«Көптеген жыл бойы жоғары инфляция біздің экономикамыздың басты проблемасы болып келуде. Бұл экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қойып, бағалар мен халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыратын кез келді. Инфляцияны 2025 жылға қарай 3-4% нысаналы дәлізде төмендету бойынша жоспарлы жұмыс қажет. Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп инфляцияны бақылау жөнінде шаралар кешенін әзірлеуге тиіс. Ол импортқа тәуелділікті төмендету, артық делдалдықты азайту шараларын және ақша-несие саясатының құралдарын қамтуға тиіс», деді Президент.
Дәл осы күндері еліміздің ішкі нарығындағы азық-түлік жағдайының халық үшін төтенше сипаты бар деп түсінеміз. Өйткені бұрынғы үкіметтер бұл мәселеге дұрыс мән бермей келді. Сондықтан азық-түлік бағасы жылдан-жылға шарықтап, халық наразылығының туындауына әсер еткен басты факторлардың бірі болды. Ендеше, бұл мәселеде жаңа Үкіметтен жаңа қадамдар күтетініміз анық. Ал әзірге проблеманы еңсерудегі оның қолындағы құралдар көп емес.
Мұны жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі айтып, Үкімет мүшелерінің алдында төтенше сипаты бар көптеген жұмыс тұрғанын атап көрсетті. «Бүкіл еліміздің басына ауыртпалық түсіп тұрған қазіргідей күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз керек. Біз – Үкіметтің жаңа құрамы, халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы-тонаушылар келтірген орасан шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет».
Премьер-Министр Үкіметтің алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде осылай дей келіп, мұның осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет екенін, халық өздерінің жұмысынан нақты нәтиже күтетінін атап көрсетті.
Біздің ойымызша, бұл Үкіметке қиындықтарды еңсеруге көп уақыт беріліп отырған жоқ. Өйткені халық елімізде қазіргі жүріп жатқан өзгерістерден жағымды және шұғыл жаңалықтар күтеді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса маңызды мәселеде жүргізілетін жүйелі реформалар өз алдына, сонымен қатар қазірдің өзінде бірқатар төтенше шараға баруға тура келетіндей. Соның алғашқы нышаны Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің аузымен алғашқы отырыста айтылып та қалды. «Министрлік мынадай жедел шаралар қабылдады: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымы мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізу; картоп пен сәбізді экспорттауға 3 ай мерзімге тыйым салу; ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салу. Сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыру мақсатында қаңтардан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясы әлеуметтік нан өндіру үшін өңірлерге өткізетін астық құны субсидияланады. Бұл тетік Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ішкі нарыққа астықты нарықтағыдан төмен бағамен өткізу шығыстарын өтеуді көздейді», деді ол.
Әрине, мұнда айтылған шектеу шаралары қазіргі қиындықтан түбегейлі шығып кетуге лайық жүйелі жол емес. Еліміздің ауыл шаруашылығы тұрақты дамуы үшін оның барлық әлеуеті ашылуы тиіс және ол салада еңбек ететін көптеген шағын шаруашылықтың көкейдегі мүддесін дөп басатындай әділ жолды белгілеу қажет. Олардың өндірген өнімдері еліміздің ішкі нарығында өтімді болып, базарлар мен сауда дүкендерінде молынан орын алуы керек. Сонымен қатар еліміздің экспорттық әлеуетіне нұқсан келмей, керісінше молайып, сырттан мол қаржы түсіруге қабілетті болуы керек. Түбі экспорт дұрыс жолға қойылмай, жер ресурстарына өте бай Қазақстанның ауыл шаруашылығы дұрыстап алға баса алмайды. Дегенмен Үкіметтің қазіргі кездегі күрделі міндеттерінің бірі – еліміздің ішкі рыногын бағасы қолайлы азық-түлік өнімдерімен тездетіп қамтып, халық наразылығына жол бермеу.
Осыған орай Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттік резервтен ішкі нарыққа 500 мың тонна астық жіберетін болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, 2021 жылғы егіннен форвардтық сатып алу бағдарламасының қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы 930 мың тонна көлемінде астық ресурстарын қалыптастырды. Оның ішінде азық-түлік бидайының қоры 880 мың тоннаға жетті.
Әлеуметтік нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Азық-түлік корпорациясы осы жылдың қаңтар айынан бастап ұн тарту комбинаттарына жеңілдетілген бағамен 275 мың тонна бидай сатуда.
Бұдан басқа, еліміздің құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына жеммен қамтамасыз ету үшін шамамен 235 мың тонна астық пен кебек жіберіледі.
Сонымен қатар Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 14 қаңтарда форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі-жазғы дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды ашты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы жылы алдын ала қаржыландыру сомасын 80 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл өткен жылдың деңгейінен екі есе артық. Салыстыру үшін, көктемгі кезеңде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 2020 жылы бөлінген осы бағдарлама бойынша алдын ала төлем сомасы 24,4 млрд теңгені, 2021 жылы шамамен 40 млрд теңгені құрады. Ал биыл бұл сан тағы екі есе өсіп, 80 млрд теңгені құрайтын болады», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан басқа сатып алынатын дақылдардың тізбесі он атауға дейін көбейеді. Оған жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері кіреді. Қаржыландыруға құжаттар тапсыру үшін фермерлер Азық-түлік корпорациясының облыстық өкілдіктеріне хабарласуы немесе fcc.kz. сайтында онлайн өтінім беруі қажет.
Міне, осындай жағдайда отандық өндірушілерді қолдау үшін астық тасымалымен айналысатын «Астық Транс» АҚ азық-түлік өнімдерінің құнын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылғы 30 маусымға дейін республикаішілік қатынаста астық тасығыш вагондарды ұсыну тарифін көтермеу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар «Астық Транс» АҚ төтенше жағдайдың әрекет ету кезеңінде вагондардың нормативтен тыс бос тұрғаны үшін тұрақсыздық айыбын есептеу ісі де тоқтатыла тұратынын хабарлады.
Тағы бір атап көрсетерлік мәселе, еліміздің ауыл шаруашылығында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың есімдері және Қазақстанның барлық жер пайдаланушылары компанияларының атаулары 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (МЖК ААЖ) ашық қолжетімділікте болуы тиісті еді. Алайда 3 қаңтарда бұл қызмет пайдаланушылардың үлкен ағымына байланысты сәтсіздікке орай жұмысын тоқтатқан екен. Неге?
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов осы мәселеге орай Facebook парақшасы арқылы түсініктеме берді. «Бірнеше күн бойы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада барлық проблема шешілетініне және МЖК ААЖ жұмыс істейтініне сенімдімін. Барлығыңыздан шын ниетпен кешірім сұраймын!» деп жазды М.Теміржанов. Оның ақпараты бойынша, комитет ескертулерді ескере отырып, барлық мүдделі тараптармен («Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, «ҰАТ» АҚ және басқалар) қателер бойынша жұмыс жүргізуде. «Тарихи мәселелер» болғандықтан, дұрыс емес енгізу және/немесе бір жерде тіпті дұрыс емес мәліметтер болғандықтан, базаны жаңарту ұзақ уақытты алады», деп түсіндірді ол.
Біздің түсінігімізде, еліміздің ауыл шаруашылығын реформалау бағытында бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан аталған ашық жүйе көп кешікпей дұрыс жұмыс істейді деп ойлаймыз. Мұны халық та күтіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін де қозғады. 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы салаға терең талдау жүргізіп, жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан бюджет қаражатын жымқыру схемаларын анықтағаны белгілі. Нәтижесінде, 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды, бұл бойынша залал 2,6 млрд теңгеден асты. Қазір субсидиялау жүйесін реформалау бойынша жұмыс жүргізілуде. «Мен бұған дейін субсидиялау әдістерін қайта қарауды тапсырдым. Бұл жұмысты мүмкіндігінше тезірек орындау керек. Біз субсидияларға қолжетімділікті жеңілдетіп, олардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Анықталған бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды», деді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар дайындалды, олар, ең алдымен, қолдау тетіктерін оңайлатуға, бағыттарын оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу туралы қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі. «Ұсыныстарды қазіргі уақытта құрылған Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының үш отырысы өтті», деді министр Е.Қарашөкеев.
Осы ретте ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың әділетті бөлінуі мен дұрыс игерілуін және ауыл шаруашылығы жерлерін иелену және игеру ісінің ашықтығын, құрғақшылық туралы болжамдардың неғұрлым нақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі ғарыштық мониторинг жүйесі мен жерді қашықтан зондтау ісін кеңінен пайдалануы тиіс. Жері мол, халқы аз Қазақстан жағдайында қазіргі қолда бар ғарыш өнеркәсібі мен оның мониторинг және жерді қашықтан зондтау жүйесі ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды алға бастырып, заң бұзушылықтардың жолын кесе алады. Осы уақытқа дейін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан ескертулер болса да бұл мәселеге дұрыс мән бермей келді. Істі бұдан әрі кешіктіре берудің ешбір реті жоқ деп ойлаймыз.