Білім • 27 Қаңтар, 2022

Ералы Тоғжанов: 43 мемлекет QazVac вакцинасын алуға дайын

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов 43 мемлекет отандық вакцинаны алуға дайын екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Ералы Тоғжанов: 43 мемлекет QazVac вакцинасын алуға дайын

«Қазақстандық ғалымдардың табысы – Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын әзірлеуі. Бүгінгі күні алға жылжу бар. BSL-3, BSL-4 құрылысы жүргізіліп жатыр», деді  Үкімет басшысының орынбасары.

Ералы Тоғжанов бұл жұмысты атқаруда Білім және ғылым министрлігінің рөлі өте зор екенін айтты.

«Елдің атын шығарған жоба екенін барлығымыз жақсы білеміз. Қазақстан 6 мемлекеттің ішінен 5-ші болып өзінің вакцинасын шығарды. Бұл – үлкен жетістік. Сол себепті ғалымдарға рахметімізді айтамыз. Ары қарай да жұмыс көп. Олардың алдына қойылған тапсырма да бөлек. Қазір 43 мемлекет біздің вакцинамызды алуға дайын. Кездесулерде «Pfizer қайда?» деп сұрақты жаудырады. Өзіміздің вакцинаның сапасы жағынан кем емес – тиімділігі 86-тен 92%-ға тең. Қазақта «қолда бардың қадірі жоқ» деген мақал бар. Көбісі басқа елдің вакцинасы керек деп айтады. Ал өзіміздің вакцина туралы біреуі де сөз қозғамайды. Өзімізді өзіміз айтпағанда, кім айтады»,  деді Ералы Тоғжанов.