Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022

Жедел жәрдемге сұраныс көбейді

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында соңғы уақытта тұрғындардың жедел жәрдем қызметін шақыртуы жиілеп барады. Жедел медициналық қызмет көрсету стансасының бас дәрігері Ирина Штейгервальд өңір халқына осы мәселені ескертіп, фельдшер кешігіп жатқан жағдайда, оған түсіністікпен қарауды сұрады.

Жедел жәрдемге сұраныс көбейді

Бас дәрігердің айтуынша, шақырту жиілеп кеткен соң, медицина қызметкерлері де жиі ауырып қалып жатқан көрінеді. Мәселен, облыс тұрғындары «103» қызметіне соңғы тәуліктің өзінде 2 020 рет қоңырау шалған. Дәрігерлер бригадасы 1 321 шақыртуға барып, 600-ден астам тұрғынның суық тигізіп алғанын анықтаған.

– Соңғы бес күннің ішінде жедел жәрдем шақыртулары 30%-ға өсіп кетті. Науқастардың көбі суық тиіп, дене қызуы көтеріліп жатқандар. Алайда бұл жерде жалпыхалықтық вакциналаудың өз нәтижесін беріп отырғанын айта кету керек. Шақырту көбейгенімен, госпитальға жатқандардың саны 1 пайыздан аспайды. Былтыр пациенттеріміздің 30 пайызы аурухана кереуетіне жатқызылған еді. Биыл көбі үй жағдайындағы ем-дом шараларымен шектелуде. Осы орайда, «103» қызметіне деген сұраныстың күрт өскенін тағы естеріңізге сала кеткім келеді. Кешігіп жатсақ, кешіріммен қарауларыңызды сұраймыз. Біздің қызметкерлеріміздің де біразы ауырып қалды, сондықтан жедел жәрдемді күту уақыты да ұзарып отыр, – деді бас дәрігер.

Жеңіл-желпі сырқаттанып қалған адамдардың да жедел жәрдем қызметін шақыртып жатқанын айтқан Ирина Штей­гервальд тұрғындардан ентігу және тыныс жолдарының тарылу белгілері болмаса, дене қызуының көтерілуі мен жеңіл жөтелге бола «103» қызметіне қоңырау шалуды азайтуды сұрады.

 

Қостанай облысы