Білім • 24 Қаңтар, 2022

Бағалау – жетістікке жетуге қажетті құзыреттілік

909 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Еліміздегі кез келген реформа әрбір азаматқа тікелей қатысты. Әсіресе, білім сала­сы сөз болғанда, ешкім де сырт қала алмайды. Отандық және халық­аралық тәжірибе көрсеткендей, білім беру саясатындағы реформаларды оң­тайлы жүзеге асыру білім саласының қазіргі ахуалын, оның тиімділігін, пай­да­ланылатын адами, ақпараттық, қаржылық және басқа да ресурстардың дең­гейін өлшеуге мүмкіндік беретін бағалау жүйесі енгізілген жағдайда ғана мүм­кін болады.

 

Бағалау – жетістікке жетуге қажетті құзыреттілік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Төрт өлшемді білім: жетістікке жетуге қажетті құзыреттіліктер» кітабының ав­­тор­лары білім берудің жаңа құрылымы да­­мып, аталған саланың өз алдына қоятын мақ­саттар ауқымы кеңейген сайын оларды іске асыруда қаншалықты дұрыс бағытта келе жатқанымызды бағалайтын рәсім­дер­ді әзірлеу қажеттілігі арта түсеті­нін атап көрсетеді.

«Жақсы» бағалау дегеніміз не және ол неліктен маңызды? Бұл сұрақты бағалауға қатысты халықаралық кеңесші Ньюман Бёрдетке қойғанда, ол: «Бір қарағанда, қарапайым мәселе болып көрінгенімен, шын мәнінде, бұл күрделі, саяси деңгейде түсінбеушілік пен жауаптың болмауы көптеген түйткілді мәселеге алып келеді», деп жауап берді.

Педагогика ғылымдарының теоретик­те­рі баға­лаудың басты функциясы – про­цес­ті тал­дау және оқу үдерісінің жүру ба­рысын анықтау, оған түзету енгізуге мүм­кін­дік беретін кері байланыс орнату деп есептейді. Яғни оқушы білімінің нақты нә­ти­жесін, педагогтің шеберлік дең­ге­йін немесе мектептің жетістігін көр­се­тетін көрініс емес. Бұл – оқу үдерісін ұйымдастыру мен оның мазмұнынан бас­тап, нәтиже мен оны жақсартуға қатысты практикалық ұсыныстарға дейінгі үлкен ауқымды қамтитын оқу үдерісінің даму және оны жетілдіру бағытын барынша айқындайтын аса маңызды құрал.

2020 жылы Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мек­тептегі білім беруге қатысты сарап­шы­лары «Қазақстанның білім беру мақсаттарын қол­дайтын ұлттық бағалау жүйесін әзір­леу» тақырыбында арнайы баяндама дайындады. Онда жақсы жоспарланған бағалау жүйелері оң нәтижеге, ал на­шар­лары теріс салдарға алып келеді делін­ген. ЭЫДҰ сарапшыларының пікі­ріне қарағанда, алынған білім мен дағ­ды­лардың тұтас кешенін бағалай алмай­тын емтихандар оқушыларды әрі қа­рай білім алуда және практикалық өмір­де қажет болатын мүмкіндіктерден айырады. Бұл ретте мұғалімдер де оқу бағдар­ла­масынан ауытқиды. Оқушыларды емти­ханға дайындаудың маңызы тест тапсырмаларының дұрыс жауаптарын жаттатумен шектеледі. Сәйкесінше емтихан нәтижелері бұрмаланады және мектепте алған білімінің нақты деңгейін көрсетпейді. Бұл өз кезегінде оқыту мен оқуда ғана емес, жалпы елдің дамуына, ұлт­тық мақсаттарға қол жеткізуге кедергі келтіреді.

Ағымдағы бағалаудың жиынтық нәти­желері жақсы болуы мүмкін, алайда оқу­шы­ларды сырттай бағалағанда немесе халықаралық мониторингтік зерттеулерге қатысқанда алған білім сапасының сәйкес­сіз­дігі анықталады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында «Қазақстан оқушылардың білім деңгейін халықаралық бағалау нәтижелері бойынша дамыған елдерден айтарлықтай артта қалып отыр. Мұндай артта қалудың көптеген себебі бар, бас­ты себеп – бұл білім беруге бөлінетін қара­жаттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ осы өте маңызды салада жүйелі және ойлас­ты­рылған реформалардың болмауы» деп әділ бағасын берді.

Еліміздегі білім беру үдерісінің жай-күйі мен қажеттіліктерін мұқият қада­ға­лауға, оның объективті өзгеріс­те­рінің мазмұнын айқындауға қабі­летті ұлттық бағалаудың тиімді жүйесін қалыптастыру – бұл қазақс­тандық білім беру саясатының жал­пы стратегиясындағы маңызды так­тика­лық міндет.

Біздің ұлттық бағалау жүйеміз қандай және оның қай тұсын өзгерту қажет?

Ұлттық емтихандар

Қазақстанда ұлттық емтиханның екі түрі бар. Біріншісі, 11-сыныптағы қорытынды аттестаттау. Емтиханды тек орта білім беретін мектеп оқушылары тапсырады. Мұндай емтихан колледж түлектері үшін жүргізілмейді, бұл ресми түрде орта (арнаулы) білім алушы және оны аяқтаушы оқушылардың 40%-ға жуығы. Оның үстіне, қорытынды аттестаттау деректері толықтай стандартталмаған, сондықтан мектептегі білімге жүйелі мониторинг жүргізудің кешенді тетігі бола алмайды. Екіншісі, жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі емтихан нысаны – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). ҰБТ 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны енгізу, бір жағынан, мектеп түлектерінің орта білімді толық аяқтаған кездегі нәтижесін тіркеуге, екінші жағынан, ҰБТ жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде әділдік деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге, студенттерді қабылдау және оларға стипендиялар тағайындау үдерісін барынша ашық және объективті етуге бағытталған. 17 жыл ішінде ҰБТ мектептегі білім беру мазмұнындағы жаңашылдықтарға және елдегі объективті өзгеріп отырған білім беру қажеттіліктеріне орай ұдайы жаңарып отырды. ҰБТ-ны оқушылардың жетістіктерін бағалау кезінде ұлттық білім беру стандарттарына қатысты салыстыру үшін ішінара қолдануға болады.

ЭЫДҰ баяндамасының сарапшылық қорытындылары да ҰБТ-ның бірнеше елеулі мәселелерін атап көрсетіп отыр. Біріншісі, тест тапсырмалары оқудың қол­дан­балы формаларының жетістіктері мен алынған практикалық дағдылар деңгейін көрсетудің орнына, оқушыларды көбінесе деректерді есте сақтауға шақы­ра­ды. Екіншісі, ұлттық жоғары оқу орын­да­рын­дағы орын санының, оқуды гранттық қаржыландыру көлемінің шектеулігіне қарамастан, ҰБТ-дан жоғары балл алуға деген ұмтылыс. Салдарынан «қайткенде жо­ғары нәтижеге жету» деген мақсат пай­да болды. Оның іс жүзінде қандай көрініс тауып жатқанын, академиялық адалдық мәселелерін оқушылар да, ата-ана да, мұғалімдер мен мектеп басшылығы да жақсы біледі. Оның үстіне, ҰБТ тест тапсырмалары жыл сайын өзгеріп отырады. Ұлттық емтиханның осы түрінің нәтижесін білім беру үдерісінің сапасына ұдайы мониторинг жүргізу үшін қолдану қиындық туғызады.

 

Ұлттық мониторингтік бағалау

Дамыған елдердің көпшілігінде білім сапасын ұлттық мониторингтік бағалау жүйесі бар. Сыртқы бағалаудың бұл түрі бір орталықтан әзірленген тест тапсырмалары түрінде ұсынылады. Олар оқушылар арасында мектептегі білім берудің белгілі бір кезеңдері аяқталған кезде өткізіледі. Сыртқы бағалаудың мұндай түрі оқу нәтижелерін қадағалау және оны жақсарту бойынша шаралар қабылдауды негіздеу мақсатында қолданылады.

Қазақстанда сыртқы бағалаудың осы сияқты формасы бар, ол – оқу жетістіктерін сыртқы бағалау (ОЖСБ). Бұл 2012 жылдан бастап 9-сынып оқушыларының, кейін 4-сынып (2016 ж.) және 11-сынып (2017 ж.) оқушыларының білімін жүйелі іріктеу арқылы мониторингтік зерттеу жүргізу нысанында енгізілді. Биылға дейін ОЖСБ белгілі бір деңгейде оқу тиімділігін ұлттық бағалаудың басты құралы болып келді. Нәтижелері мен қорытындылары Қазақстандағы білім беру жүйесінің ахуа­лы мен дамуы туралы алғашқы жыл са­­йын­ғы есепті дайындауға негіз болды. ОЖСБ 4 және 9-сынып оқушыларын іріктеу арқылы тестілеу түрінде 2004-2011 жылдар арасында қолданылған ара­лық мемлекеттік бақылауды (АМБ) алмастырды. АМБ-дан бас тартуға көбіне мек­тептер мен мұғалімдер тарапынан жоға­ры жиынтық баға алу мақсатында тест нәтижелерін бұрмалау жайттарының көбеюі себеп болды. Сондықтан дәл осы жағдайда ОЖСБ-ны енгізу Қазақстандағы білім беруді дамыту мақсаттарына және ауқым­ды халықаралық тәжірибеге негіз­дел­ген ұлттық бағалау жүйесін дамытуға жасалған озық қадам болды. Дегенмен ОЖСБ-ны объективті түрде бағалау мақ­са­тында ЭЫДҰ баяндамасындағы әріптес-авторларының сыни пікірлері мен оның қазіргі күйіне жүргізілген терең тал­дауы­­мызды ескере отырып, оның келе­сі­­дей кемшін тұстарын атап өткен жөн.

Біріншіден, тест тапсырмалары құ­зы­рет­тіліктерге негізделген қазақс­тандық мектептердің жаңа оқу бағдар­ла­ма­сына сәйкес келмейді. Әлі күнге дейін оқу­шы­ларды бағалауда негізінен олардың алған білім көлемі ескерілетін бағалаудың ескірген тәсілдерін қолданатыны жасырын емес. Бұл ретте оқушылардың, оның үстіне жоғары деңгейдегі оқушылардың когнитивтік дағдыларын бағалауда кейбір педагогтер әлі де ескі түсінікті ұстанады.

ОЖСБ нәтижелері елдің білім беру жүйе­сінің ахуалына терең талдау жасауда, білім беру саясаты саласында шешім қабылдауда аса көп қолданыла бермейді. ОЖСБ-ның оқушылардың білім деңгейін қадағалауы әлсіз. ЭЫДҰ баяндамасында айтылғандай, жалпы алғанда ұлттық бағалау нәтижелері халықаралық бағалаумен иық теңестіре алмайды.

Ұлттық бағалау жүйесінің үш негізгі құрамдас бөлігі – қорытынды аттестаттау, ҰБТ мен ОЖСБ сапалық өзгерістерге ұшырап, түйткілді тұстарынан арылуы тиіс. Оларды қазақстандық білім берудің жаңартылған мазмұнына, мемле­кет­тегі орнықты, білімге негізделген эко­но­миканың қалыптасу қажеттіліктеріне сәйкес келетін жаңа деңгейге көтеру қажет.

Ұлттық бағалау жүйесін жетілдіру – Қазақстан Республикасында білім беру­ді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қойылған маңызды міндеттердің бірі.

Қазіргі таңда Қазақстанда жоғарыда айтылғандай, сыртқы бағалаудың әлде­қай­да заманауи жүйесін (ҰБТ және ОЖСБ) әзірлеу және енгізу үдерісі жүріп жатыр. Ол Дүниежүзілік банктің тех­ни­ка­лық және қаржылық қолдауымен «Орта білім беруді модернизациялау» ауқымды жобасы аясында жүзеге асырылады. Мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары жаңартылды, жаңа оқу бағдарламалары әзірленді және енгізілді.

Критериалды бағалау мұғалімдердің оқушылар жұмысын және жетістіктерін бағалауына негіз болды. Оқушы тарапынан оқу бағдарламасы бірлігінің игерілуін кешенді бағалау мектепте бөлім бо­­­­йынша (БЖБ) және тоқсандық жиынтық баға­лау (ТЖБ) негізінде жүзеге асырылады. Бұл оқушы алған білімнің қарқынын объективті, ауқымды және дәл өлшеуге, оқу­шының оқуға деген ынтасының өзге­руін анықтауға және бағалаудағы бел­сенді рөлінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Осылайша, оқу үдерісі сапасы мен нәтижелілігі артады. Мұндай жаңа формаларды енгізу үдерісі жалғасуда және көптеген педагогке, әсіресе аға буын өкіл­деріне оңай соқпай тұр. Дегенмен бұ­рынғы жүйеге оралмайтынымыз анық және мұны педагогтер мен ата-аналар қауымының басым бөлігі түсініп отыр.

Қазақстандық білім беруде ішкі және сыртқы бағалаудың арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бұған қоса, ұлттық және халықаралық бағалаудың нәтижелеріне барынша сәйкес келетіндей жағдайға ұмтылу қажет.

 

Халықаралық салыстырмалы зерттеулер

Халықаралық салыстырмалы зерттеулер – сыртқы бағалаудың үшінші маңызды дереккөзі. Олар оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) және ЭЫДҰ сияқты халықаралық ұйымдар тарапынан жүргізіледі.

Түрлі елдердің ұлттық білім беру жүйе­­сінің ахуалы мен ондағы өзге­ріс­терді анықтап, салыстыруға, мемле­кет­тер­дің білім беру саласында қабылдаған стратегиялық шешімдерінің тиімділігін бағалауға бірқатар зерттеулер көмектеседі. Атап айтқанда, мектептегі математика және жаратылыстану білім сапасын халықаралық мониторингілеу (TIMSS), мәтінді оқу және түсіну (PIRLS), сондай-ақ оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA). Олар білім берудегі халықаралық басымдықтар ескеріліп жасалатын бір құрал­ды пайдалана отырып, түрлі елдер­дің іріктелген оқушылары арасында жүр­гі­зіледі.

TIMSS және PIRLS нәтижелері қазақ­с­тан­дық бастауыш сынып оқушыла­рының жаратылыстану, математика және оқу сауаттылығы бойынша халықаралық құр­дас­тарымен салыстырылатын нәтиже­лерді көрсететінін байқатады. 8-сынып оқушылары математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша нәтижелерді Франция, Италия, Түркия, Жаңа Зеландия сияқты елдермен тең дәрежеде көрсетеді. Алайда 15 жастағы қазақстандық оқушылардың PISA емтиханын тапсырғанда, ЭЫДҰ елдерінің кө­р­сеткіштерінен әлдеқайда артта қала­ты­ны байқалады. Мұндай нәтиже тест әдістемелеріндегі айырмашылықтарға байланысты болуы мүмкін. Мысалы, TIMSS оқу бағдарламасындағы фактілер мен үдерістерді нақты сипаттайды. PISA көбіне оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейі мен білімдерін іс жүзінде қолдану қабілетін көрсетеді. Дегенмен екінші және одан жоғары дең­гейдегі тапсырмаларға шамасы келмеген қазақстандық балалардың саны ЭЫДҰ елдеріндегі қатарластарынан көп. PISA-2018 мәліметтеріне сәйкес, 2-деңгейлі тапсырманы орындамаған оқу­шыларымыздың үлесі оқу сауат­ты­лы­ғы бойынша жоғары және ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен 23% болса, бізде – 64%. Математикалық сауаттылық бойынша бұл арақатынас 24%-ға қарсы 49%-ды, жаратылыстану сауаттылығы бойынша 22%-ға қарсы 60%-ды құрайды.

ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес, 2-дең­гей­лі тапсырмаларды орындай ал­ма­­ған оқушылар функционалдық сауатты емес сана­латынын атап өту қажет. Демек, олар оқылым, жазылым және есеп­теу дағ­ды­ла­рын күнделікті өмірде, өзін дамытуда және қоғам дамуында пайдалануды біл­мей­ді. Бұл – терең ойлануды қажет ететін мәселе.

Сыртқы бағалаудың міндеті – бі­лім беру үдерісінің жалпылама, сондай-ақ жекелеген аспектілеріндегі жетіс­­тіктер туралы мәлімет алу. Біз Қазақ­стан­ның жағдайын ескере отырып, PISA нәти­желеріне талдау жүргіздік. Ол үшін ҰБДҚ деректерінің үлкен ауқымы (білік­ті­лік деңгейлері бойынша педагогтер үлесі, отбасылардың әлеуметтік жағдай көрсеткіштері, үш ауысымдық мектептер үлесі, қосымша біліммен қамту және т.б.) пайдаланылды. Негізгі компонент әдісі (РСА) бойынша талдау, мысалы, PISA-ның сапасын көтеру үшін өңірлерге қосымша білім беру жүйесі мен оның сапасына мән беру қажеттігін көрсетті. Себебі PISA тест тапсырмаларын орындау үшін оқушылар білетіндерін экстраполициялауы, пән сабақтарының шекарасынан асыра ойлауы, өз білімдерін жаңа жағдайда шебер қолдануы, оқу стратегиясының тиім­ді­лігін көрсетулері тиіс.

ЭЫДҰ мамандары айтқандай, егер балалар біз білетінді ғана үйренсе, олар алдыңғы буынның ізімен ғана жүріп өтеді. Өз бетінше ізденуге баулысақ, олар жаңа белестерді бағындыра алады. Өзі ойланып, шешім қабылдайды, тұлғалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да даму жолындағы жаңа мақсаттарға бет алады.

Қазақстандық мектептегі білімді сырт­қы бағалаудың бүгінгі жүйесі ХХI ға­сыр­да­ғы ел мен әлемнің экономикалық және қоғамдық дамуының барлық сындарына жауап беретін осындай нысананы көздеп, осындай мақсатқа ұмтылуға тиіс.

ОЖСБ және ҰБТ-ға өзгеріс енгізу бас­талып кетті. 2020 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың желтоқсаны аралығындағы екі жыл ішінде оқу жетістіктерін сырт­қы бағалау (ОЖСБ) және ұлттық бірың­ғай тестілеу (ҰБТ) стандарттарын айтар­лық­тай жаңарту қажет. Арнайы оқыту­дан өткен 470 маман 24 мыңға жуық жаңа тест тапсырмаларын әзірлейді және екі рет пилоттық сынақтан өткізеді.

Қазіргі жағдайда аталған жұмыс ба­ғыт­­тарын бос даурықпай, сындарлы ес­кер­тулер мен кәсіби сын-пікір біл­ді­ре отырып, ұжым болып түсіну ма­ңызды. Себебі әр ісіміз, жаңалыққа деген ұмтылысымыз және мектептегі білім беру үдерісін жа­ңар­туға, жоғары нәти­желерге жетуге деген талпынысымыз ортақ. Өйткені жас буынның білім сапасы, қазақ­стан­дық жастардың тәуелсіз Ота­ны­мыз­ды дамытудағы жаңа биіктерге жету қабілеті бізге байланысты.

 

Айдана ШИЛИБЕКОВА,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық өлшемдер орталығының директоры