Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Төрт өлшемді білім: жетістікке жетуге қажетті құзыреттіліктер» кітабының авторлары білім берудің жаңа құрылымы дамып, аталған саланың өз алдына қоятын мақсаттар ауқымы кеңейген сайын оларды іске асыруда қаншалықты дұрыс бағытта келе жатқанымызды бағалайтын рәсімдерді әзірлеу қажеттілігі арта түсетінін атап көрсетеді.
«Жақсы» бағалау дегеніміз не және ол неліктен маңызды? Бұл сұрақты бағалауға қатысты халықаралық кеңесші Ньюман Бёрдетке қойғанда, ол: «Бір қарағанда, қарапайым мәселе болып көрінгенімен, шын мәнінде, бұл күрделі, саяси деңгейде түсінбеушілік пен жауаптың болмауы көптеген түйткілді мәселеге алып келеді», деп жауап берді.
Педагогика ғылымдарының теоретиктері бағалаудың басты функциясы – процесті талдау және оқу үдерісінің жүру барысын анықтау, оған түзету енгізуге мүмкіндік беретін кері байланыс орнату деп есептейді. Яғни оқушы білімінің нақты нәтижесін, педагогтің шеберлік деңгейін немесе мектептің жетістігін көрсететін көрініс емес. Бұл – оқу үдерісін ұйымдастыру мен оның мазмұнынан бастап, нәтиже мен оны жақсартуға қатысты практикалық ұсыныстарға дейінгі үлкен ауқымды қамтитын оқу үдерісінің даму және оны жетілдіру бағытын барынша айқындайтын аса маңызды құрал.
2020 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мектептегі білім беруге қатысты сарапшылары «Қазақстанның білім беру мақсаттарын қолдайтын ұлттық бағалау жүйесін әзірлеу» тақырыбында арнайы баяндама дайындады. Онда жақсы жоспарланған бағалау жүйелері оң нәтижеге, ал нашарлары теріс салдарға алып келеді делінген. ЭЫДҰ сарапшыларының пікіріне қарағанда, алынған білім мен дағдылардың тұтас кешенін бағалай алмайтын емтихандар оқушыларды әрі қарай білім алуда және практикалық өмірде қажет болатын мүмкіндіктерден айырады. Бұл ретте мұғалімдер де оқу бағдарламасынан ауытқиды. Оқушыларды емтиханға дайындаудың маңызы тест тапсырмаларының дұрыс жауаптарын жаттатумен шектеледі. Сәйкесінше емтихан нәтижелері бұрмаланады және мектепте алған білімінің нақты деңгейін көрсетпейді. Бұл өз кезегінде оқыту мен оқуда ғана емес, жалпы елдің дамуына, ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге кедергі келтіреді.
Ағымдағы бағалаудың жиынтық нәтижелері жақсы болуы мүмкін, алайда оқушыларды сырттай бағалағанда немесе халықаралық мониторингтік зерттеулерге қатысқанда алған білім сапасының сәйкессіздігі анықталады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында «Қазақстан оқушылардың білім деңгейін халықаралық бағалау нәтижелері бойынша дамыған елдерден айтарлықтай артта қалып отыр. Мұндай артта қалудың көптеген себебі бар, басты себеп – бұл білім беруге бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ осы өте маңызды салада жүйелі және ойластырылған реформалардың болмауы» деп әділ бағасын берді.
Еліміздегі білім беру үдерісінің жай-күйі мен қажеттіліктерін мұқият қадағалауға, оның объективті өзгерістерінің мазмұнын айқындауға қабілетті ұлттық бағалаудың тиімді жүйесін қалыптастыру – бұл қазақстандық білім беру саясатының жалпы стратегиясындағы маңызды тактикалық міндет.
Біздің ұлттық бағалау жүйеміз қандай және оның қай тұсын өзгерту қажет?
Ұлттық емтихандар
Қазақстанда ұлттық емтиханның екі түрі бар. Біріншісі, 11-сыныптағы қорытынды аттестаттау. Емтиханды тек орта білім беретін мектеп оқушылары тапсырады. Мұндай емтихан колледж түлектері үшін жүргізілмейді, бұл ресми түрде орта (арнаулы) білім алушы және оны аяқтаушы оқушылардың 40%-ға жуығы. Оның үстіне, қорытынды аттестаттау деректері толықтай стандартталмаған, сондықтан мектептегі білімге жүйелі мониторинг жүргізудің кешенді тетігі бола алмайды. Екіншісі, жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі емтихан нысаны – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). ҰБТ 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны енгізу, бір жағынан, мектеп түлектерінің орта білімді толық аяқтаған кездегі нәтижесін тіркеуге, екінші жағынан, ҰБТ жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде әділдік деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге, студенттерді қабылдау және оларға стипендиялар тағайындау үдерісін барынша ашық және объективті етуге бағытталған. 17 жыл ішінде ҰБТ мектептегі білім беру мазмұнындағы жаңашылдықтарға және елдегі объективті өзгеріп отырған білім беру қажеттіліктеріне орай ұдайы жаңарып отырды. ҰБТ-ны оқушылардың жетістіктерін бағалау кезінде ұлттық білім беру стандарттарына қатысты салыстыру үшін ішінара қолдануға болады.
ЭЫДҰ баяндамасының сарапшылық қорытындылары да ҰБТ-ның бірнеше елеулі мәселелерін атап көрсетіп отыр. Біріншісі, тест тапсырмалары оқудың қолданбалы формаларының жетістіктері мен алынған практикалық дағдылар деңгейін көрсетудің орнына, оқушыларды көбінесе деректерді есте сақтауға шақырады. Екіншісі, ұлттық жоғары оқу орындарындағы орын санының, оқуды гранттық қаржыландыру көлемінің шектеулігіне қарамастан, ҰБТ-дан жоғары балл алуға деген ұмтылыс. Салдарынан «қайткенде жоғары нәтижеге жету» деген мақсат пайда болды. Оның іс жүзінде қандай көрініс тауып жатқанын, академиялық адалдық мәселелерін оқушылар да, ата-ана да, мұғалімдер мен мектеп басшылығы да жақсы біледі. Оның үстіне, ҰБТ тест тапсырмалары жыл сайын өзгеріп отырады. Ұлттық емтиханның осы түрінің нәтижесін білім беру үдерісінің сапасына ұдайы мониторинг жүргізу үшін қолдану қиындық туғызады.
Ұлттық мониторингтік бағалау
Дамыған елдердің көпшілігінде білім сапасын ұлттық мониторингтік бағалау жүйесі бар. Сыртқы бағалаудың бұл түрі бір орталықтан әзірленген тест тапсырмалары түрінде ұсынылады. Олар оқушылар арасында мектептегі білім берудің белгілі бір кезеңдері аяқталған кезде өткізіледі. Сыртқы бағалаудың мұндай түрі оқу нәтижелерін қадағалау және оны жақсарту бойынша шаралар қабылдауды негіздеу мақсатында қолданылады.
Қазақстанда сыртқы бағалаудың осы сияқты формасы бар, ол – оқу жетістіктерін сыртқы бағалау (ОЖСБ). Бұл 2012 жылдан бастап 9-сынып оқушыларының, кейін 4-сынып (2016 ж.) және 11-сынып (2017 ж.) оқушыларының білімін жүйелі іріктеу арқылы мониторингтік зерттеу жүргізу нысанында енгізілді. Биылға дейін ОЖСБ белгілі бір деңгейде оқу тиімділігін ұлттық бағалаудың басты құралы болып келді. Нәтижелері мен қорытындылары Қазақстандағы білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы алғашқы жыл сайынғы есепті дайындауға негіз болды. ОЖСБ 4 және 9-сынып оқушыларын іріктеу арқылы тестілеу түрінде 2004-2011 жылдар арасында қолданылған аралық мемлекеттік бақылауды (АМБ) алмастырды. АМБ-дан бас тартуға көбіне мектептер мен мұғалімдер тарапынан жоғары жиынтық баға алу мақсатында тест нәтижелерін бұрмалау жайттарының көбеюі себеп болды. Сондықтан дәл осы жағдайда ОЖСБ-ны енгізу Қазақстандағы білім беруді дамыту мақсаттарына және ауқымды халықаралық тәжірибеге негізделген ұлттық бағалау жүйесін дамытуға жасалған озық қадам болды. Дегенмен ОЖСБ-ны объективті түрде бағалау мақсатында ЭЫДҰ баяндамасындағы әріптес-авторларының сыни пікірлері мен оның қазіргі күйіне жүргізілген терең талдауымызды ескере отырып, оның келесідей кемшін тұстарын атап өткен жөн.
Біріншіден, тест тапсырмалары құзыреттіліктерге негізделген қазақстандық мектептердің жаңа оқу бағдарламасына сәйкес келмейді. Әлі күнге дейін оқушыларды бағалауда негізінен олардың алған білім көлемі ескерілетін бағалаудың ескірген тәсілдерін қолданатыны жасырын емес. Бұл ретте оқушылардың, оның үстіне жоғары деңгейдегі оқушылардың когнитивтік дағдыларын бағалауда кейбір педагогтер әлі де ескі түсінікті ұстанады.
ОЖСБ нәтижелері елдің білім беру жүйесінің ахуалына терең талдау жасауда, білім беру саясаты саласында шешім қабылдауда аса көп қолданыла бермейді. ОЖСБ-ның оқушылардың білім деңгейін қадағалауы әлсіз. ЭЫДҰ баяндамасында айтылғандай, жалпы алғанда ұлттық бағалау нәтижелері халықаралық бағалаумен иық теңестіре алмайды.
Ұлттық бағалау жүйесінің үш негізгі құрамдас бөлігі – қорытынды аттестаттау, ҰБТ мен ОЖСБ сапалық өзгерістерге ұшырап, түйткілді тұстарынан арылуы тиіс. Оларды қазақстандық білім берудің жаңартылған мазмұнына, мемлекеттегі орнықты, білімге негізделген экономиканың қалыптасу қажеттіліктеріне сәйкес келетін жаңа деңгейге көтеру қажет.
Ұлттық бағалау жүйесін жетілдіру – Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қойылған маңызды міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда Қазақстанда жоғарыда айтылғандай, сыртқы бағалаудың әлдеқайда заманауи жүйесін (ҰБТ және ОЖСБ) әзірлеу және енгізу үдерісі жүріп жатыр. Ол Дүниежүзілік банктің техникалық және қаржылық қолдауымен «Орта білім беруді модернизациялау» ауқымды жобасы аясында жүзеге асырылады. Мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары жаңартылды, жаңа оқу бағдарламалары әзірленді және енгізілді.
Критериалды бағалау мұғалімдердің оқушылар жұмысын және жетістіктерін бағалауына негіз болды. Оқушы тарапынан оқу бағдарламасы бірлігінің игерілуін кешенді бағалау мектепте бөлім бойынша (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) негізінде жүзеге асырылады. Бұл оқушы алған білімнің қарқынын объективті, ауқымды және дәл өлшеуге, оқушының оқуға деген ынтасының өзгеруін анықтауға және бағалаудағы белсенді рөлінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Осылайша, оқу үдерісі сапасы мен нәтижелілігі артады. Мұндай жаңа формаларды енгізу үдерісі жалғасуда және көптеген педагогке, әсіресе аға буын өкілдеріне оңай соқпай тұр. Дегенмен бұрынғы жүйеге оралмайтынымыз анық және мұны педагогтер мен ата-аналар қауымының басым бөлігі түсініп отыр.
Қазақстандық білім беруде ішкі және сыртқы бағалаудың арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бұған қоса, ұлттық және халықаралық бағалаудың нәтижелеріне барынша сәйкес келетіндей жағдайға ұмтылу қажет.
Халықаралық салыстырмалы зерттеулер
Халықаралық салыстырмалы зерттеулер – сыртқы бағалаудың үшінші маңызды дереккөзі. Олар оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) және ЭЫДҰ сияқты халықаралық ұйымдар тарапынан жүргізіледі.
Түрлі елдердің ұлттық білім беру жүйесінің ахуалы мен ондағы өзгерістерді анықтап, салыстыруға, мемлекеттердің білім беру саласында қабылдаған стратегиялық шешімдерінің тиімділігін бағалауға бірқатар зерттеулер көмектеседі. Атап айтқанда, мектептегі математика және жаратылыстану білім сапасын халықаралық мониторингілеу (TIMSS), мәтінді оқу және түсіну (PIRLS), сондай-ақ оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA). Олар білім берудегі халықаралық басымдықтар ескеріліп жасалатын бір құралды пайдалана отырып, түрлі елдердің іріктелген оқушылары арасында жүргізіледі.
TIMSS және PIRLS нәтижелері қазақстандық бастауыш сынып оқушыларының жаратылыстану, математика және оқу сауаттылығы бойынша халықаралық құрдастарымен салыстырылатын нәтижелерді көрсететінін байқатады. 8-сынып оқушылары математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша нәтижелерді Франция, Италия, Түркия, Жаңа Зеландия сияқты елдермен тең дәрежеде көрсетеді. Алайда 15 жастағы қазақстандық оқушылардың PISA емтиханын тапсырғанда, ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен әлдеқайда артта қалатыны байқалады. Мұндай нәтиже тест әдістемелеріндегі айырмашылықтарға байланысты болуы мүмкін. Мысалы, TIMSS оқу бағдарламасындағы фактілер мен үдерістерді нақты сипаттайды. PISA көбіне оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейі мен білімдерін іс жүзінде қолдану қабілетін көрсетеді. Дегенмен екінші және одан жоғары деңгейдегі тапсырмаларға шамасы келмеген қазақстандық балалардың саны ЭЫДҰ елдеріндегі қатарластарынан көп. PISA-2018 мәліметтеріне сәйкес, 2-деңгейлі тапсырманы орындамаған оқушыларымыздың үлесі оқу сауаттылығы бойынша жоғары және ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен 23% болса, бізде – 64%. Математикалық сауаттылық бойынша бұл арақатынас 24%-ға қарсы 49%-ды, жаратылыстану сауаттылығы бойынша 22%-ға қарсы 60%-ды құрайды.
ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес, 2-деңгейлі тапсырмаларды орындай алмаған оқушылар функционалдық сауатты емес саналатынын атап өту қажет. Демек, олар оқылым, жазылым және есептеу дағдыларын күнделікті өмірде, өзін дамытуда және қоғам дамуында пайдалануды білмейді. Бұл – терең ойлануды қажет ететін мәселе.
Сыртқы бағалаудың міндеті – білім беру үдерісінің жалпылама, сондай-ақ жекелеген аспектілеріндегі жетістіктер туралы мәлімет алу. Біз Қазақстанның жағдайын ескере отырып, PISA нәтижелеріне талдау жүргіздік. Ол үшін ҰБДҚ деректерінің үлкен ауқымы (біліктілік деңгейлері бойынша педагогтер үлесі, отбасылардың әлеуметтік жағдай көрсеткіштері, үш ауысымдық мектептер үлесі, қосымша біліммен қамту және т.б.) пайдаланылды. Негізгі компонент әдісі (РСА) бойынша талдау, мысалы, PISA-ның сапасын көтеру үшін өңірлерге қосымша білім беру жүйесі мен оның сапасына мән беру қажеттігін көрсетті. Себебі PISA тест тапсырмаларын орындау үшін оқушылар білетіндерін экстраполициялауы, пән сабақтарының шекарасынан асыра ойлауы, өз білімдерін жаңа жағдайда шебер қолдануы, оқу стратегиясының тиімділігін көрсетулері тиіс.
ЭЫДҰ мамандары айтқандай, егер балалар біз білетінді ғана үйренсе, олар алдыңғы буынның ізімен ғана жүріп өтеді. Өз бетінше ізденуге баулысақ, олар жаңа белестерді бағындыра алады. Өзі ойланып, шешім қабылдайды, тұлғалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да даму жолындағы жаңа мақсаттарға бет алады.
Қазақстандық мектептегі білімді сыртқы бағалаудың бүгінгі жүйесі ХХI ғасырдағы ел мен әлемнің экономикалық және қоғамдық дамуының барлық сындарына жауап беретін осындай нысананы көздеп, осындай мақсатқа ұмтылуға тиіс.
ОЖСБ және ҰБТ-ға өзгеріс енгізу басталып кетті. 2020 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың желтоқсаны аралығындағы екі жыл ішінде оқу жетістіктерін сыртқы бағалау (ОЖСБ) және ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) стандарттарын айтарлықтай жаңарту қажет. Арнайы оқытудан өткен 470 маман 24 мыңға жуық жаңа тест тапсырмаларын әзірлейді және екі рет пилоттық сынақтан өткізеді.
Қазіргі жағдайда аталған жұмыс бағыттарын бос даурықпай, сындарлы ескертулер мен кәсіби сын-пікір білдіре отырып, ұжым болып түсіну маңызды. Себебі әр ісіміз, жаңалыққа деген ұмтылысымыз және мектептегі білім беру үдерісін жаңартуға, жоғары нәтижелерге жетуге деген талпынысымыз ортақ. Өйткені жас буынның білім сапасы, қазақстандық жастардың тәуелсіз Отанымызды дамытудағы жаңа биіктерге жету қабілеті бізге байланысты.
Айдана ШИЛИБЕКОВА,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық өлшемдер орталығының директоры