Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі А.Исекешев мамыр айының басында жұмыс сапарымен Түркияда болды. Министр бастаған делегация құрамында Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаев, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялардың және жеке сектордың өкілдері болды.
Сапар барысында А.Исекешев Түркия Президенті А.Гүлдің қабылдауында болды және Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары әрі Мемлекеттік министрі А.Бабажанмен, сондай-ақ Мемлекеттік министр З.Чағлаянмен келіссөздер жүргізді.
Түркия Республикасының Президенті А.Гүлмен кездесу барысында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі халықтарының кеңесі төңірегінде сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа байланысты мәселелер қарастырылды. Сол сияқты Түркия Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарына қатысты мәселелер әңгіме болды. А.Исекешевтің Түркияның Мемлекеттік министрі А.Бабажанмен кездесуінде 2009 жылдың қазан айында қол қойылған Стратегиялық әріптестік жөніндегі келіссөз төңірегінде туысқан екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесулер барысында А.Исекешев осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Белоруссия, Ресей және Қазақстан арасындағы Кеден одағының өзара инвестициялық жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Кездесу соңында жаңа шарттар жағдайында екі ел арасында үкіметтераралық деңгейде жұмыс жасап жатқан экономикалық комиссияға қосымша экономикалық ынтымақтастықтың нақты әрі тиімді механизмін құру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Сапар барысында сондай-ақ отандық және түрік кәсіпкерлерінің қатынасуымен екі бизнес-форум болып өтті.
“Егемен-ақпарат”.