Қоғам • 25 Қаңтар, 2022

Қарқынды құрылыс халыққа қолайлы ма?

575 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр 1 698 солтүстікқазақстандық «Отбасы банкі» арқылы жаңа үйге қол жеткізді. Осынша тұрғынның баспаналы болуы үшін банк 17,7 млрд теңгенің займын берген. Бұл – аталған банктің облыстық филиалы үшін рекордтық көрсеткіш.

Қарқынды құрылыс халыққа қолайлы ма?

Жалпы, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы кешенді жоспарының аясында былтыр 346 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның 217 шаршы метрі – тек Петропавл қаласында. Бұл қала соңғы бес жылда әжептәуір өзгерді. Бұ­рын қаланың кіреберісі – Киров көшесінің бойында бір қабатты үйлер секторы болатын. Шаһарға жоғары лауазымды қонақ келе қалса, қала басшылары сол үй­лердің сыртын сырлатып, бір­келкі шарбақ салдырып, шала шабылып қалатын. Бірақ жартысы жерге кіріп кеткен үйлерді қанша әрлесең де жасыра алмайсың.

Қазір қаладағы ең үлкен осы көше – тұтасымен жыр алыбы Жамбылдың атында. Мұндағы барлық жұтаң үй сырылып, оның орнына заманауи архитектураға сай үйлер бой түзеген. «Жас өркен» шағын ауданында 900 орындық қазақ мектебі ашылған, қазақ театрының құрылысы қолға алынған. Өкінішке қарай, театр­дың құрылысы екі жылдай тұралап, биыл қайта басталды.

Былтыр облыстың барлық аумағында құрылыс жүргізу үшін 106 млрд теңге игерілді. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға көбірек. Құрылыстың негізгі бағыты – әлеуметтік нысандар. Соның ішінде Петропавл қаласындағы Уәлиханов көше­сінде 900 орындық мектеп, Шал ақын ауданында 160 орындық дене тәрбиесі және сауықтыру кешені салынды. Осыдан сәл кішірек кешен Жамбыл ауданындағы Қайранкөл ауылында да тұрғызылды. Ал Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында хоккей корты бой көтерді.

«Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде «Отбасы банкінен» 1,4 млрд теңгенің 285 займы берілді. Займ­ның жылдық өсімі – 5 пайыз ғана. Осы бағдарламаның «Шаңырақ» қанатқақты жобасы бойынша кезекте тұрған 208 әкімдік қыз­меткері үй жайын жақсартты. «Бақытты отбасы» бағыты бо­йын­ша 437 млн теңгенің 47 займы берілген. «Отбасы банкінің» қаражатына барлығы 8 ғимараттан тұратын 861 пәтерлік тұрғын үй салынды», дейді банк филиалының директоры Алмас Жапабаев.

Әлеуметтік құрылыс жұмыс­тарымен қатар осы салада алда­ғы жылы іске асырылатын жоба­лардың сметалық құжаттары дайындалды. Соның ішінде Петро­павл қаласында спорттың 32 түрімен 3 124 адамға айналысуға мүмкіндік беретін жаңа спорт сарайының жобасы аяқталды. Ал Уәлиханов ауданының орталы­ғы Кішкенекөл ауылында 2,5 млрд теңгенің 250 орындық емхана­сының жобасы дайындалды.

Құрылыс басқармасының бастығы Қ.Галеевтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс саласы осы жылы 120 млрд теңгенің жұмысын игеруді жоспарлап отыр. Соның ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ауқымы 401 мың шаршы метрге жетті.

Халық арасында «Капай» атанып кеткен шағын ауданның ескі үйлері де былтыр сүріліп, жері босатылған. Қызылжарда көше салуды ойламай, ойылған шымнан қаланған жаппаларын бір-біріне жалғастырып жыпырлатып сала бастаған XІХ ғасырдан бері бұл шағын ауданның қалпы өзгермеген. Кеңес Одағы жылдарында да бұл ауданды түзетуге ешкімнің тісі батпады. Жақсы үйлер салынса да, көшелерін қалып­қа келтіру оңай болмады. «Капайда» көше жоқ, тек үйлер нөмірленген болатын, бірақ нөмірдің өзі қызық. Мысалы, 100-ші нөмірлі үйден кейін келесі тұрғаны 1000-шы болып кете беретін. Енді сол жерге 647 пәтерлі 9 тұрғын үй салынбақ.

Ал қала бойынша барлығы 983 пәтерлі 13 көп қабатты үй тұрғызу жоспарланған. Сонымен қатар бюджеттік қаражаттан тыс, жекеменшік капиталдың күшімен 1 732 пәтерлі 24 коммерциялық үйлер салынбақ. Алайда халқы құжынап жататын миллионер қалалар сияқты 18 қабатты 10 үйдің салынатыны көп адамды қуанта қоймады. «Зерттеу СК» атты жекеменшік құрылыс ком­паниясы тіпті 30 және 35 қабатты 267 пәтерден тұратын екі тұрғын үй құрылысын биыл бастамақ. Халқының саны 250 мыңға жетпейтін шағын қалаға тұрғындарды, автокөліктерді тар жерге құмырсқаның илеуіндей құжынататын тым биік үйлердің қандай қажеттілігі бар? Халық еркін тыныстау үшін қаланың биікке емес жазыққа өскендігі пайдалы ғой.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл қаласының Бас жо­спарының толықтырылған нұсқасы сараптан өтіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы комитетінде бекітілді. Енді бұл биылғы қаңтар айында Әділет, Ұлттық экономи­ка, Қаржы, Индустрия және инфра­құрылымдық даму минис­трлігінің келісімін алады. Осы министрліктердің бірі болсын осы сауалды алға тартар деген үміт­теміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы