Ұлы Отан соғысы майданындағы асқан ерлікті суреттеген қазақ прозасындағы тұңғыш ірі шығарма – аса көрнекті академик, жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романы. Ол туынды 1944 жылы “Қазақ батыры” деген атпен “Майдан” атты альманахта, 1945 жылы Алматыда жеке кітап болып шыққан. Ал 1950 жылы “Қазақ солдаты” романы болып жарияланған. Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кеңес Одағының Батыры, атыраулық ержүрек жауынгер Қайырғали Смағұлов. Сол қаһарман қазақтың тұңғышы Алма Қайырғалиқызы бұл күндері Ақтауда тұрып, еңбек ететіндігін екінің бірі біле бермеуі мүмкін...
“Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін”. Дәл осылай басталатын “Қазақ солдаты” романы Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі ондаған жылдар көзі қарақты адамдардың қолынан түспеген кітап болғаны белгілі. Әлі де солай. Әңгіменің басындағы ел есіндегі жолдардан әрі бас кейіпкердің прототипі: “Қашуымның да, қорқуымның да балаға лайық себептері бар. Бір табын сиырды айдалаға тастап, қалаға қашып бара жатсаңыз, екі көзіңіз алақандай болатын сияқты, – дей келе. – Мен қазір ондамын. “Әліпті таяқ деп білмейсің” деп ауылдың балалары мазақтай беретін еді. Жазғытұры қолыма сиыршының таяғы түсті. Енді естияр азамат болдың, мына таяқты қолыңа ал, осы ауылдың сиырын сен бағасың! – деп ағам Айдынғали өзі еңбек іздеп, қалаға кетті. Сол естияр азаматыңыз бүгін міне алды-артына жалтақтай қарап, Гурьевке қарай қашып келе жатыр. Ойында сиыршының таяғын әліптің таяғына айырбастау бар...”
Одан арғы өмірде оны және өзі сияқты Бораш, Шеген атты жеткіншектер болып бәрі балалар үйінен бір-ақ шығады. Әскери оқуға сұранып, әрең өтеді. Сөйтіп жүргенде қырғын соғыс басталады. Қайыршақты ауылының Қайрошы от пен оқтың ортасына түседі. Батырлық, батылдық көрсете біледі. Кітапта жазылғандай бір емес, бірнеше рет, соның бірінде: Семен, танк!.. Граната, – дедім ащы дауыспен. – Алға! Жау окобына! – деді Ребякин. Алға! Жау окобына! – деп мен де атып шықтым. Қоңыр көлеңке тар окопта бірге-бір жекпе-жек басталып кетті.
Осылай өлім мен өмір жалғаса береді. Қазақ солдаты Новороссийскіні азат етуге, Элтиген биіктеріндегі қанды шайқаспен жеңіске жетуге, Керчьті қорғап қалудағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Ауыр жарақаттар алады. Қаһармандығы үшін 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атанады. Ал романдағы ерлік пен өрлікке толы оқиғалар автор мен кейіпкер арасындағы:
– Әуелі келісіп алайық, сіз ешнәрсені жасырмаңыз, мен ешнәрсе қоспайын.
– Жоқ, сіз ешнәрсе қоспаңыз, мен ешнәрсе жасырмайын...
Уәдеміз осы болды...
Міне, осы келісім бойынша “Қазақ солдаты” романы әсем де әсерлі кестеленіп кете береді, кете береді...
* * *
Ақтауда “Мұнайтелеком” атты іргелі серіктестік бар. Аты аңызға айналған батыр ағаның тұңғышы Алма Қайырғалиқызы сол жерде жұмыс істейді деген соң, ат басын осында бұрдым. Ұзын дәлізді бойлай, алдын ала келіскеніміздей басшының кабинетіне келе жатырмын. Алдымнан орта жастағы екі әйел шыға келді. Қалшиып тұрып қалыппын. Сәлемдесу орнына сол жақтағысына: “Сіз Алма боларсыз?” деп қолымды ұсындым. Ол бетіме таңдана қарады да: “Иә”, деп басын изей ізетпен амандасты. Ал менің есіме осыдан дәл 45 жыл бұрын болған оқиға оралды. Гурьев, қазіргі Атырау облысының Ембі кеңшарында механизатор болып жұмыс жасаған едім. Сонда облыстық комсомол конференциясына делегат ретінде қатысқаным бар-ды. Үзіліс кезі еді. Делегаттарды бастап барған Мәжен аға ақ сары өңді, жауырыны қақпақтай, жылы жүзді жігіт ағасымен құшақ жая амандасып, қасындағы біздерге бұрылды. “Ағаны танисыздар ма?” деді. Бізден жедел жауап болмады. “Бұл кісі Кеңес Одағының Батыры Қайырғали аға”. Сол сөздер ағадан аумай туған Алманы көргенде көз алдыма келді. “Алтынның сынығы” деген сөз осындай сәттерден соң айтылады емес пе екен?” деген ой ұялады көңіліме. Аты аңызға айналған батыр ағаны одан соң да екі-үш рет көріп, әңгімелерін тыңдадым. Бірақ, алғашқы әсер, алғашқы бейне жүрегімнің түкпірінде, көзімнің алдында қалыпты. Мәңгі қалыпты...
Серіктестіктің кадр бөлімін басқаратын Алманың бөлмесінде отырмыз. “Уақыт деген желдей ескен зымыран екен. Күні кеше ғана Алма қызым деп еркелетіп, ерекше жақсы көретін әкемнің өмірден озғанына да 17 жыл болыпты”. Біраз үнсіздіктен кейін әңгімесін қайта жалғады. “Әкемізден бес бала едік. Қазір үшеуміз аман жүрміз. Менен кейін туған Ұзақ және Хамит атты екі інім бар. Оның бірі салынып жатқан Қарабатан зауытының директоры, ал екіншісі білікті инженер. Екеуі де Атырауда. Анамыз Раисаның өмірден озғанына да алты жыл”.
Ағаның Ұлы Отан соғысы кезіндегі өрлігі мен ерлігі елге аян. Ал 1946 жылы елге оралып, бейбіт өмірге араласқандағы алған асулары, естен қалған асыл қасиеттері мен қызықты оқиғалары жайлы сұрадым.
“Әкем өте қарапайым, мінезі жұмсақ, парасатты да ақылды адам болды. Біздер болсақ, сол тамаша қасиеттерін байқап, асыл әкеміздің атына, абыройына кір келтірмеуді ойладық. Әкеміз облыстың салалық кәсіподақ комитетін басқарды, кәсіптік техникалық училище директорының орынбасары болды, жоғары оқу орындарында жастарды, студенттерді патриоттық рухта тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Жерлестері, облыс халқы екі майдандағы еңбегін, ерлігін жоғары бағалады. Бұл күндері әкеміздің атында орта мектеп, Атырауда, Керчь қаласында көшелер бар. Еңселі ескерткіш орнатылды. Теңдік елді мекенінде мол қоры бар мұражай жасақталды. Тағы бір айтарым, ұлы жазушы Ғабит ағамен достығы өте мықты болды. Ол ағаның мен үшін есте қаларлықтай сыйы әкем жайлы жазылған “Қазақ солдаты” романының алғашқы бетіне жеке өзіме, “Алмаға! Әлемдегі барлық жақсылықты тілеп, ескерткіш ретінде ұсынамын. Ғабит ағаң. 1965 жыл” деп жазған қолтаңбасы болды. Көздің қарашығындай сақтаған ол кітап бұл күндері мұражайдың төрінде тұр. Алматыдағы үйінде қонақта да болдық. Ғабит ағаны қатты жақсы көруімнің тағы бір себебі, белгілі ғалым-әдебиетші Қадыр Жүсіп газеттерге жазғандай ол кісінің: “Қайырғали, сен менің әдебиеттегі де, өмірдегі де ұлымсың”, деген сөздері дер едім. Шындығында да олар бірге туған аға-інідей сыйластықпен әдемі өмір кешті. Жиі-жиі хабарласып, араласып тұрды. Асыл әкем: “Мен ұлы жазушы Ғабеңнің әдеби перзенті болғанымды мақтан етемін, мәртебе тұтамын”, деп өтті өмірден.
Өзім туралы айтсам, анамның ақ сүтінің нәрінен, асыл әкемнің қанынан болар, кішкентай кезімнен-ақ тіке жүріп, ақ сөйлеумен келемін. Қалың халық қадір тұтқан батырдың ұрпағы болған соң, қай жерде де, қандай жағдайда да, ұстамды, ұлағатты болуға тырысамын. Өміршең бастама, өнегелі істің ортасында жүргенді қалаймын. Содан болар, осыдан қырық жыл бұрын педагогикалық институтты бітіргенде Маңғыстауға, оның ішінде комсомолдық екпінді құрылыс жүріп жатқан Өзен ауданына арнайы жолдамамен бір топ қыздар болып келдік. Олар А.Нұғыманова, З.Қазыханова, Г.Кемалова, Р.Вильманова және басқалары. Бұл 1972 жыл еді. Айдаладағы ақ шаңға оранған шағын қала, алып құрылыстар алаңы. Жайықтың жағасындағы әсем шаһарда қалып жұмыс жасауға жағдай да, мүмкіндік те бола тұрып, солай істедім. Алғашқыда орта мектепте мұғалім болдым. Көп кешікпей аудандық комсомол комитетіне бөлім меңгерушілігіне шақырылдым.
Алма Қайырғалиқызы қазір де мұнайшы. Ол бұл күндері мұнайшыларға қызмет көрсететін үлкен серіктестіктің кадр бөлімін басқарады. Әңгіме арасында өзі айтқандай, Өзен аудандық комсомол комитетін сол тұста белгілі қоғам қайраткері Қайролла Ережепов басқарыпты. Комсомолдық екпінді құрылысқа келгендерді қабылдапты. Алма туралы сұрағанымызда, Қайролла Жеткізгенұлы бәрін де күні кешегідей-ақ әңгімеледі. Батыр ағаның тұңғышы жайлы жылы лебіздерін білдірді. “Алма замандасымыз тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы ғой”, – деп ағытыла сөйледі. Ал Алма жұмыс істейтін ұжымның бүгінгі басшысы, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Құлқайыр Аманбаев: “Аты аңызға айналған батыр аға қызының біздің ұжымда жүргенінің өзі зор мәртебе. Тал бойы толған тамаша қасиеттер. Ақыл-парасаты, жайсаң да жайдарылығы, мейірімділігі жастарға өнеге болып жұқса екен деп отырамыз. Қадір тұтып, құрметтейміз. Өйткені, Алма Қайырғалиқызының текті ұлдың ұрпағы екендігі, әрбір үлгілі ісі, жүріс-тұрысы мен әңгімесінен-ақ әрқашан анық байқалып тұрады”, – деп біраз ыстық лебізді сөздер айтты.
Иә, Алма Қайырғалиқызы аты аңызға айналған қазақ солдатының қызы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал ана. Динарасының өмірге әкелген бал құрақтай қос немересін әлпештеп отырған бақытты әже. Жоғарыда қатар жүрген замандастарының тілімен айтқанда, “алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы”.
Жоламан БОШАЛАҚ.
АҚТАУ.