Жақында таратылған «Ел арна» телекомпаниясының директоры Айгүл Мүкей «Астана Экспо-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
«Мен енді «Астана ЭКСПО-2017» баспасөз қызметінің жетекшісімін. Дәл сол ұйымға сіздердің көп сауалдарыңыз бар, достар. Бірге пысықтайтын боламыз, қатты сынай көрмеңіздер, сонымен қатар сыпайылық пен әдептілік сақтайық», - деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Айгүл Мүкей бұның алдында «Ел арна» телеарнасының директоры қызметін атқарды. Арнаның жабылатынын Парламент Мәжілісінің отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев хабарлаған болатын.
Тағы бір тоқтала кететін жайт, бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар министрден «Ел арна» телеарнасының жұмысы тоқтатылу себептерін түсіндіруді сұраған болатын.
Бұған жауап берген Е.Досаев сонда: «Біз жыл сайын «Ел арна» телеарнасына 2 млрд. теңге бөліп келдік. Алайда, рейтинг бойынша осы арна 300 млн. теңгенің ғана қайтарымын жасай алады, бұл - біріншіден. Екіншіден, Мемлекет басшысының Үкіметке былтырғы жылдың қазан айындағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары бар. Онда Президент контент бойынша сұранысқа ие телеарналарды ғана қолдауды жалғастыруды жүктеген болатын. Ал «Ел арна» контенті, өздеріңіз білетіндей, жартылай сатып алынған, аударылған хабарлардан құралады, ал өзінің жасап отырған контенті жеткіліксіз», - дегенді айтты.
Оның айтуына қарағанда, енді «Ел арнаға» бөлініп келген 2 млрд. теңгенің тең жартысы, яғни 1 млрд. теңгесі «24.kz» телеарнасының аймақтық тілшілер қосынын кеңейтуге бөлінбекші.
Бұдан бөлек, 992 млн. теңге сомасындағы бюджет қаражатын жаңа фильмдер түсіруге жұмсау қарастырылып отыр.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: Nur.kz.