19 Наурыз, 2014

Қиындыққа қайыспаған қайсар қыз

429 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бибігүлдің әңгімесін тыңдай отырып, «қазақтың қызы деген ғажап атқа» лайық, ар-намыстан өрілген ғажап болмысын танығандай болдым. Небір өткелеңді бастан кешсе де, сөзінен бәзбіреулер құсап торығуға салыну, «тағдыр салды, мен көндім» секілді мойынсұну наласы сезілмейді. Керісінше, кей азаматтардың бойынан табыла бермейтін өжеттік, қайсарлық қасиеттер желдей есіп тұрды. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын өршіл рух оны биік белестерге жетелеп келе жатқанын аңғару қиын емес. IMG_0308Ол оңаша қалған сәттерде қиял көгіне жүзіп, ақ желеңді абзал жандардың адамдарға қуаныш, өмір сыйлайтын бақытты сәттерін көз алдына елестететін. Ондай кезде ерекше тебіреніп, жан жүре­гі қайтсе де осы мамандық иесі атануды қалайтын. Қашан мек­теп бітіргенше, есейгенше асыға­тын. Дәрігерлік мамандықты аттай қалап алған соң есіл-дерті Цели­но­град медицина институтына түсу болды. Жолы оңғарылып, қызы­ғы мен шыжығы аралас сту­денттік өмірдің қалай өткенін де бай­қамай қалды. Жоғары білім ордасының емдеу ісі факультетін терапевт мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін туған жерге оралды. Учаскелік дәрігер болып қыз­мет еткен екі жылдың ішінде өзін білікті маман ретінде танытып, абыройға бөленді. Ұжым бас­шылығы сенім артып, шалғай жер­дегі Целинный учаскелік аурухана­сына бас дәрігер етіп жіберді. Осында бір жылға жуық еңбек етіп, жаңа ортаға үйренісіп қалған мезет­­­те тосын жол апатынан қай­ғыл­ы қасіретке, айықпас дертке ұшырады. 1990 жылдың ми қайнатар маусым айы. Сол күні толассыз жауған нөсер жаңбыр сай-саланы қуалап, жер-дүниені ми батпаққа айналдырып жіберген. Ойлы-шұңқырлы, жамау-жасқаулы асфальт жол – көлкіген су. Жүйткіп келе жатқан жеңіл көліктің артқы жағына жайғасқан Бибігүл әлденеге елегі­зіп, бойын мазасыздық билеп алған. Жиыннан шығысымен ешқай­да аялдамастан ежелгі әдеті­мен жұмысқа жеткенше асық­қан. Жүргізуші бұрылыста рөлге ие бола алма­ған күйі жол жиегіне қарай құл­дилай берді... – Қас пен көздің арасында бол­­­ған жол апаты енді ғана бүршік жа­рып келе жатқан гүлжазира өмірім­ді, асқақ армандарымды тас-талқан етті. Мүгедектікке ұшы­­раймын, бар ғұмырым қолар­баның үстінде өтеді деп кім ойла­ған? Адам баласы ешбір болжап білмейтін, бір Алла тағалаға ғана аян небір белгісіздіктер мен тыл­сым күштердің сәт сайын кез­десетінін, пешенеңе жазылған тағдыр-тауанға періштең де араша түсе алмайтынын кейін түсін­дім. Есімді жисам, батпақ баттасқан қара жолдың үстінде жатырмын. Өңім бе, түсім бе, айыра алар емес­пін. Дел-сал қалпы орнымнан зор­дың күшімен тұруға талпындым.  Осы бір оқыс қимылға неге бардым екен, жедел көмекті күтуім керек еді деген өкініш әлі күнге дейін өзегімді өртейді. Ернімді қатты тістеген күйі жан-жа­ғымды қарманып, зорлана қимыл­дадым. Тізерлей бергенімде, юбкамның қақ айырылғанын көріп, ұялғаннан етегімді қолыммен қымтай беріп­пін. Сол кезде мұрттай ұшып түс­кенімді білемін. Аяғымды қозғалта алсамшы. Қанша айтқанмен дәрі­гермін ғой, іштей омыртқа зақым­данған екен ғой деп топшыладым. Сумаң еткен суық ойдан тұла-бойым мұздап сала берді. Бір кезде арқамның қатты ауырғаны сондай, қоң етімді біреу кесіп алғандай шыңғырып жібердім. Көз алдым қарауытып, біреу аяқ-қолыма ине сұққылап, өкпе-қолқамды суырып алғандай болды. Сонда да есімді жоғалтпауға барынша жанталастым. Өйткені, зембілге салып көтергенде дене түзу қалпында болу шарт. Жәрдемшілер келсе, осыны ескертпекке әрекет­тен­ген түрім ғой. Әйтпесе, толық қарыптыққа ұшырап, осы күнге зар болып қалуым ғажап емес деген үрей санамды тұмшалап алған. Ауруханаға жете бергенде есімнен айырылғанымды білемін, – дейді өткенді күрсініспен еске алған Бибігүл. Оны алда тағдырдың қилы тауқыметі мен ауыр сыны күтіп тұрған еді. Көкшетаулық хирургтер омыртқаға ота жасап, екі ай бойы аурухана төсегінде таңылып жатты. Болашағы – бұлдыр тұман. Өз бетімен не киіне, не шешіне алмайды. Күні бойы бір нүктеге қадалып, ауыр ойларға беріледі. Талай түнді ұйқысыз атырды. Аяқтары жансызданып, бірінші топтағы мүгедек қатарына жатқызылғанда көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылады. Көпке дейін өз-өзіне келе алмай бақытсыздықтың, қорсынудың зардабын әбден тартты. Уақыт – емші, төреші. Жанын жегідей жеген қайғыны ақылға, сарыуайымды сабырға жеңдірді. Алматының білікті дәрігерлеріне қаралды. Ондағылар кезекті отаны жасап, омыртқа арасында пайда болған ет өсіндісін сылып тастады. Жұлын аман. Алайда, негізгі омыртқаның қатты зақымдануы салдарынан жүріп кету үміті біржола үзілді. Одан әрі ота жасатуға тәуекел етпеді. Қарағанды қаласындағы мүгедектерді сауықтыру орталы­ғында ем-дом алып, өзін сергек сезінді. Қоларбамен жүріп-тұруға үйренді. Үшінші отаны Ресейдің Новокузнецк қаласында жасатып, ондағылар да алматылық дәрігерлердің диагнозын қойды. Бибігүл жалған жарық дүние­ден түңілерлік жағдайға жеткіз­ген пұшайман халін ешкімге сездір­меуге тырысып, жан қайғысын жал­­­­­ғыз тіреуі де, сүйеніші де әз ана­сымен ғана бөлісіп жүрді. Бірде «төрт қабырғаға телміріп, торы­ғуға салына бергеннен ештеңе шық­­пайды. Еңсеңді тікте, бойың­ды түзе! Сен сияқтылар аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Пай­далы еңбеккер ретінде еліне, жері­не қалтқысыз қызмет етіп жүр­ген талайларын көріп жүрміз. Олар аяқ-қолы балғадай, дені сау аза­маттардан еш кем емес. Әлі-ақ қата­рыңнан озасың», деген ана сөзі ширықтырды. Содан тә­уе­кел шешімге келіп, Алма­ты қа­ласындағы медицина қызмет­­­­кер­лерінің біліктілігін арттыру институтына барып, білімін жетілдірді. Шығыс медицинасына, оның ішінде инемен емдеуге мамандан­ды. Елге үлкен шаттықпен, жасқа тән жалынды жігермен оралып, жұмысқа асқан құлшыныспен кірісті. Науқас­тарды үйде қабылдап, тың сала­ны білгірлікпен игеріп әкетті. Осы­лайша, арада 7 жыл өткен соң рухының мықтылығы, қайтпас қай­сарлығы мен мақсаткерлігі арқа­сында Бибігүл Тоқпанова сүйікті ма­мандығына қайта оралды. Осы­дан екі жыл бұрын аудандық әкім­дік оған орталықтандырылған емха­наға терпевт дәрігер қызметіне шақыр­ғанда «мен де қоғамға керек екен­мін», деп жүрегі жарылар­дай қатты қуанды. Әкімдік басшы­лығы оған лайықты жұмыс тау­ып беру­мен қатар сапасы мықты герма­ниялық қоларбаны сыйға тартты. Содан бері бұрынғы еңбек ұжымы­ның толыққанды бір мүшесі ретін­де адамдарға бақыт шуағын төгіп келеді. Құрбылары мен әріптестері Бибігүлдің ісмерлігін, білімділігін, кәсіби шеберлігін, поэзияны сүйетінін жоғары бағалайды. Бос уақыттарда әлем классиктерін оқығанды, гүл өсіргенді, тоқыма жұмыстарымен айналысқанды ұнатады. Ол – бір отба­сының кенжесі. Әкесі ерте көз жұмды. Бүгінде 78 жастағы анасымен бір шаңырақ астында тұрады. Үш ағасы да көмектерін үзген емес. Десе де, негізгі салмақ онымен тетелес Қайраттың мойнында: баспананың іші-сыртын оған лайықтап жасап берді. Емханадағы пандус та жүріп-тұруға өте қолайлы. Қиындыққа қайыспаған қазақ­­­тың қайсар қызы өзінің еңбек ортасына оралуын, белсенді өмірге тартылуын жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмек­тесетін мемлекеттік бағдарламалар арқасында мүмкін болғанын мақ­тан етеді. Адамдарға өмір, күлкі, қуа­­ныш сыйлау – оның басты мұраты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы.