14 Наурыз, 2014

Жаңақорғанда жасөспірімдер заңсыз жазаға тартылды

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
14-03-14-politsia-1 Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің кәмелетке толмағандарды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартқанын анықтады. Прокуратура қызметкерлері мұнда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптары бұзылғанына көз жеткізді. Кодекстің 31-бабында әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс тұлғалар ақыл-есi дұрыс, белгiленген жасқа жеткен жеке адам деп көрсетілсе, 32-бабында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс делінген. Кодекстің 649-бабында судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанын, осы адамның соны жасауға кінәлілігін, оның ол әкімшілік жауаптылыққа жататынын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, мүліктік залал келтірілгенін анықтауға, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті екендігі көрсетілген. Кодекстің 589-бабында 1-тармағының 1-тармақшасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам кәмелетке толмаған болса, қорғаушының қатысуы мiндеттi делінсе, Кодекстің 586-бабы 6-тармағында он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралған кезде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда оған iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн екені көрсетілген. Алайда, әкімшілік істерді қарауға құзырлы кейбір лауазым иелері әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде он алты жасқа толмаған жасөспірімдерге қорғаушы мен заңды өкілінің қатысуын қамтамасыз етпей, оларға қатысты негізсіз айыппұл салып Заң талаптарын өрескел бұзған. Атап айтқанда, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің арнайы взвод инспекторы Т.Саимов 2013 жылғы 13 маусымда 16 жасқа толмаған  Саят Шайыққа қатысты Кодекстің 470-бабы 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, оған он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни  25 965 теңге айыппұл салған. Аталған азаматтың құқық бұзушылық жасаған уақытында 16 жасқа толмағаны және оның әкімшілік жауаптылықта болуға тиіс еместігі арнайы взвод инспекторының назарынан тыс қалып, оған қорғаушы мен заңды өкілін қамтамасыз етпей, негізсіз 25 965 теңге айыппұл салған. Осы тектес заң бұзушылықтар 2013 жылғы 30 қыркүйекте 16 жасқа толмаған жасөспірімдер Нұрқабыл Тұтқабай мен Дінмұхамед Айдосовқа қатысты да толтырылғаны әкімшілік құжаттарын зерделеу кезінде анықталды. Аталған кемшіліктер салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиісті емес адамдарға негізсіз айыппұл салынып, оларға қорғаушы мен заңды өкілін қатыстыру қамтамасыз етілмей, жоғарыда аталған он алты жасқа толмаған жасөспірімдердің Конституциялық құқықтары өрескел бұзылған. Кодекстің 665-бабы 3-бөлігіне сәйкес, осы Кодекстiң iс жүргiзу нормаларының елеулi түрде бұзылуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жою немесе оны өзгертуге және қаулы шығаруға негіздеме болып табылады. Кодекстің 580-бабы 1-бөлігінің 2-тармақшасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы, соның iшiнде әкiмшiлiк жауапқа тарту үшiн жеке адамның құқық бұзушылық жасаған кезде осы Кодексте көзделген жасқа толмаған немесе құқыққа қарсы әрекет жасаған жеке адамның ақыл-есi дұрыс болмаған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi бастауға болмайтыны, ал басталған iс қысқартылуға жататыны көрсетілген. Кодекстің 668-бабы 1-тармағына сәйкес іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекс принциптерiнiң және iске қатысушы адамдардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларды тарылту, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы осы Кодекстiң iс жүргiзу нормаларының едәуiр бұзылуы деп танылады. Кодекстің 668-бабы 3-тармағының 1, 3-тармақшаларында осы Кодекстiң 577, 580, 581-баптарында көзделген негiздер болған жағдайда iс жүргiзу қысқартылмаған болса, iс қатысуы заң бойынша мiндеттi болып табылатын қорғаушының қатысуынсыз қаралса немесе өзi жөнiнде iс жүргiзiлiп жатқан адамның қорғаушы алу құқығы өзге де жолмен бұзылса қаулының күші жойылуға тиіс делінген. Ал аталған баптың 4-тармағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде осы баптың үшiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында көрсетiлген iс жүргiзу нормаларының бұзылуына жол берiлгендiгiн анықтаған соң жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша қаулының күшiн жояды және iс жүргiзудi қысқартады. Осыған сәйкес, Жаңақорған аудандық прокуратурасы аудандық ішкі істер бөліміне заңсыз қабылданған қаулылардың күшін жою жөнінде наразылық келтірді. Қарау қорытындысымен олардың күші жойылды. Руслан Пірназар, Жаңақорған аудандық прокурорының көмекшісі. Қызылорда облысы.