19 Наурыз, 2014

Құқықтық тәртіпті нығайту – міндетіміз

388 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мемлекетіміздің алдағы дамуы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы, елдің келешекке бой түзейтін даму жоспары Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауынан туындайтыны айқын. С.БекбосыновЕлбасы өз Жолдауында еліміздің бас­ты мақсаты – «Мәңгілік Ел» болу жолында Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу бағытындағы кең ауқымды жоспарын паш етті. Жолдауда Қазақстанның даму жолында 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарында болу міндетін жүзеге асыру үшін мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту қажеттілігі, экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына кө­шу, интеллектуалдық меншікті, кәсіп­керлікті қорғау, бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою мәселесі, өзіміздің дәстүрлі кәсібіміз агроөнеркәсіп саласын дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру, халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлерге пара-пар саясат құруы қажеттігі атап көрсетіліп, мем­лекеттік аппаратқа, құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді. Жолдауға сай, келер кезеңде мектепке дейінгі мекемелердің құрылысын бастау, денсаулық сақтау және білім беру салалары қызметкерлерінің жала­қыларын жоғарылату мәселесі жоспарланды. Бұл мемлекеттік бюджетке өзіндік салмағын түсіретіні белгілі. Алайда, осыған орай, Бас прокурор тарапынан мемлекеттік залалды өндіру және бюджетті толықтыру бағытындағы жұмысты жандандыру туралы тапсырмалар беріліп, қазіргі таңда осы бағытта біршама қызметтер атқарылуда. Сондай-ақ, Президент өз Жол­дауында заң алдындағы теңдік пен құқықтық тәртіптің шын негізі болуға тиіс екенін, барлық құқық қорғау жүйесінің жұмыс сапасын арттыру қажет екенін де атап өтті. Яғни, барлық зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен, үлгі боларлықтай тәртіпті және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс. Осыған байланысты, басты назар жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарауға аударылуы тиіс. Бір мақсатта, бір мүддемен, бір болашақты көздеген қазіргі таңда тұтас халықты құрайтын азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын, олардың заңды мүдделерін қорғау прокуратура органының басты міндеті, әрі күнделікті қызметі. Осыған орай, өткен жылы Маңғыстау облыстық прокуратурасы атқарған қызметтер нәтижесіне тоқталсам, былтырғы жылы облыс прокуратурасының жұмысы қоғамдық-саяси тұрақтылық пен құқықтық тәр­тіпті нығайтуға бағытталды. Облыс прокуратурасы 625 тексеріс жүргізіп, 25 208 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 24 123 заң бұзушылық жойылып, 29 ұйғарым орындалды, 395 наразылық қанағаттандырылса, 910 ұсыныс қаралды, 74 талап-арыз қанағаттандырылса, 1148 заңсыз құжат, оның 19-ы нормативтік құқықтық акт, 8 әділет органына тіркелген акт бұзылды. Прокурорлық ықпал ету актісімен  30 001 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды, 1022 тұлға тәртіптік, 1536 тұлға әкімшілік, 105 тұлға материалдық жауапкершілікке тартылып, 3 802 609 580 теңгені құрайтын шығын өндірілсе, оның ішінде мемлекет пайдасына 3 150 835 081 теңге, мемлекеттік бюджетке 2 149 314 854 теңге өндірілді. Сонымен қатар, қадағалау актілерімен мемлекетке 749 798 703 теңгені құрайтын мүлік қайтарылды. Облыс прокуратурасы мен Бас прокуратура белгілеген жалақы боры­шын жоғарылатпау тапсырмасы орындалып, жалақы борышы 113 миллион теңгеден 47 миллионға тө­мендеді. Дер уақытында жалақы тө­ле­мегені үшін 70 тұлға әкімшілік жауап­тылық­қа тартылды. Мысалы, «ФРЭШ» ЖШС қызметкерлерінің 34,7 миллион, «БатысГеоФизСервис» ЖШС қызмет­керлерінің 21,1 миллион теңге борыштары өтелді. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында 1963 жылы Маңғышлақ аймағындағы уран өнеркәсібі мен мұнай-кен орындарының өнімдерін тасымалдау үшін салынған Ақтау порты қызмет атқаруда. Ақтау порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан және Қазақстан Республикасының әртүрлі құрғақ жүктер мен мұнай және мұнай өнімдерін халықаралық тасымалдауға арналған бірегей теңіз порты болып табылады. Қазіргі таңда, Елбасымыздың индус­­­триялық-инновациялық даму бағытындағы «Бизнесті дамыту-2020» бағдарламасы аясында порт өмірінде жаңа бетбұрыс пайда болды. Қуаттарды жаңарту жобалары жүзеге асырылды. Порт инфрақұрылымы мен басқару құрылымдары жақсартылды. Соңғы 3 жылда құрылған қазіргі заманғы порт инфрақұрылымы Қазақ­стан Республикасы үшін Каспий теңі­зінің барлық елдері арасында порт қызметтерінің сапасы мен қол­жетімділігі бойынша көшбасшы болуына жағдайлар жасалды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында облыс прокуратурасы 36 тексеріс жүргізіп, 497 заң бұзушылық анықталды, 32 ұсыныс қа­ралды. Бұл саладағы қадағалау актісімен 33 тұлға тәртіптік, 7 тұлға әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылып, 3 306 766 теңге шығын өндірілді. 13 қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде 6 тұлға сотталды. Соттарынан 2 095 066 теңгеге белгіленген талап-арыз қанағаттандырылды. Сыбайлас жем­қорлық сипатындағы құқық бұзу­шылықтардың басым көпшілігі мем­лекеттік сатып алу, бюджет құралдарын жұмсау мен мемлекеттік қызмет көр­сету салаларында орын алғандығы анықталды. Кәсіпкерлерді қорғау мақсатында Маңғыстау облыстық прокуратурасы 51 тексеріс жұмыстарын жүргізіп, 295 заң бұзушылық анықталып, 2173 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалып, 51 тұлға тәртіптік, 12 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бас прокуратураның тапсырмасына сай, сенім телефонына шалынған әр қоңырау бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы прокурорлық ұтқыр топпен оқиға орнына бару арқылы тексеріс жүргізілуде.  Өткен жылы сенім телефонына әртүрлі мән-жайлар бойынша 25 рет телефон шалынып, оның 13-і анықталды.Олар бойынша 13 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, кәмелетке тол­мағандардың құқықтары жөніндегі заңнаманың сақталуы бойынша облыс прокуратурасы 108 тексеріс жүргізіп, 3785 заң бұзушылық анықталды. Жүр­гізілген тексерулер нәтижесімен 130 заң бұзушылық енгізіліп, 273 лауазымды тұлға тәртіптік, 185 тұлға әкімшілік және 22 тұлға материалдық жауапкершілікке тартылды. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесімен 13 998 баланың конституциялық құқығы қорғалып, 2 498 206 теңге шығын өн­дірілді. 2013 жыл көлемінде мемлекет кірісіне 1,8 миллиард теңге салықтық борыш пен міндетті төлемдер өндірілді. Сондай-ақ, «Бузачи Оперейтинг» ЖШС-да 260 мың текше метр газды заңсыз өртеу дерегі анықталып, облыс прокуратурасы экология департаментіне енгізілген ұсыныс нәтижесінде «Бузачи Оперейтинг» ЖШС-нан 250 миллион теңге өндірілді. Онымен қоса, тексеру барысында «Бузачи Оперейтинг» ЖШС қоршаған ортаға эмиссиялық сәйкессіз мұнай қалдықтарын рұқсатсыз сақтағандығы анықталып, облыстық салық департаменті прокуратура ұсынысы негізінде аталған мекемеден 1,3 миллиард теңге салық төлемі өндірілді. 2013 жылы облыс прокуратурасы арыз-шағымдарды қарау жұмыстарын жақсарту мақсатында, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен  «ашық есік» күндері өткізілді. 2013 жылы 5630 арыз-шағым қаралса, оның 3299 немесе 58,5 пайызы прокуратура органы пәрменімен өз шешімін тапты. 2323 шағым бойынша заң талаптары түсіндірілсе, 636 шағым қана­ғаттандырусыз қалдырылды жә­не 340 шағым қанағаттандырылып, арыздардың қанағаттандырылу көр­сеткіші 10,3 пайызды құрады. Арыз-шағымдарды қарау нәтижесі бойынша облыс прокуратурасы 135 прокурорлық ықпал ету актілерін енгізіп, 113 лауазым­ды тұлға жауапкершілікке тартылды. Осылайша, өткен жылы облыс прокуратурасы азаматтарымыздың кон­ституциялық құқықтарын қорғау мақсатында кең ауқымды жұмыстар атқарды. Маңғыстау облыстық прокуратурасы Елбасы Жолдауында көзделген өзекті мәселелерді орындау бағытында алдағы уақытта да тыңғылықты жұмыстар атқаратыны сөзсіз. Сабыржан БЕКБОСЫНОВ, Маңғыстау облысының прокуроры, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.