18 Наурыз, 2014

Үкімет үйінде «Нұр Отан» партиясы Тұғырнамасының орындалу барысы қаралды

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
18-03-YkumetБүгін, 18 наурыз күні   Премьер-Министр Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен селекторлық режимде «Нұр Отан» партиясының сайлау алды Тұғырнамасының 2013 жыл қорытындысы бойынша орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты мақсаты қазақстандықтардың өмірін жоспарлы түрде жақсарту, ал оның негізгі өлшемі азаматтардың әлеуметтік көңіл күйі болып табылатынын атап көрсетті. «Партия бюросында Үкіметпен бірлесіп дайындалған Тұғырнаманы жүзеге асыру көрсеткіштерінің тізбесі бекітілді. Көрсеткіштердің 75 пайызы нақты және тұрғындар үшін өлшемді индикаторларға бағдарланған. Оларды орындауға нақты мемлекеттік органдар бекітілген»,-деді Б.Байбек. Сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік сауалдамалар жүргізу және партияның қоғамдық қабылдаулары берген сараптамалар арқылы Тұғырнаманы жүзеге асырудың кешенді мониторингі тетігі енгізілді, деп сөзін толықтырды ол. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өткен жылы Тұғырнаманың экономикалық блогының орындалуы барысы туралы хабарлады.Ол ЖІӨ өсімі былтыр 6 пайызды құрағанын, оның жоспарлы деңгейге сәйкес болғанын, ЖІӨ-нің тұрғындардың жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларын құрағанын, 2013 жылы халықтың нақты табысының, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 пайызға, еңбек ақының 1,6 пайызға өскенін, жұмыссыздық деңгейінің 5,2 пайызды құрағанын айтты.Бұл мәселелер бойынша сондай-ақ бірқатар министрліктер мен ведомстволар басшылары, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері сөйледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің 2011 жылдан бері Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып жатқанын, осы кезеңде бағдарлама 267 мың адамды қамтып, 157 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның негізгі өлшемдерінің бірі жастарды қолдау болып табылады. Сонымен, Жұмыспен қамту жол картасына қатысушылардың 148 мыңнан астамы 29 жасқа дейінгілер болып отыр. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2013 жылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 70,5 пайызды құрағанын хабарлады. БҒМ басшысы «Республика бойынша оқу орындары мен компаниялар, кәсіпорындар арасында техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірушілердің тәжірибеден өтуі мен еңбекке орналасуын ұйымдастыру мәселелері бойынша 25 мыңнан астам келісім-шарттар жасалғанын» атап көрсетті. «Әлеуметтік елеулі мәселелерді шешу- Үкіметтің,Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның және партияның барлық құрылымдарының бірлескен жұмысының негізі болып табылады. Нұротандық депутаттар Үкіметпен бірлесіп өзара жемісті іс-қимыл жүргізе отырып, өздерінің заң шығарушылық қызметінде үнемі сайлау алды тұғырнама ережелеріне арқа сүйейді»,-деп мәлімдеді  Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы басшысының бірінші орынбасары Сергей Дьяченко. «Бізге көкейкесті тапсырмалар беріп отыратын Мемлекет басшысы әсіресе, «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде алдымызға үлкен міндеттер қойды. Біз бұл жауапкершілікті сезінуіміз және осы тапсырмаларды орындауға байыппен қарауымыз керек»,-деді жиынды қорытындылай келе Серік Ахметов. «Тұғырнама көрсеткіштерін актуалдандыру қажет. Оның сыртында, Тұғырнамада көрсетілген, әлеуметтік міндеттемелерді орындау шеңберінде экономикадағы жағдайлардың өзгеруін есепке алу керек»,-деп атап көрсетті Серік Ахметов. Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдарға ЭБЖМ-мен келісім бойынша Тұғырнаманы актуалдандыру жөнінде «Нұр Отан» партиясы аппаратына бір ай мерзім ішінде ұсыныс енгізуді, сондай-ақ оны мониторингтеу мен жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Дереккөз: www. Primeminister.kz. Фото: www. Primeminister.kz.