19 Наурыз, 2014

Білім стандартындағы ала-құлалық мұғалімдер дайындау ісін мандытпай отыр

656 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ДосымханЕліміз жоғары білім беру жүйесін дамыған елдердің білім стандарттарына сәйкестендіру мен дүниежүзілік бәсекеге қабілетті маман даярлау бағытын ұстануда. Жоғары білімді мамандар, мәселен, инженерлер, экономис­тер, заңгерлер, медицина қызметкерлерін, т.б. дайындау туралы пікір айтуды сол саланың мамандарының үлесіне қалдыралық. Мені толғандыратын мәселе мұғалім даярлаудың болашағы. Бірінші кезекте айтарымыз, мектеп бітіруші түлектердің ішінен ең білім­ді де, талантты жастардың қызығу­шылығын ояту және оларды мұғалімдік мамандыққа тарту жайы. Олай дейтініміз, қазіргі кезде мұғалімдік мамандықта оқып жүрген студенттердің көпшілігі «қал­дық принципі» бойынша, яғни сұра­нысы жоғары мамандықтарға өтпей қалған, орташа ғана білімділер. Ал, ақылы негізде оқитындардың жағдайы түсінікті, олардың көпшілігі мектепте ортадан төмен деңгейде оқығандар. Бұдан шығатын қорытынды, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер құрамы негізінен орта немесе ортадан төмен деңгейде ғана білімі бар мектептің түлек­тері болып отыр. Орташа білімді мұғалім орташа білімді оқушы даярлайды. Талантты жастардың педагогикалық мамандықты қаламайтын себебі де бар. Ол мұғалімдердің материалдық жағдайларының төмендігіне байланысты.  Еңбек өтілі аз, бірақ толық жүк­темемен жұмыс істеп жүрген жас мұға­лімдердің еңбекақысы күнкөріске жетер-жетпес. Ауылды жерлердегі мектептерде мұғалімдерге толық жүктемемен жұмыс істеуге сағат жетпейді де. Ал кейбір білікті мұғалімдер материалдық жағдайларын түзеу мақсатымен 1,5 немесе одан да артық жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр. 1,5 жүктемемен жұмыс істейтін мұғалімнің апталық жұмыс күні 54 cағат (жұмысшылар мен қызметкерлердің апталық жұмыс күні 40 cағат) болады. Оның үстіне сабақтан бос кезінде репетитор болып немесе ҰБТ дайындық курстарында сабақ беріп, қосымша табыс табуға мәжбүр. Енді оған сынып жетекшілігі, дәптер тексеру, «мойнына ілінген» қоғам­дық жұмыстарды, жоғары жақтан келген әртүрлі қағаздарға жауап жазу мен есеп беру сияқты еңбекақы төленбейтін жұмыстарды қосыңыз. Қалыпты өмір сүру осындай қиыншылықпен келетінін білетін қабілетті жастар мұғалімдік мамандықты таңдай қоюы екіталай. Сондықтан мұғалімдердің материал­дық жағдайы мен мәртебесін жастардың қызығуын туғызатындай дәрежеге көтеру – қазіргі өмір талабы. Педагогикалық мамандықтарға талантты жастарды тарту үшін дүниежүзі бойынша білім беру жүйесіндегі алдыңғы орындардың бірінде тұрған Финляндиядан үлгі алуға болады. Фин мұғалімдерінің айлық еңбекақысы – елдегі ең жоғарғы еңбекақы. Оқушылар оқулықтармен тегін қамтамасыз етіледі, тегін ыстық тамақ беріледі, оқушылардың жолақысы да мемлекет есебінен. Егер оқушы автобус қатынамайтын жерде тұратын болса, онда такси пұлын да үкімет өтейді. Қазіргі кезде мұғалім дайындайтын мемлекеттік университеттер мен педа­го­гикалық институттарда гранттан тыс ақылы оқу үшін студенттер қабыл­дау жөнінде ешқандай шектеу жоқ. Оны­мен қоса, жекеменшік ЖОО-лары мұғалім­дікке қанша талапкерді үгіттеп тарта алса, соншасы түгел бітіріп шығады. Керек десеңіз құжаттарын ЖОО-ға тап­сыр­ғаннан кейін диплом алуға бір-ақ келетін студенттер немесе дипломды үйлеріне жеткізіп беріп, табыстайтындар да кездесіп қалады. Мұны жасырып, жауып қайтеміз. Жауырды жаба тоқи беру абырой әпермейді. Ондайлардың барлығы да дерлік мұғалімдік орыннан үміткерлер. Олардың сапасына ешкім де жауапты емес. Сондықтан әр облыста мектептегі мұғалімдік орынға үміткерлерді сынақтан (тестілеуден) өткізіп, жарамдылығы жөнінде сертификат беретін тәуелсіз ұйым болу керек. Мектептер негізінен алғанда мемле­кет­тік. Мектеп стандарттары мен бағ­дар­ламалары да мемлекет тарапынан бекітілген. Олар еліміздің барлық аймақтары үшін бірдей және тұрақты. Сондықтан мұғалімдерді дайындауға тапсырыс беруші де мемлекет. Демек, Қазақстанның барлық педагогикалық мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында мұғалімдер бірдей стандартпен дайындалып шығуын мемлекет өзінің тікелей бақылауында ұстағаны жөн. Қазақстанда кредиттік технологияға көшуге орай ЖОО-да оқытылатын пәндер­ге бөлінетін сағат сандары бұрынғы­мен салыстырғанда едәуір қысқарды. Онымен қоймай, таңдау компоненттерінің мөлшері артып, мектеп мұғалімдерінің дайындығына қажетті кейбір пәндер міндетті компоненттер тізімінен шығып қалды. Оның кері әсері мұғалімдердің білімділіктері мен біліктіліктерінде көрі­ніс таба бастады. Болашақ мұғалімдер мектеп оқу пәндерінің кейбір бөлімдері мен тақырыптары жөнінде ешқандай теориялық және практикалық жағынан мәлімет алмай-ақ, ЖОО бітіріп шыға­тын­дай жағдайға душар болды. Нәтижеде ЖОО түлектері мектеп оқу пәндерінің кейбір тараулары мен тақырыптарын мектеп қабырғасында қандай дәрежеде меңгерсе, сондай біліммен мектепке қайта оралуда. Стандарт жасаушылар міндетті ком­по­нент пәндерін таңдауда қандай заңдылыққа сүйенетіні де белгісіз. Ойына келгенін ала салатын сияқты. Мысалы, физика пәні мұғалімін дайындау үшін 7-сыныптан бас­тап мектеп бітіргенше үзбей оқытылатын физикалық пәндердің бір де біреуі міндетті компонент ретінде алынбайды да, 11-сыныпта аптасына бір сағат өтілетін астрономия пәні міндетті компонент тізіміне енгізілгенін қалай түсінуге болады? Міндетті компонент пәндерінің маз­мұнын таңдауда да ойластырылмаған тірліктер көп. Мәселен, математика мамандығының стандартында элементар математика пәнін бір-ақ семестрде оқыту жоспарланған. Ал онда бұрынғы кезде 6-7 семестр бойы арифметика, элементар алгебра, элементар геометрия деп жеке-жеке оқытылатын пәндердің (есеп шығару практикумын) мазмұнын түгел бере салған. Бір семестрде барлық элементар математика курсының есептерін түгел шолып шығу былай тұрсын, тақырыптарының мазмұнын ашуға да уақыт жетпейді. Ендігі жерде элементар математика пәндерінің кейбірін жеке таңдау пәні ретінде ұсыну да мүмкін болмай қалды. Себебі, бір cеместрдегі элементар математика пәні 5-6 семестр өтілетін мазмұнды түгел қамтып тұр. Бұл нағыз көзбояушылық емес пе? Мұндай жөнсіздікті сауатты адам ұсынып отыр дегенге сенгің келмейді. Бұрынғы дәстүрлi оқу жоспары бойынша жоғары бiлiмдi мамандар 4 жыл дайындалатын. Кредиттiк оқу да 4 жыл. Осы жерде негiзгi пәндердi оқытуға бөлiнген сағат саны неге жеткiлiксiз деген ой келедi. Оның бiрінші себебi, қазіргі білім стандарттарындағы таңдау компоненттерiне бөлінетін сағат (кредит) санының шамадан тыс көптігі. Білім алушы алдымен қандай ғылым болмасын оның негiздерiн игеріп алуы керек. Ол білімдерді игермей жатып, студент оның екінші бір саласын қалай таңдап ала қояды? Бұл аз десеңіз, осындай ала-құлалықтан кейін болашақ мұғалім мектептегі оқыту пәндерінің қайсысы маңызды екенін қайдан біле қойсын? Мектеп мұғалімін дайындау стандарттарын жасау кезінде оқытылатын пәндерді базалық және кәсіптік деп бөлудің де мағынасы жоқ секілді. Педагогика мен психология мұғалімдік мамандық үшін базалық бола отырып, ол білімдерді мұғалім мектептегі оқу тәрбие жұмыстарын жүргізуде күнделікті пайдаланады. Сонымен қатар, ол үнемі толықтырылып, дамытылып отыратын кәсіптік білім де емес пе? Мектепте оқытылатын пәндердің теориясы мен практикасына дайындайтын ЖОО-да өтілетін пәндер кәсіптік болумен қатар,  базалық та болып есептелмей ме? Демек, мұғалімдік мамандықта педагогика-психологиялық, физиология-гигиеналық, т.б. педагогикалық қызметтің тірегі болатын пәндерді барлық мұғалімдер игеруге тиісті жалпы кәсіптік пәндер. Ал мектепте оқытылатын пәндерді «Мамандық пәндері» немесе «Арнайы кәсіптік пәндер» деп бөлуге болар еді деген ойды ортаға сала кетсек дейміз. Демек, мұғалім дайындауда  үш блок болуы тиіс: біріншісі «Жалпы білімділік пәндер», екіншісі «Жалпы кәсіптік пәндер», үшіншісі «Арнайы кәсіптік пәндер». Ең бірінші, осы үшеуінің тиімді арақатынасы сақталуы тиіс. «Жалпы білімділік пәндер» 15%, «Жалпы кәсіптік пәндер» 15%, «Арнайы кәсіптік пәндер» 70% шамасында болғаны дұрыс тәрізді. Мұғалім дайындаудың қазіргі қол­да­ныс­тағы Стандарттары мен үлгі оқу жоспарларының мектептің қажет­тілігін қанағаттандыра алатындай қазір қауқары жоқ. Әртүрлі жағдайларға байланыс­ты министрлік тарапынан жыл сайын қо­ғам­дық-танымдық түрлі пәндерді оқу жоспарына енгізу туралы нұсқаулар келіп жатады. Ол пәндерді енгізу үшін мұғалімді пән­дік даярлау компоненттерінің сағат­та­ры қысқартылады. Бұл да білікті пәндік мұ­ғалім даярлауға кері әсерін тигізіп жатады. Әрбір жоғары оқу орны қалауынша таңдап алатын пәндердің саны көп болғандықтан, бір оқу орнынан екіншісіне ауысқан кезде оқу жоспарындағы айыр­ма­шылықтарға байланысты проблемалар туындайды. Ол қазiрдiң өзiнде көрiнiс табуда. Таңдау компонентiн, соңғы курстарда, студенттер мектепке қажетті бі­лім негіздерін толық меңгергеннен ке­йін, белгiлi бiр қабiлет, қызығушылық танытқандар үшін арнайы курс немесе арнайы семинар ретiнде ұсыну жеткiлiктi деп ойлаймын. Міндетті пәндерді оқытуға арнал­ған сағат сандарының кемуі оқу жоспа­рын­дағы жылдық оқу аптасының азаюына да байланысты  болып отыр. Кредиттiк технология бойынша жасалған оқу жос­парында студенттердiң оқитын жылдық апта саны – 30. Дәстүрлi оқу жоспары бойынша 36 апта еді. Сонда студент әрбір жылда 6 апта, ал 4 жылда 24 апта, яғни 4 жылда 6 ай, яғни жарты жыл оқымайды. Сонымен студент 4 жыл емес 3,5 жыл жоғары оқу орнында бiлiм алады. Мұндай жағдайда мiндеттi пәндердi оқытуға әрине сағат жеткiлiксiз болады. Ендеше, студенттердiң жылдық оқу жүктемесiн, оқитын апта санын қайта қарау керек болар. Ондай жағдайда педагогикалық практикаға бөлінетін апта санын да көбейтуді назардан тыс қалдырмасақ керек. Білікті мамандар дайындауды жақсар­тудың басты шарты оқулықтар мен оқу-әдістемелік, анықтамалық, т.б. құралдардың жеткілікті болуы. Мұғалім болу үшін алдымен ол өзі оқытатын пәннің теориясы мен практикасын жақсы білуі керек. Одан кейін ғана ол сол пәннің әдістемесін игере алады. Міне, жиырма жылдан бері біздің «реформатор» министрлеріміздің ешқайсысы әрбір мамандықтың мамандарын дайындау үшін қазақ тілінде қандай әдебиеттер жетіспейтінін анықтап, кітаптар шығару керек екен деп жатқанын естіген емеспіз. Бірінші кезекте, әрине, математика мұғалімі үшін мектеп оқулықтары тұрақты болуы керек. Сонда ғана болашақ мұғалімді кәсіптік қызметке мақсатты түрде дайындау мүмкіндігі молаяды. Досымхан РАХЫМБЕК, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.