Аймақтар • 18 Қаңтар, 2022

Бейбіт жиналыстарға қатысу құқыққа қайшы - Алматы облысы ПД басшысы

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев халыққа видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.



Бейбіт жиналыстарға қатысу құқыққа қайшы - Алматы облысы ПД басшысы

«Өздеріңізге белгілі, біздің облыс аумағында террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі сақталуда. Сонымен қатар 19 қаңтардан бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыстың барлық аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілетін болады.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде кейбір жеке тұлғалар ертең, яғни 19 қаңтарда заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақыруда. Осыған байланысты сіздерге митингілерді ұйымдастыру және өткізу талабы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен реттелетінін жеткіземін», деді видеожазбада Серік Күдебаев.

Сонымен қатар департамент басшысы митингіні ұйымдастырушылардан жергілікті атқарушы органдарға бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар мен өтініштер түспегенін атап өтті.

«Тиісінше, заңды бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша көзделеді», деп толықтырды Алматы облысының бас полицейі.

Полиция департаментінің бастығы халықты қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.

«Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қабылдайды. Осы жағдайларға байланысты, Крещение христиан мерекесін тойлау кезіндегі жаппай шомылудан бас тартуды ұсынамыз», деді Серік Күдебаев.