Өйткені Атырау – еліміздегі ең стратегиялық өңірдің бірі. Әсіресе мұнай-газ өнеркәсібі саласында отандық компаниялармен бірге, шетелдік инвесторлардың да үлесі бар. Мәселен, «Теңіз», «Қашаған» секілді кен орындары мен газ-химия кешенінің құрылыс алаңында еліміздің әр өңірінен, тіпті шетелден де жұмыс істеуге келгендер жетерлік. Осындай маңызы бар өңірде биылғы қаңтарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 33 есеге өсіп отыр. Бұл – Денсаулық сақтау министрінің дерегі.
Ажар Ғиният өңірде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғарылаған Атырау қаласы мен «Теңіз» кен орнында санитарлық-эпидемиялық талаптарды күшейту қажет деп есептейді. Тұрғындар арасында вакцина алу мен ревакциналау жөнінде ақпараттық түсінік жұмысын жандандырып, тапшы мамандарды оқыту мәселесі оң шешілуі қажет. Бұл – өңірдегі эпидемиялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін шаралар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, өңір 11 қаңтардан бері «қызыл аймақта» тұр. Бұған коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегінің күрт өскені себеп болған. Қазір орташа есеппен тәулігіне 500-ден астам науқас тіркеледі. Індетке шалдығушылар санының артуына байланысты 13 қаңтарда резервтен қосымша 1 780 инфекциялық төсектік орын ашылды. Қазір инфекциялық төсектік орынның саны 2 360-ты құрайды. Ал жансақтау бөлімінде 106 орын бар.
– Былтырдан бері медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Қазір бұл мекемелерде жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталды. Дәрілік заттардың 42 атауы бойынша тұрақтандыру қоры қалыптасты. Үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарды 129 мобильді бригада бақылайды. Оның ішінде Атырау қаласында 54, аудандарда 75 мобильді бригада жұмыс істейді. Резервте 50 мобильді бригада бар, – деп мәлім етті А.Байдуәлиев.
Мәселен, 24 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Атырау қаласында 567 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Қазір Атырау қаласы қауіпті вирусты жұқтырушылардың негізгі ошағына айналып отыр. Мұнда бір тәулікте 376 науқас тіркелді. Ал «Теңіз» кен орнында 45 жұмысшының коронавирусқа шалдыққаны анықталды. Жылыой ауданында – 80, Қызылқоғада – 33, Махамбетте – 14, Құрманғазыда – 11, Индерде – 7, Мақат ауданында 1 адамнан инфекцияның белгісі табылып отыр. Инфекциялық стационарларда 635, жансақтау бөлімінде 20 науқас жатыр. Оның ішінде 4 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жыл басынан бері қайтыс болғандар да бар.
Соңғы аптада үй жағдайында ем-дом қабылдап жатқандар саны көбейіп, 5 914 адамға жетті. Дегенмен жаһан елдерінен табылып жатқан «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. Бірақ Атырау қаласындағы №4 емхананың тәжірибелі эпидемиолог-дәрігері Тілепберген Хамзиннің пікірінше, шектеу шараларын сақтау артық етпейді. Мәселен, бетперде тағып, адамдар көп шоғырланатын сауда орындарына бармаған жөн. Үнемі қолды таза ұстап, қонақ шақырмау, қонаққа бармау секілді қарапайым шектеулерді ескеру керек.
«Омикрон» штамының тез таралатыны дүниежүзі елдерін алаңдатып отыр. «Дельта» штамымен салыстырғанда, мұның жұғу шапшаңдығы 5-10 есеге жоғары екені анықталды. Тағы бір жайт, «Омикрон» штамының адам денесіне енетін тікенекті ақуызы болады. Жаңа штамм мутацияға ұшырап, жылдам өзгереді. Сол себептен, вирусты жұқтырған адамның өкпе, тыныс алу жолдарын зақымдайды. Қан тамырлары, жүрек, бүйрек ауруларына, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Өйткені жаңа штамм тұмау секілді басталып, кейін адамның ағзасының қатты ауыруына, тершеңдікке әкеліп соқтырады. Қазір жаңа штамның 20-39 жас аралығындағы жастарға тез жұғатыны байқалып отыр. Балалар бұл штамды жеңіл өткереді. Алайда ауырған балада 2-3 айдан кейін көпжүйелі қабыну синдромдары пайда болуы мүмкін. Сондықтан қауіпті індеттен қорғанудың ең тиімді әрі жалғыз жолы – вакцина алу, – деген пікірін білдірді эпидемиолог-дәрігер Тілепберген Хамзин.
Вакцина демекші, бұл мәселе әлі де жандандыруды қажет етіп отыр. Өйткені осы кезге дейін COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналардың бірінші компонентін салдырғандар саны 263 373 адамға жеткен. Вакциналардың II компонентін 246 375 атыраулық ектірген. Ал Pfizer екпесін 4 422 адам алса, қайта вакциналаудан 19 815 адам өткен.
Атырау облысы