Аймақтар • 24 Қаңтар, 2022

Қосшыда Мемлекеттік кірістер басқармасы ашылды

542 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қосшы қаласында Мемлекеттік кірістер басқармасы құрылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қосшыда Мемлекеттік кірістер басқармасы ашылды

Жаңадан құрылған басқарма қала орталығында Республика көшесі, 3/3 үйде орналасқан. Ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Бизнес үшін қолайлы жағдай жасау аясында жаңа мемлекеттік орган «Open space» форматында жұмыс істейді.

Салық төлеушілердің қолайлылығы және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін салық есептілігін қабылдау орталығында электрондық кезек жүйесі және халыққа қызмет көрсету саласындағы басқа да заманауи цифрлық шешімдер қолданылған.

Қосшы қаласында басқарма тіркеуге жататын салық төлеушілердің жалпы саны - 22 мың адам.

Сонымен қатар, есепке тұру үшін салық төлеушілерге ешқандай өтініш жіберудің қажеті жоқ, бәрі автоматты түрде жүргізіледі.

«Штат саны 12 қызметкерді құрайды. Мемлекеттік кірістер басқармасының құрамында 3 бөлім – салық төлеушілермен жұмыс бөлімі, салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімі, сондай-ақ есеп, талдау және ұйымдастыру-құқықтық жұмыс бөлімі жұмыс істейді. Олар мемлекеттік қызметтің 44 түрін көрсетеді. Бүгінгі таңда 400-ден астам салық төлеуші түрлі мәселелер бойынша түсініктеме алды. Жаңа мемлекеттік кірістер органы осы жылы бюджетке 1,4 млрд теңгеден астам салық жинауды жоспарлап отыр», деп атап өтеді комитеттен.

Айта кетерлігі, бұған дейін қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін Қосшыдан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Целиноград ауданының Ақмол селосының аудан орталығына жүгінуі қажет болатын.