Руханият • 24 Қаңтар, 2022

Көке

365 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біреулер оны Көлаға дейді, құрдастары Кө­леке деп құрметтейді, мен Көлбай көке дей­мін. Неге екенін білмеймін, қазақтың осы сөзі өзіме ұнайды. Осы сөзде көп адам аңғара бермейтін бір қасиет бардай көрі­неді. Мақаламызға арқау болып отырған Көлбай Адырбекұлы менің ұғымымда жалғыз мен емес, мен секілді талай ізбасар інілерге көке болуға әбден лайық жан. Неге дейсіз бе? Себебі ол ұлт үшін, ел қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей мазасыз күй кешіп, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеп, ертеңіне алаңдап, не істесе де ардан аттамай, ұяттан безбей, алдағы толқын ағаларын ардақтап, кейінгі толқын інілерін аялап, алға сүйреп жүрген шын мәніндегі асыл азамат.

 

Көке

Бізді жақындастырған Желтоқсан. Иә, 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі. Әлі күнге дейін сол сыйластығымызға сызат түскен жоқ, осы тақырыпта пікірлесіп, сыр­ласып тұратын сәттерімізде аз емес. Оның ха­лықаралық «Түркістан» газе­тіне «Автор­лық бағдарлама» айдарымен жария­ланған «Казахское дело» журна­листік зерттеу еңбектерін қазір кім білмейді. Жа­зықсыз жапа шеккен ұлт тұлғалары мен студент-жұмысшы жастар туралы жа­зыл­ған көлемді сол мақалалар тізбегін оқыған сайын келесісі кім жа­йында екен деп асыға күтуші едім. Бақсам жалғыз мен емес, басқалар да тағат таппай күтіп жүріпті. Оның мұрағат ма­териал­­дарына сүйеніп жаз­ған осынау толайым туындылары көп­тің көкейі­нен шыққаны соншалық іздеп жү­ріп оқитын болдық. Бұл жерде әлде­кім­дерге жақпайтын мақа­ла­ларды басу­да ба­тыл­дық танытқан газет редакторы Шәм­шид­дин Паттеевті де атап айтқан ләзім.

Ал студент және жұмысшы жастар Қайрат Рысқұлбеков, Гүлнар Байбосы­но­ва, Мырзағұл Әбдіғұлов, Ерлан Декелбаев және бас­қалар жайында жазған­да­ры да өз ал­дына бір төбе. Олардың жалпы саны қы­рыққа жуық. Бәрі бес кітап­тың жү­гін көте­ре­ді. Жазушы Дидахмет Әшім­ханұлының қолдауымен солар­дың ал­ғаш­­­қы зиялылар тобы «XX ғасыр: Соңғы репрессия» атымен кітап болып жа­рық көрді. Өкінішке қарай, қалғандары қара­жат тапшылығынан қолжазба күйінде тұр. Бір айта кететін жайт, сотта ату жазасын Қайраттан бұрын Мырзағұлдың ал­ға­нын оның «Түркістан» газетіндегі зер­теу мақалаларынан білдік. Сот әуелгіде Мырза­ғұлға бұзақылығы үшін деп атуға үкім шығарған. Кейін Балтық жағалауы ел­де­­рінен келген тәуелсіз комиссия оның қыл­­­мыстық ісі тіке­лей Желтоқсан көтері­лі­­сіне қатыс­ты екенін дәлелдеген соң біз­д­егі сот шешімін қайта қарап, үкімін өзгертіп, жіберген қате­сін түзеткен. Сот шешімі орындалардан бірер күн бұрын әйелі Қазынагүлдің жанкешті әре­ке­тінің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы ату жазасын жиырма жылға ауыстырады. Көлбай көкемнің М.Әбдіғұлов туралы деректі повестінің желісі бойынша жазушы Ертай Айғали пьеса жазып шықты. Ашығына көшсек, көкемнің әлдекімдердей пікірін құбылтып, сыр берген сәтін көрген емеспін. Қашанда өз ісіне қағылған қазықтай мығым.

Менің пайымымша Көлбай көкемді әлі күнге сыздауығы сыздап тұрған осы Желтоқсан тақырыбы қатты қызық­ты­ра­ды. Тарих ғылымдарының докторы Талас Омар­беков көкеммен бір кездескенде: «Мына біздер, кәсіби тарихшылар тарихи оқи­ға­лардың қай жылы, қандай жағдайда болғанын, ондағы тарихи тұлғалардың аты-жөндерін жазамыз. Ал журналист-жазушылар тарихи оқиғалармен шектеліп қана қоймай, тарихи тұлғалардың тағдыр-талайына да аса мән береді. Сенің жазып жүрген «Казахское дело» шығармаларың жан тебірентер әсерімен де ерекше», деген екен.

Көлбай Адырбекұлының шығармашы­лы­ғы сан-қырлы. Қаламгердің барлық қыр-сырын бір мақалада қамту мүмкін емес нәрсе. Сондықтан мен ендігі әңгімені журналист-зерттеуші, көрнекті публицист қаламгер Көлбай Адырбекұлының есі­мін кеңінен танымал еткен, кейін Президент сый­лығымен марапатталған «Казахское дело» атты жиырма жылға созылған авторлық бағдарламасы төңіре­гін­де болған жайдан сөз етіп кө­рейін.

– Көлбай көке, «Казахское дело» неге «Қазақ ісі» емес?

– «Казахское делода» кеңестік кезеңнің им­периялық қатыгез саясаты, шови­низ­м­нің астамшылық көрінісі, орыс тілінің ең­сені езген зорлығы жатыр. Генерал Владимир Калиниченко «Лит.газетаға» берген сұх­батында: «Біз «Узбекское делоны» жүзеге асырдық. Бірақ «Казахское дело­да» мақсатымызға жете алмадық» деген. Өйт­кені олар өздері күтпеген жойқын қар­сы­­лыққа тап болды. Елуінші жылдардың интел­лигенциясы мен жас­тары Мәскеудің айт­қан­дарына қарсы келмеді. Алпысыншы жылдың зиялылары мен жастары Мәскеу не айтса да шарасыздықтан «сенікі дұрыс-ақ» деп бастарын шұл­ғу­мен болды. Жетпісінші жыл­дың игі жақсылары мен жастары іштей қарсы болса да нұсқауларын амалсыз­дан орындады. Қалай айтсақ та бұл үш он­жылдық жастарының бойларында әлі ұмы­ты­ла қоймаған 37-38-дің үрейі бар еді. Ал сексенінші жылдың білімді интеллигенциясы мен еркін өскен от жалынды жастары империяның зорлық-қорлығына көнбеді. Студент пен жұмысшы жастардың намысқа шауып: «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деп алаңға атойлап шыққаны – сол.

«Казахское дело» – тұлғалар жиынтығы. Көтерген тақырыбы атан түйеге ауыр жүк болатындай циклді мақалалардың ерекше топтамасы. Бағдарламаның мақсаты – ұлт болашағы үшін күрескен жастар мен зиялылардың өмірі мен ісін қаламына арқау ету арқылы ұлт тағдырын тереңнен толғап, жастар рухын көтеру болды. Мұнда қаламгердің дара қолтаңбасы басқа бірде-бір жазушыға ұқсамайды. Қоғам мен адам өміріндегі уақыт пен саясат салған жара, оспадарлық, қиянат, кесапат, қиратқыш күш, өкініш, қарсылық, күрескерлік бәрі шығармада жымдаса өріліп, әрбір дерек пен мәлімет, оқиғаны баяндау барысында өзін өзі дәлелдеп отырды. Топтама осынысымен де құнды әрі қызықты.

«Кісі айтпаған сөз бар ма?» (Абай) де­мекші, Желтоқсанды айт­паған жан қал­ды ма?! Бірақ зерттеуші Көлбай Адыр­бек­ұлының жазуында Желтоқсан мүлде басқа қырынан ашылады. Басқа ракурстан зерделенеді. Мысалы, біз көтерілістің сырт­қы келбетін, үстіңгі қабатын қызық­тау­дан арыға бара алғамыз жоқ. Ал Кө­лағаң бұл мың қатпарлы құбылыс шын­дығын оған тікелей қатысы бар тұтас тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерін сөй­летіп қана қоймай архив материалдарын пайдалана отырып, сол бір қасіретті үш күннің толыққанды полотносын жасаған. Тұнып тұрған тұтас галерея деуге болады! Желтоқсан ақиқатын осылай өзіне ғана тән әдіс-тәсілмен ашуға тырысқан. Онда да тұлғалардың жеке портреттерін зерделегенде, оларды әдеттегі «сұмдық батыр», «көзсіз қаһарман» етіп, жалаң әспеттеуден саналы түрде бас тартқандығы байқалады. Оны диалог, монолог, оқиғаларды нақты баяндау арқылы дәлелдейді. Дәлелдеп қана қоймайды, соған оқырманды да сендірді. Бұл әдіс деректі әдебиеттің ең басты табан ті­рей­тін қағидасы екені кім-кімге де белгілі болса керек.

«Казахское дело» – көп қырлы, бір сырлы дүние. Бұл циклді мақалалар топ­та­масына қырық шақты мемлекет және қоғам қай­раткері мен Желтоқсан қаһарман­да­ры­ның өмірлері мен күрес­керлік жолдары арқау бол­ған.

Кейіпкер іріктеуде автордың жеті рет өлшеп, бір рет кескені, ерекше ойланып сұрыптағаны байқалады. Топтама өзегіне арқау болған белгілі тұлғалардың жалпыұлттық құндылыққа қосқан үлесі мен күрескерлігі, деректілік пен сарап­та­ма­лық сипат, публицистикалық тартымды желі, бәрі-бәрі тұтаса келгенде автордың алдына қойған мақсат-мұратын жоғары дәрежеде орындап шығуына алғышарттар жасаған.

Сөз жоқ, бізге көркем шығар­ма­ны оқу керек. Ол талассыз. Кітап палатасының мә­ліметіне сенсек, деректі туынды оқитын­дар­дың қатары күн санап артып келеді. Себебі түсінікті. Деректі дүниені оқу қазіргі қа­зақ қоғамы үшін ауадай қа­жет. «Казахское дело» біздің сана­­мызды рухани құлдықтан, үрейден, мидағы түрлі кір-қоқыстан құтқаруға көмектеседі. Бұл тұрғыдан келгенде, қаламгер Көлбай Адырбекұлы шындық пен жалғандық арасындағы дәнекерші – рухани елші десек, жөн сияқты.

Адамның жаны шындыққа құмар. Халқымыз өткен шерлі тарихын, ұлттық мүдде үшін күрескен тұлғаларын оқып білу­ден жалыққан емес. Арғы тарих­ты айтпағанда бергі XX ғасыр­да қазақ қоғамы небір қилы кезең­дер­ді бастан кешпеді дейсіз. Айта берсең таусылмайтын жыр тәрізді. Әсіресе 37-38 жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбандары. Бұл тақырып та Көлбай Адыр­бекұлының назарынан тыс қалмаған. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нығмет Нұрмақов, Ермұхан Бекмаханов және тағы басқа тұлғалар тура­лы жазған зерттеу мақалалары да та­ри­хи-танымдық дүниелерге өзіндік үлесін қосып, оқырмандар талғамынан шықты. Осы орайда «Бесеудің хаты: Жазған кім?» атты көлемді зерттеу туындысы да қалың оқырмандарды тың жаңалығымен тәнті етті. Осы кезге дейін жұртта сол хатты Ғабит Мүсірепов жазды деген ұғым болатын. Ал Көлбай көкем мұрағат материалын ақтарып жүріп, оны Семей облысының тумасы Әзімбай Лекеровтің жазғанын ашып «Жұлдыз» журналына жариялатқан. Жеті қат жер астына көмсең де шындық еш­қа­шан­да өлмейді деген осы шығар. Көлбай көкемнің ізденісінің арқасында жүз жылдан соң саф алтындай жарқ етіп шыға келгенін қарашы.

Көкем жұрттың бәрін өзіндей көреді, сон­дықтан құрметпен қарайды. Жасанды­лық­ты, өтірікті, екіжүзділікті, жалған мақ­та­ғанды суқаны сүймейді. Егер ұлт үшін, ел үшін отқа түскен, суыққа тоңған ерлер туралы біреулер пендешілікке бой алдырып, бұра тартып, жөнсіз сынап жатса, көңіліне де, атағына да қарамай тура бетіне айтады. Міне, менің Көлбай көкем осындай адам. Досқа – адал, дұшпанға – қатал. Қандай бір істі қолға алса да, аяғына дейін жеткізуге бейіл.

Тағы бір айтарым, дәлелі нық, мәліметі мол. Өз сеніміне берік. Буынға түсетін анау-мынау уәжге көнбейді. Сырт көзге бітім-болмысы суықтау көрінгенімен шын­ды­ғында жаны жұмсақ. Ініге – мейір­бан, ағаға – кішіпейіл. Жүрегі таза таланттарды жақсы көріп қана қоймай, қолдап, қорғап жүреді. Талғамы жоғары. Талғап, талдап, сұрыптап оқиды. Кейбір әдеби көркем туындылар мен өткір мақала­лар­ды қайталап оқитыны да бар. Ұнаса, жылы лебізін аямайды. Ол:

– Менің сыншыларым ауылда, – дейді. – Мектепте бірге оқыған достарым. Біз боз­бала кезімізде қара кештен бозарып атқан таңға дейін кітаптан бас алмаушы едік. Қолыма қалам ұстап, журналистік кәсіпті бастаған алғашқы кезде ауыл-ауданға белгілі жандар туралы жазғаным есімде. Оқуға қызықты болсын деп әсірелеп жіберсем керек. Әлгі достарым «бөсіпсің ғой» деді. Сол бір сөзден өзімнің тым артық кеткенімді сезе қойдым. Өйткені кейіпкерді олар менен артық білмесе, кем білмейді ғой. Сонда ғана деректі дүниені жазу оңай емес екенін, аса жауапкершілікпен бару ке­ректігін ұқтым. Содан бастап келесі кейіп­керімді жазғанда әсіре сөзге малданбай, тек бар болмысын беруге тырыстым. Мақа­ламды оқыған олар: «Мынауың соның тап өзі!», – дегенде төбем көкке жеткендей қуанып қалатын едім.

Мақалаларын баспасөз беті­нен алғаш оқып жүргенде, шарт мінезді адам секілді көрінген Көлбай көкеммен алғаш жүзбе-жүз кездескенім есімде. Сонда жұмсақ мінезін, жанға жайлы кісілік келбетін көріп, алдамшы ойымнан қайттым. Соңғы төрт-бес жыл бедерінде Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында тарихи тұлғалар жа­йында өткен ғылыми-практикалық кон­ференцияларда кейбір атақтарына мал­данып, көкіректерін қағып, көлгірсіп сөй­леген жандардың көкейге қонбайтын тұжырымдары мен жөнсіз пікірлеріне орынды қарсы­лы­ғы, анығын ашып айтпаса, арына сын болар адами адалдығы аңғарылып тұрды. Оның осы бір мінезі де маған қатты әсер етіп, сый-құрметім бұрынғыдан да артты. Кездессек, ұлт үшін жандарын пида еткен асылдарымыз жайында әңгіме-дүкен құрып, бірте-бірте бір-бірімізге аға-інідей бауыр басып кеттік.

Атам қазақ «Ер туған жеріне тартады» деген. Осы тұрғыдан келгенде Көлбай Адырбекұлы сынды бүкіл қарға тамырлы қазаққа танымал ұл өсірген Жүзімдік – қойын-қонышы тарихқа толы қасиетті мекен. Теріс­кейден күнгейге қарай ұшар басы иретіле созылған Қаратаудың бергі түстігінен орын тепкен ауылдың жанынан мың бұратылып аққан Арыстанды өзені өтеді. Отырарды бетке алған Шыңғыс хан шапқыншылығының куәсіндей аумағы ат шаптырым тарихтың көмбесі Қорған төбе де сол жерде екен. Күні бүгінге дейін қозы-лақ баққан балалар оның ойдым-ойдым биік төбелерінде жатқан бояуы қанық құмыра сынықтарымен ойнайтын көрінеді. Біздің археологтер әлі сол Қорған төбеге жете қоймапты. Шағын ауылдың көк майса тоғайы, жусанды қыры мен қырқасы, боз селеулі даласы мыңғыраған төрт түлік малға құт. Бұл ел Көлбай көкемнің сәбиінде бесігін тербеп әлдилесе, бүгінде ол сол туған жерін кестелі сөз, кесек туындыларымен аялап, парызын өтеп келеді. Соның бір парасын ауызға алсақ ауылдың Жүзімдік атауы қайдан шыққан тарихын да анықтап бергені. Күні кешеге дейін оны әркім әр саққа жүгіртумен болған. Көлекең де көне көздерден жеткен деректерді көп іздепті. Ақыры тапқан. Ауыл кезінде қалың елдің құрметіне бөленген Аппақ ишанның медресесі орын тепкен аудан орталығы Шаяннан жиырма шақырым жерде.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын Аппақ ишанның тағдыр-талайы жайында академик Мәмбет Қой­гел­дінің ғылыми-зерттеу мақа­ла­сы «Жас Алаш» газетінде жарияланды, – дейді Көлбай көкем. – Медреседе XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін барлық облыстан іріктеліп жи­налған шәкірт балалар дәріс алған. Кейін олардың арасынан атақты Шәді төре Жәңгіров пен Майкөт Сандыбаев секілді ақын-жыршылардың да шыққанын көпшілік біле бермейді. Аппақ ишан жаздың ұзақ күндерінің бірі бейсенбіде таң қараңғысында қасына имамдарын ертіп, Түр­кістан шаһарына қарай жолға шығады. Күн көкжиектен көтеріле бергенде Арыстанды өзенінің жаға­сына жетіп, түйелерін шөге­ріп, таңғы асын ішеді. Ишан суы мол, шөбі шүйгін жерге қарап тұрып: «Апырай мына жер түгін тартса, майы шыққандай құнарлы екен. Болыстан сұрап көрейінші. Жер бө­ліп берсе шәкірттеріме жүзім еккізейін» деген ойға келіп, имамның бірін қырдың арғы бетінде отырған болысқа жұмсайды. Ишанның салған қолқасына тақ тұрған болыс: «Тақсыр, қалаған жеріңізді алыңыз. Қарсылығым жоқ», – дейді. Ишан күн ұзаққа жол жүріп, түн ортасынан ауғанда жүз отыз шақырым жолды артқа тастап, Түркістанға жетіп, ертеңіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жамағатпен бірге жұма намазға тұрған. Ол Түркістаннан оралған бетте жүзім көшетін Тәшкеннен алдырып, Арыстанды өзені бойындағы біраз жерге отырғызып, екі жылдан соң мол өнім жинап, шәкірттер дастарқанының мәзірін б­а­йытады. Солай бұл жер атауы Жүзімдік ата­лынып кетеді. Кеңес өкіметі кезінде осы өңір­ден екі колхоз құрылады. Жұрт бірін Жүзім­дік, екіншісі Талапты деп атаған. Кейін екі колхоз біріккенде жұрт Аппақ ишан­ның құрметіне Жүзімдік атауын таң­дайды.

Көлбай көкем журналист бол­­мағанда, зерттеуші ғалым немесе әдебиет сыншысы болар ма еді. Кім білсін. Өйткені оның жан­­кешті еңбектерінен білім-біліктілігі, зерт­­теушілік қабілеті тайға таңба басқан­дай анық көрінеді. Әсіресе, тарихи-публи­цис­­тикалық эссе мен эсха­тологиялық жанр­­дың нағыз май­талманы. Жақсының се­рігі әділеттілік, жауапкершілік, әдеп, тө­зім және қанағат десек, осы қасиеттің бәрі Көлбай көкемнің бойынан табылады. Оған осы күнге дейін толғап жазған талай танымдық дүниелері дәлел.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

ақын