Қоғам • 21 Қаңтар, 2022

Кәсіпкерлерден шығынды өтеуге өтінімдер қабылдау басталды

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеуге InfoKazakhstan.kz платформасында электрондық өтініштерді қабылдау басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәсіпкерлерден шығынды өтеуге өтінімдер қабылдау басталды

Бұл шара Үкімет бекіткен 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу механизміне сәйкес іске асырылады.

Еске салсақ, залалды өтеу туралы өтініш ЭЦҚ көмегімен https://infokazakhstan.kz сайты арқылы беріледі. Механизмге сәйкес залалды өтеу туралы өтініштерді өңірлік комиссиялар күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды. Өтініш мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.

Қаржы Қазақстан Республикасының бюджеттік рәсімдеріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады деп болжанады.

«Зардап шеккен кәсіпкерлердің назарына!

Залалды өтеуге өтініш берер алдында https://infokazakhstan.kz/faq/documents/ сілтеме бойынша нұсқаулықпен танысуыңызды сұраймыз, сондай-ақ қажетті құжаттардың толықтығына көз жеткізу керек. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өңірлік комиссия мүліктік залалды өтеуден бас тарту туралы шешім шығарады.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Атамекен» ҰКП залалды өтеу бойынша іс-қимыл алгоритмін дайындады. Онда залалды өтеуге өтініш беру қадамдары сипатталған», делінген «Атамекен» ҰКП хабарламасында.