорлықты азайту жөніндегі мемлекеттік шараларды жетілдіру; мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау мен азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасасу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық деп бес бағытқа бөлуге болады.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру туралы айтып өтсеңіз?
– 2009 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы агенттік әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі айыппұлдар санкцияларын арттыру және мүлікті міндетті түрде тәркілеуді енгізу арқылы күшейтілді. Сөйтіп, халықаралық стандарттарға сәйкес үшінші тұлғалардың пайдасына пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Заңда Президенттің 2009 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығының ережелері қамтылды. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды материалдық ынталандыру қағидаттары ескеріліп, корпоративтік жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтілуде, мемлекеттік қызметшілердің оларға мәлім болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау міндеті енгізілуде.
Өткен жылы Парламент Мәжілісінің қарауына мүдделерге қолдау қызметін және тергеуге дейінгі тексерісті жүргізудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ нақты қылмыстар жасағаны үшін жауапкершіліктің түрленуін азайтуды регламенттейтін заң жобалары енгізілді. Сондай-ақ, агенттік Премьер-Министр Кеңсесіне сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін көздейтін заң жобасын енгізді.
Мұндай жауапкершілік мақсаты компания басшыларының және менеджерлерінің заңды тұлғалар мен олардың құрылтайшыларының пайдасына қылмыс жасауын тежеу және алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, тұрақты түрде заңға тәуелді актілерде сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жағдай жасайтын нормаларды жою мәніне тексеріс жүргізу жұмысы жүргізілуде. Мәселен, 2009 жылы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бөлігінде елудей заңды талдап шықты.
– Сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі әкімшілік тосқауылдар екендігі баршамызға мәлім. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Бізде бұл бағытта лицензияланатын және мемлекеттік органдардың рұқсат етілетін қызметтерін қысқарту, сондай-ақ, лицензия мен рұқсат алу тәртібін жеңілдету бойынша жұмыстар жалғастырылды. Рұқсат беру құжаттарын қайта қарау және оңтайландыру жөніндегі сараптама тобы құрылды. Олардың шеңберінде рұқсат беретін құжаттарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді түгендеу және қайта қарау іс-шаралары өткізілді, оның қорытындылары бойынша рұқсат беру рәсімдерінің 1004 түрі анықталып, 348 рәсімдердің күшін жоюға ұсыныс білдірілді.
Жалпы, бизнеске әкімшілік жүктің төмендетілуі және рұқсат беру жүйесінің жеңілдетілуі, сондай-ақ, қызметтің лицензияланатын түрлерінің азайтылуы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында көрсетілетін болады.
Сондай-ақ, “Е-лицензиялау” мемлекеттік дерекқорларының ақпараттық жүйесін (МДК АЖ) құру” жобасы іске асырылуда, оның мақсаты электронды арыздарды, есептерді жіберу, мемлекеттік лицензиар-органдарының лицензиялау үдерісін автоматтандыру арқылы бірыңғай дерекқорларды қалыптастыру, еліміздегі мемлекеттік лицензиар-органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылдың ашық түрде тиімді тетігін қамтамасыз ету болып табылады.
– Мемлекеттік бағдарлама бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық екенін айтып өттіңіз. Осы мәселеге толығырақ тоқталсаңыз?
– Халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен ынтымақтастықты орнату және елімізді халықаралық конвенцияларға қосу осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Мәселен, ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және қылмыстық әрекетпен алынған табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау жөніндегі заң жобалары мемлекеттік органдармен келісілуде.
Сонымен қатар, агенттік “Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауаптылық туралы” және “Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауаптылық туралы” Страсбург конвенцияларына Қазақстан Республикасының қосылуы жөніндегі мәселені пысықтауда.
Агенттік өткен жылы Астана қаласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбулдық іс-әрекет жоспарына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, “ГРЕКО” сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы, “Транспаренси Интернешнл” қоғамдық қоры өкілдерінің қатысуымен халықаралық конференция өткізді. Оның жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволардың басшылары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізетін әлемдегі 40-тан астам мемлекеттің (АҚШ, Германия, Франция, Сингапур, Ресей, Қытай, Бразилия және т.б.), сарапшылары қатысты.
Қазақстан үшін бұл конференцияда барлық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықты жоюға, тиімді санкцияларды қолдану арқылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жазалауға, шетелдік лауазымды тұлғаларды пара арқылы сатып алуды қылмыстық қудалау кезінде халықаралық ынтымақтастыққа көмек көрсетуге бағытталған “Тиісті түрде басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Астаналық мәлімдеме” атты бірегей халықаралық құжаттың мақұлдануымен ерекшеленіп отыр.
– Бүгінде қазақстандық қоғам және ел басшылығы қаржы полициясы органдарынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді және әрекетті жұмысты күтуде. Егер жағдайды санмен көрсететін болсақ, оның нәтижелері қандай?
– 2009 жылы біздің органмен барлығы 1486 сыбайлас жемқорлық қылмыс ашылды, бұл 2008 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 5,2 пайызға артық. Атап айтқанда, парақорлық фактілер бойынша қылмыстарды ашу 38,8 пайызға, оның ішінде, пара алуды анықтау 24,7 пайызға артты. Қабылданған шаралармен сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы аяқталған қылмыстық істер бойынша 3727,6 млн.теңгеге келтірілген материалдық залалдың 3250,2 млн. теңгесі өтелді, бұл 87,2 пайызды құрайды.
Егер мемлекеттік қызметшілер туралы айтатын болсақ, бұл санатқа қатысты 1237 сыбайлас жемқорлық қылмыс ашылып, оның ішінде, 812 адам жауапкершілікке тартылып, 702-сі сотқа берілген. 131 мемлекеттік кызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 845-і тәртіптік ретпен жазаланды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.