БИЛІКСІЗ ПАРЛАМЕНТ
Ұлыбританияда өткен парламент сайлауында күткендегідей 13 жыл билікте болған лейбористер партиясы жеңіліс тапты. Бірақ жеңіске жеткен консерваторлар партиясының да жеке-дара үкімет құруға мүмкіндігі жоқ. Парламенттегі 650 орынның 305-і консерваторларға, 255-і лейбористерге, 61-і лейберал-демократтарға тиіп отыр. Енді мәселе коалицияға барып тіреледі. Лейбористер мен консерваторлар одақтаспайтыны анық. Үкімет тағдырын либерал-демократтардың кіммен одақтасатыны шешпек. Алда-жалда коалиция құрудың сәті түспесе, жаңа парламент сайлауы өтуге тиіс.
ГРЕКТЕР ҚЫСПАҚТА
Грекия дағдарыс құшағында. Басқаларға қарыздар, қаржысы тапшы. Соған орай жалақыны, зейнетақыны қысқартпақ. Амал жоқтықтан. Көп адам оны түсінгісі жоқ. Үкімет қысастықпен жасап жатқандай көреді. Сөйтіп, қарсылық білдіріп жатыр. Қарсылық болғанда, әлдекімдердің арандатуларымен жастар қол жеткенді қиратып, жанатынды өртеуге кірісті. Сондай-ақ елде жаппай ереуілге шығу өріс алды. Оны ұйымдастырған кәсіподақтардың мәлімдеуінше, оған 100 мыңнан астам адам қатысқан.
УКРАИНДЫҚТАР ТӨБЕЛЕСКІШ
Ағайынды боксшылар Кличколарды әлем жұртшылығы біледі. Олар әлемге украиндардың қалай төбелесе алатынын танытқан. Сірә олардан депутаттар мен шенеуніктер де қалысқысы жоқ. Жақында парламенттегі төбелесті талай күн телеарналардан бүкіл әлем тамашаласа, күні кеше экономика министрі Василий Цушко өзіне келген оппозиционер депутат Антон Яценконы иектен ұрып, сұлатып салыпты. Себебі, айқын емес – сөзін өткізе алмаған депутат, қандай ниетпен екенін өзі біледі, министрге тұра ұмтылса керек, сонда кабинет иесі қарсы соққы жасаған көрінеді.
ТІЛ ТАБЫСУҒА ЖАҚЫН
Екі айға жуық қасарысқан қарсылықтан кейін Таиланд оппозициясының басшылығы биліктің ұсыныстарын қарауға кірісті. Премьер-министр Абхисит Ветчачиваның үкіметі қараша айында сайлау өткізуді ұсынып отыр. Ал оппозиция бұған дейін үкіметтің қызметтен кетуін, парламентті таратуды талап еткен болатын. Үкімет белгілі дәрежеде ыңғайға жығылса, бұл ең алдымен адамдардың құрбандығына жол бермеуді ойлағаны анық. Бұған дейін қақтығыстан 27 адам қаза тапқан еді. Дегенде, оппозицияның халық сайлаған парламентті таратуды талап етуін негізді деуге келмейді.
БАНКИР – ҚЫЛМЫСКЕР
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Исландия әлемдегі ең тұрақты, адам өмір сүруіне ең қолайлы елдердің бірі саналатын. Содан әлемдік дағдарыс дендегенде, ең алдымен қыспаққа түскен де Исландия болды. Шағын елдің жетекші – үш банктің қарызы 61 миллиард долларға жетіп, үкімет оларды мемлекет иелігіне алуға мәжбүр болды. Сол үш банктің ең ірісі Kauptіngтің күйреуіне тек дағдарыс қана емес, оның жетекшісі Хейдар Мар Сугурдссон да айыпты екен. Ол құжаттарды қолдан жасап, биржада алдамшы ойындар өткізіп, тағы басқа қулық-сұмдықпен біраз банк қаржысын жымқырыпты. Енді банкир тұтқынға алынып отыр.
ҰЛТЫ КӨРСЕТІЛМЕЙДІ
Бұдан былай ресейлік төлқұжаттарда иесінің ұлтын көрсететін графа болмайды. Неге бұлай деп айқайлағандар болған екен, оған елдің конституциялық соты заңдық тұрғыда бір ұлттың өкілі болу Ресей азаматтығын алуға ықпал етпейді деп жауап беріпті. Енді мен аға ұлттың өкілімін. Мемлекет құраушы ұлттың өкілімін деп ешкімнің басқаларға қожаңдауына жол берілмейді.
МАОИСТЕРДІҢ ТАЛАБЫ
Непалда маоистік ұйымдардың бастамасымен басталған қарсылық акциясы барған сайын кең етек алып отыр. Олар үкіметтің кетуін талап етеді. Жаппай ереуілдің салдарынан дүкендер, тамақтандыру орындары ғана емес, кәсіпорындар да жұмысын тоқтатыпты. Мектептер де, мемлекеттік мекемелер де жабылған көрінеді. Осыған қарағанда, елде маоистердің ықпалы айтарлықтай екенін аңғарасың.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.