Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында дүниеге келген асыл ағамыздың балалық шағы Айыртау өңіріндегі Ақан сері елінде өтті. Шоқанның әжесі Айғаным ханымның қыстауы болған Сырымбет орта мектебінде, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтен тәлім алса, білім ордасында Еркін Әуелбеков, Аманолла Рамазанов, Шота Уәлиханов секілді танымал қайраткерлермен бірге оқыды.
Сырымбет – Саумалкөл, Шалқар, Құмдыкөл, Жекекөл, Ақбалшық, Тораңғыл, Қоскөл секілді сұлу көлдер орап жатқан, Сарыарқаның ғажайып сыр тұнған өлкесі. Осындай табиғаты көркем өңірде өскен адамның ақын болмауы мүмкін емес. Ол бала күнінен өлеңге ғашық болып, алдымен жұртшылыққа ақын ретінде танылды. Алғашқы «Сыр» атты жыр жинағынан бастап, көзі жұмылғанға дейін бірнеше поэзиялық кітаптары жарық көрді. «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» және «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Бәйкен Әшімов» туралы тамаша поэмалар жазды. Шетел қаламгерлерінің шығармаларын ана тілімізге мөлдіретіп аударды. Халқымыз ақынды «Қазақтың жез қанатты жезкиігі» деп қадір тұтты. Мен мақаламда ол кісінің қайраткерлік қырына тоқталсам деймін.
Кәкімбек ағамыз Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргесін шетелге берген жолдамадан бас тартып, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен сол кезде ашылған Жезқазған кенішіне сұранып келіп, алдымен кен шебері болып еңбек жолын бастады. Одан соң учаске жетекшісі, кен бас инженері және алты жыл шахта басшысы болды. Қысқасы, шахтада он жыл қызмет істеп, өндірістің қыр-сырын толық меңгеріп, мықты маман, білікті басшы ретінде қалыптасты. Өзі үнемі: «Адал басшы болсаң, қандай қиыншылықтардан да аман шығасың» деп айтып отыратын еді. Меніңше, ағамыздың осы ұстанымы оны өмірде кездескен түрлі кедергілерден аман алып шығып, жетістікке жетуіне қанат байлады. Жезқазған кенішінде іскерлік қабілетімен көзге түсіп, өндіріске жаңаша тәсілдерді енгізді. Жұмысшылармен жақын араласып, олардың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешіп, шын мәнінде кеншілердің лидеріне айналды. «Осындай шақта маған Қаныш ағамыздың кемеңгерлігі мен ғибрат мінезі үлгі болды» деуші еді.
Білікті маманның білімділігі мен ұйымдастырушылығын оң бағалаған басшылық оны Жезқазған тау-кен комбинаты партия ұйымының хатшысы етіп сайлады. Мұнда да қызметкерлерге жақсы қырымен танылды. Содан кейін Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына көтерілді. Осы жылдары кенді өлкеде мыс зауыты іске қосылып, өндіріс көлемі күшейді. Жезқазған облысы ашылғанда, облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Бұл – өте жауапты кезең еді, жаңадан ашылған облысқа жан-жақтан жауапты мамандар көшіп келді. Қаншама мекемелер ашылды. Солардың бәрінің аяғынан тұруына жан аямай еңбек етіп, оның тапсырмаларын өндіріс басшылары екі етпей орындады.
Осындай нәтижелі еңбегімен, іскерлігімен көзге түскен азамат 1975 жылы КОКП Орталық Комитеті аппаратының инспекторлығына шақырылды. Негізі, аппарат инспекторы хатшыларға ғана бағынады. Кәкімбек ағамыз бұл қызметінде одақ көлеміндегі өндіріс және транспорт мәселелері бойынша түсетін өтініштер мен ұсыныстарды қадағалады. Осы қызметінде жүріп, экономикалық реформаларды жүргізуге қатысты екі ұсынысын жеткізеді. Сол уақытта қара топырақты аймақтарды игеру туралы ұсыныстар басталған кез екен, ол кісі осыған қарсы шығып, оның орнына мал шаруашылығын әрі қарай дамытуды айтса, екінші, өндірістегі кәсіпорындарға тең құқық беріп, оларға жағдай жасауды көтерген. Бұған КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Косыгин қарсы болмағанымен, Орталық Комитеттен қолдау болмады. Инспекторлық ол кісіні адалдық пен туралыққа үйретті. Бұл қызметтің бір бағытына – жергілікті басқару органдарындағы заңсыздық пен үлкен қылмыстарды тексеру жүктелген. Осы жауапты жұмыста әділдікті берік ұстанып, мамандарды жазықсыз қаралаудан аулақ болды.
Он жылға жуық КСРО Орталық комитетінде жемісті жұмыс істеп, 1984 жылы Қарақалпақстанның партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Бұл жоғары лауазымға ол кісі оңай бара қалды деп ойламаймын. Кеңес өкіметінің кадр іріктеудегі тәртібі өте қатал. Ол сыннан мүдірмей өту үшін барлық біліктілігіңіз бен білімділігіңіз сынға түседі. Міне, осы сыннан мүдірмей өте білген тәжірибелі маман алдымен Қарақалпақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауыз су тапшылығы, электр жүйесі мен жергілікті тұрғындарды газбен қамтамасыз ету төмен деңгейде екендігін байқайды. Теңіз тартылғаннан кейін жұмыссыз қалған балықшылардың жай-күйін біледі. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау салаларында да қордаланып қалған проблемалар жеткілікті екендігін көреді. Осы өзекті мәселелерді шешуге жаңа басшы білек сыбанып кіріседі. Алдымен проблемаларды жан-жақты талдап, оның шешілу жолдарын анықтайды. Кеңес өкіметі кезінде кез-келген мәселе қаулы арқылы жүзеге асады. Сондықтан ол кісі КОКП Орталық комитеті мен Кеңес Одағы Министрлер кеңесін Қарақалпақ елінің әлеуметтік және экономикалық дамуын жедел іске асыру үшін ұсыныс әзірлеп, соның есебінен қаулы қабылдануына бар күш-жігерін жұмсады. Нәтижесінде, өнеркәсіп оның ішінде құрылыс материалдары өндірісі дамып, ауыл шаруашылығы ілгері басты. Халықтың тұрмысы көтеріліп, елді мекендерді электрлендіру - 90 пайызға, газбен қамтамасыз ету 16 пайыздан 85 пайызға өсті. Сонымен қатар тұрғын үй, жол салу мәселелері де шешімін тапты.
Кәкімбек Салықов Қарақалпақстанды басқарған жылдары Арал проблемасымен жан-жақты айналысты. Өйткені жер бетінен өшіп бара жатқан теңіздің зардабы алдымен іргелес жатқан екі елдің экологиясына қатты әсер етті. Сондықтан ол Арал мәселесін терең түсінді. Теңіздің ауыр жағдайына байланысты үкіметтік комиссиялар құрылды. Сол уақыттағы экология мәселелеріне жауапты Госгидрометтің басшысы Ю.Израэль мен КСРО Ғылым академиясының вице-президенті В.Коптюг басқарған үлкен комиссия Нөкісте жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Коммунистік партияның Орталық комитеті мен КСРО Министрлер кабинетінің Арал туралы, оның ішінде Қарақалпақстанның жағдайы жөнінде қаулы қабылданып, теңіздің тартылуына байланысты халыққа әлеуметтік төлемақы төленді.
Кәкімбек ағаның сырт елдегі беделіне байланысты бір мысал айтайын. Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары болып жүргенде Арал проблемасымен мен де шұғылдандым. Бірде қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен ағайындармен ресми түрде кездесіп, теңіз мәселесін талқыладық. Жиынға Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Исмаил Жорабеков қатысты. Беделді, білімді азамат. Ол комиссия отырысында кейде қызынып сөйлеп кетеді. Ондай кезде оны сабырға шақырып: «Исмаил-ака, бұл жағдайды Кәкімбек аға «былай айтқан» десем, сөзге тоқтап, қос қолын көтеріп, қолдап шыға келеді. Сонда Салықовтың Өзбекстандағы беделі мен Арал теңізінің проблемасын жетік білген білікті маман екеніне көзім жетті. Ағамды одан әрі жақсы көріп кеттім.Ол кісінің осы еңбегін қарақалпақ ағайындар ұмытқан жоқ, ағамыз қайтыс болғанда сол елден арнайы өкілдер келіп, асыл азамат туралы есті естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы экология − ешқашан күн тәртібінен түспейтін тақырып. Кәкімбек Салықов Қарақалпақстаннан кейін Мәскеуге жоғарылап, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшесі секілді лауазымды қызметті атқарды. Шын мәнінде, қазақ арасынан бұрын-соңды мұндай қызметке тағайындалған қандастарымыз сирек. Осы биік деңгейде жүріп, одақтас республикалардағы экология проблемасын жан-жақты қозғап, дабыл қақты. Оның ішінде, әсіресе Қазақстанның экологиялық проблемасын жоғарыға жеткізіп, соның шешілу жолдарын іздеді. Қомақты қаржы бөлуге септігін тигізді. Арал теңізін экологиялық аймақ деп танып, оның өзекті мәселесін әлемге естіртуге күш салды. Американың атақты экологтарының бірі, кейін вице-президент болған Альберт Гор алыстан ат терлетіп келіп, Аралдың жағдайын көзбен көріп, проблемасымен танысты. Соның нәтижесінде АҚШ үкіметі Аралға көмек қолын созды. Чернобыль атом электр стансасында болған апатты жою және осы апатта зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік жағынан көмек жасау туралы қаулы шығаруға мұрындық болды.
Тұғырлы тұлғаның тағы бір қасиеті – елжандылығы еді. Ол кісі туған халқын ерекше жақсы көрді. Еліміз егемендік алғанда балаша қуанып, азаттық туралы қаншама жыр жазды. Еліміздің бас ордасы Ақмолаға көшкенде, осы идеяны жан-тәнімен қолдап, зиялы азаматтардың қатарында елордаға алғашқы болып қоныс аударды. Астана туралы тамаша өлеңдер жазып, бірнеше жыр жинағын шығарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте депутат болды. Халықаралық Қаныш Сәтбаев қорының президенті болған кезде ұлы ғалымның еңбектерін жарыққа шығару мен насихаттауға үлес қосты.
Ардақты ағамен өмірінің соңғы жылдарында жиі араласып, оны жақыннан тани түстім. 1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, немере ағам Фазыл Кәрібжановтың өмірі мен адами қасиеті жайында «Заман сыры» деген поэма жазды. Осы шығарманы жазып жүргенде ол кісі: «Қайраткердің туған жерін көзіммен көрсем» деген ойын айтты. Сөйтіп, екеуміз жеңіл көлікпен Омбыға сапарға шықтық. Он сегізінші ғасырда Әжімбет би бабамыз бастаған Бурабай мен Айыртаудан жаңа жерлерді игеруге қоныс аударған ұлы көштің жолымен жүріп отырдық. Жол бойы әңгіме тиегі де ағытылды. Ағамыз бұл өңірде туған тұлғалар мен тарихты өте жақсы біледі. Көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасовтың ауылы тұсынан өтіп бара жатқанда, қысқа ғұмырында тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған ерен ер жайында құнды деректер айтты. Енді бір бүйірдегі әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың аталарының ауылынан өткенде «Кеңес Одағындағы үздік Фигаро» атанған тарлан тұлға туралы кеңірек әңгімеледі. Қазақстанды қиын-қыстау жылдары басқарған Жұмабай Шаяхметовтің туған жеріне тоқтағанда Ұлы Отан соғысынан кейін ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор үлес қосқан қайраткердің өмір жолынан тағылымды естелік өрбітті.
Омбыға жеткеннен кейін алдымен Шоқан Уәлиханов оқыған кадет корпусына бардық. Бізді аталған оқу ордасының басшысы, полковник, Кеңес Одағының Батыры Н.Кравченко жылы қарсы алып, ілтипат көрсетті. Кадет корпусының музейіне алып барды. Онда қазақтың ұлы ғалымының портреті тұр екен. Суреттің астында сарғайған қағаздарды көріп, Кәкімбек аға оған: «Ғалымның еңбектері осы ғана ма?» деп сұрады. Ол: «Иә» деп жауап берді. Содан ақын сол жердегі тұрғандарға Шоқанның тарихшы, шығыстанушы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы секілді сан қырын кеңінен әңгімеледі.Қыруар сан шығармалары барын айтты. Олар аузының суы құрып тыңдады. Енді бір бұрыштан генерал Л.Корниловтың суретін көріп қалған ағамыз оның да тарихынан сыр тартып, анасы қазақ болғанын баяндады. Кейін тағы Омбыға жолым түскенде арнайы кадет корпусының басшысына Шоқан Уәлихановтың 35 жыл бұрын орыс тілінде жарық көрген шығармалар жинағының бес томдығын апарып бердім. Бұдан кейін Омбының аграрлық университетіне бас сұқтық. Бұрын бұл оқу ордасын ауылшаруашылық институты аталған кезде тәмамдаған едім. Кезінде мұнда қазақтың көптеген зиялы азаматтары білім алды. Бізді осындағы жол бастаушылар университет тарихынан сыр шертетін мұражайға ертіп барды. Кәкімбек аға музей экспозициямен толық танысып, оның басшысына: «Осы университеттің түлегі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжанов туралы кең экспозиция жоқ екен. Неге арнайы орын бермедіңіздер», деп кейістік танытты. Музей басшысы: «Біз бұл жерге Кеңес Одағының қайраткерлерін кең көлемде кіргізген жоқпыз. Тек атақты ғалымдарға ғана арнайы орын бердік», деп ақталды. Ол кісі тағы да: «Егер ғалымдар болатын болса, осы оқу ордасынан білім алған көрнекті энергетик, мыс, қорғасын, мырыш құру және дамыту жаңа технологиясының авторы, академик Шапық Шөкин, минералды тыңайтқыштар мен минерал тұздарды өңдеудің технологиясына тың жаңалық енгізген академик Әбікен Бектұров, жазушы - академик, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов туралы неге ешқандай дерек жоқ» деп сұрады. Кәкімбек ағамыздың энциклопедиялық біліміне таң қалған мұражай директоры ләм деп үн қата алмады. Осы сапарда ақын біздің ауылға барып, Фазыл ағаны көзі көрген үлкендермен әңгімелесті. Аталарымыздың ескі жұртын аралады. Қайраткердің анасының басына барып, құран оқыды. Бейіт басында өсіп тұрған ақ қайыңды көріп, толқыған сезімнен «Асыл ана зиратында ақ қайың» деген жыр жазды. Кейін Фазыл ағаның жүз жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтуге атсалысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықов көзі тірісінде бірқатар мемлекеттік орден-медальдармен марапатталып, Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Жезқазған, Көкшетау облыстарының құрметті азаматы атанды. Біртуар тұлғаның өмірден озғанына біраз жылдар өтсе де ол кісіні ел есінде сақтайтын республика деңгейінде іс-шаралар ұйымдастырылған жоқ, соның уақыты енді келді деп ойлаймын. Өмірде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, өзінің мәңгілік сара жолын салған абыз ағамыздың өнегелі ізі ешқашан өшпейді.
Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері