АТЫРАУДА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ ХИУАЗ ДОСПАНОВАҒА ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ
Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге жауынгерлік тапсырмамен 300 рет көтеріліп, фашистік басқыншылардың төбесінен қырандай шүйілген қазақ қызы Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі қай кезде де ұлықтауға лайық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін апамыз жайлы баспасөзде тұрақты жазылды. Оның еліміздің ең жоғары марапаты – Халық Қаһарманы атағына лайықты екендігі “Егемен Қазақстан” газетінде ұдайы көтерілді. Бұл орынды ұсыныс аяқсыз қалмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ерлік пен өрліктің, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Хиуаз Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Осылайша, елінің атын шығарар ерге тән ерлігімен танылған қайсар рухты қазақ қызының мәртебесін туған елі көтеріп, мерейін тасытты. Қайталанбас ерлік пен шежірелі еңбекке толы өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге етті.
Хиуаз Доспанованың кіндік қаны тамған Атырауда да оның есімін мәңгі есте қалдыру шаралары қолға алынуда. Мәселен, былтырғы шілдеде өңір орталығында жаңадан бой көтерген мұз айдыны сарайына ұшқыш апамыздың аты берілді. Сол кезде облыс әкімі Бергей Рысқалиев: “Қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары кіндік қаны тамған жерде жалғаса береді. Алдағы уақытта оның ескерткішін ашу ойда бар”, деген еді. Содан бері бұл мәселе әлсін-әлсін қозғалып, Жеңіс мерекесі қарсаңында түпкілікті тиянақталды.
Таяуда Атырау қаласында Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың мыстан құйылған ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Бергей Рысқалиев, қаһарман ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров, соғыс ардагерлері мен қала жұртшылығы көптеп қатысты. Ескерткіштің ақ жамылғысын облыс әкімі Бергей Рысқалиев пен соғыс ардагері Айдын Айбаров бірлесе сыпырғанда, әуеде қырандай самғаған әскери ұшақтың штурманы Хиуаз апаның асыл бейнесі жарқ ете қалды.
Өзі де майданда ұшқыш болып, талай рет жауынгерлік тапсырмалар орындаған майдангер Айдын Айбаров ақсақал Отанның тыныштығы мен бейбіт өмір үшін от пен оқтың ортасынан оралмаған боздақтар мен көзі тірі майдангерлердің ерлігі ешқашан өшпейтіндігін тілге тиек етті. “Міне, бүгін соның бір көрінісіне, қазақтың қайсар қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткішінің ашылуына куә болдық. Бұл – ерлікке тағзым!”, деді майдангер.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.