Атап айтқанда, Орынбор баспаханаларынан 94 мың 800 тиражбен 42 басылым, Санк-Петербургтің Бораганский баспаханасынан 3 мың тиражбен 1 кітап, Семейдегі «Жәрдем» баспаханасынан 11 мың 800 тиражбен 8 басылым, Астрахань баспаханасынан 9 мыңнан астам тиражбен 4 басылым, Оралдан 2 мың тиражбен 1 басылым т.б.
Осылардың қатарына 1902 жылы Тверь қаласында басылып шыққан «Тургайская область. Исторический очерк» атты еңбекті жатқызуға болады. Биыл бұл туындының жарық көргеніне 120 жыл толса, кітап авторы орыс зерттеушісі, тарихшы-этнограф Александр Иванович Добросмыслов (1854 – 1915) екен. Бұл кісі 1888-1901 жылдары Торғай облыстық ветеринарлық шаруашылығында қызмет атқарған көрінеді. Автор жайлы ғұмырнамалық анықтамалықта, «Торғай облысы: тарихи очерктер» кітабы Орыс география қоғамының Орынбор бөлімінің тапсырысы бойынша жазылғаны жайлы айтылыпты.
Патшалық Ресей кезінде Дала генерал-губернаторлығына қарасты Торғай облысының аумағы – 399 780 верст немесе қазіргі өлшеммен айтқанда 456 185 шаршы метрді құраса, тұрғындарының саны жарты миллионға жетеқабыл болыпты. Торғай облысының батысы Орал облысымен шектелсе, шығысы Ақмола облысымен ұштасып, оңтүстік шебі Арал теңізіне дейін созыла орналасыпты.
Осыншама алып аумақты алған аймақтың тарихы мен шаруашылығы жайлы мәлімет жинақталған аталмыш еңбекте – облысқа бағынышты уездер мен болыстықтар тізімі (1894 жылғы мәлімет), сондай-ақ өңірдегі мал шаруашылығы, сауда ісі жайлы статистикалық деректер жинақталған. Автордың айтуына қарағанда, бұл кітап 1898 жылы облыстық статистика комитетінің тапсырмасы бойынша: «Қырғыздың жүннен жасалған бұйымдары», «Торғай облысында 1886 жылға дейін жылқы шаруашылығын жақсарту бойынша жүргізілген шаралар», «Торғай облысындағы сауда» т.б. тақырыптар бойынша жүргізілген зерттеулер қорытындысы іспеттес.
Қалай десек те, бұл туындыға арқау болған деректер қазақ тарихының бір тармағы екені шын. Оның үстіне, осыдан дәл 120 жыл бұрынғы дала қазақтарының шаруашылығы жайлы білгісі келген зерттеуші үшін өте құнды мәлімет бары анық.