19 Наурыз, 2014

Биік парасат иесі

375 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Фото Б.РакишевЕлдің болашағын айқындайтын басты құндылықтарды жасауға бел шешіп, білек сыбанып, тер төгіп, еңбек істеп келе жатқан, ұлтымыздың мақтанышына айналған, өмір жолы мен атқарған ісі бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық ұлағатты азаматтар баршылық. Солардың біреуі әрі бірегейі бүгінде 80-нің сеңгір биігіне шығып отырған Қазақстан тау-кен ғылымы саласындағы ірі ғалым, ұлағатты ұстаз, өндірістің, ғылымның және жоғары мектептің тәжірибелі ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі, Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінің және Украина Ұлттық тау-кен университетінің құрметті докторы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ашық тау-кен жұмыстары кафедрасының меңгерушісі Баян Рақышев дер едім. Қасиетті қазақ даласының жерасты байлығына жол салып, сан қатпарлы жер қойнауының тұңғиығына үңіліп, ішкі құпиясын ашып, асыл тастардың, рудалардың, небір ғажайып минералдардың орналасу, қору заңдылықтарын тұжырымдап, оларды төкпей-шашпай ел игілігіне пайдалануға бар күш-қуатын салып жүрген ғалым-инженерлер қандай құр­метке де лайық. Ең қызығы, Баян Рақышұлы сияқты ғалым зерттеушілер осы асыл тастардың, минералдардың «мұңын», «сырын» біледі, «әуенін» тыңдай алады. Мұндай ғалым-ұстаздар кеудесін соғып, айғайлап алдыға шыға бермейді. Кісімсінбейді, қарапайым келеді. Елбасымыз алға қойып отырған инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы бәрімізге зор міндет жүктеп отыр. Оны әлемдегі үздік техника мен технологияларды толық игеру негізінде іске асыру, ғылыми қамтымды экономика құру туралы айтқанда академик Баян Рақышев сияқты ғалымдардың атқарған және атқарар жұмыстары аталған бағыттардың түп негізі болары анық. «Өткен ғасырдың 60-жыл­дарының ортасына қарай түпкірдегі қазақи ауылдан келіп, Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеу техникасы факультетіне түсу үшін құжат тапсырдым. Мектепті алтын медальмен бітіргем. Оның үстіне республикалық математика олимпиадасының жүлдегерімін. Сенімім мол. Конкурс үлкен екен. Оқуға түстім. Бірақ өзім таңдаған электронды есептеу машиналары мамандығы бойынша қазақ мектебін бітірген мен ғана едім. Институтта бір адам бір ауыз қазақша сөйлемейді. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей, бірен-саран қазақ көрінеді. Математикадан практикалық сабақ жүргізетін мұғалім қазақ екен. Бір қуаныш сезім пайда болып: «Саламатсыз ба?», деп амандасып едім, «Здрастьте», деп сөзін жұтып, теріс бұрылып кетті. Жаным құлазып-ақ қалды. Декан да, мұғалімдер де – бәрі-бәрі басқа ұлт өкілдері. Қыстығып жүрдім, қиналып жүрдім. Не керек. Сөйтіп, жүргенде екінші курстың екінші семестрі басталған күні (бұл 1967 жылдың қаңтар айы) аудиторияға ұзын бойлы, сұңғақ, атжақты, көмірдей қара шашы бар, көзілдірік киген қазақ жігіті кіріп келді де, қазақша «Саламатсыздар ма?!» деді. Дүркіреп орнымыз­дан тұрдық. Аудиторияда қазақ студенттері аз екеніне қарамастан: «Мен сіздердің жаңа декандарыңыз болам, аты-жөнім Баян Рақышұлы Рақышев», – деді. Әрі қарай орысша сөйлеп кетті: «Осы политехты, бұрынғы тау-кен-металлургия инс­титутын 1957 жылы үздік бітіргем. Тоғыз жыл өндірісте қызмет істедім. Балқаш кен-металлургия комбинатының Қоңырат кенішінде қарапайым жұмысшыдан бастап ауысым бастығы, жару цехының бастығы, кен учаскесінің және карьер бастығы қызметтерін атқардым. Өндірісте жүріп кан­дидаттық диссертация қорға­дым. Автоматтандырудың бастау көзі теориялық механика мәселелерімен шұғылданамын», деді. Қазақ студенттерінде үлкен бір қуаныш, серпіліс пайда болды. Оны жасыру да қиын еді. Бізге үлкен кісі болып көрінген Баян аға сонда бар болғаны 33-ақ жаста екен ғой. Содан бергі 47 жыл ішінде Баян аға мен үшін ардақты ұстаз­дығымен бірге ақылшы аға, сырлас дос болып кетті деп нық айта аламын. Ол кісіден кейін алты жыл өзім бітірген автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы, 1985-1992 жылдары Баян аға политехникалық институттың ректоры болғанда, мен проректорлық қызмет атқардым. Сөздің қысқасы, тонның ішкі бауындай қарым-қатынасымыз бар. Мен оған шынайы мақтанам. Баян ағаның әкесі Рақыш Мағ­жан Жұмабаевтың атақты «Батыр Баян» дастанын түгелге жуық жатқа біліпті. Бабасы Қоңы­ратбайдың Баян батырдың жан серігі болғанын мақтанышпен айтады екен. Тұңғыш ұлына Баян деп ат қоюы да сондықтан. Баян­нан кейінгі ұлын Ноян деп атапты. Мағжан ұсталып, қ­уғынға ұшырағанда да Рақыш өз бетінен қайтпайды. Бірақ Ноян шетінеп, іле-шала жары Қамария көз жұ­мады. Баян үш жасқа толмай, анасынан көз жазып қалады. Рақыш Ұлы Отан соғысының еңбек майданына аттанғанда, Баян жеті жасқа енді ғана ілініпті. Екі жылдан соң Рақыш қайтыс болды деген қара қағаз келеді. Баян әкесінің туған ағасы Смағұлдың қолында қалады. Алланың ықы­ласы шығар, Рақыштың екінші ағасы Ыбырқанның бәйбішесі Қапаш апа Баянға аса мейірімді болады, аялап бағады. Балалық шағы соғыс кезіне тура келген Баянның жағдайы белгілі. Ашқұрсақ, бірде бар, бірде жоқ. Жетінші сыныптан бастап Шет ауылындағы нағашыларының үйінде жатып, сонан кейін ин­тернатқа ауысады. Интернаттың қолыңа ұстасаң жабысып қалатын қара наны, сылдыр су көжесі, қырық бесінші размер пима етігі естен кетер ме. Бірақ осының бәріне Баян разы еді. Ең бастысы, оқуда озат болады. Сабақ арасында колхоз жұмысына көмектеседі, жаз бойы өгіз айдап, шөп шабады. Осының бәрі Баянның шыңдалуына, шынығуына, алға ұмтылуына септігін тигізеді. Оныншы сыныпты білікті ұстаз Мәулен Ғазалиев басқаратын Қарағандыдағы № 2 орта мектепте оқып, күміс медальмен бітірді. Тасқа, тауға, табиғатқа деген құмарлық және ауылдан шыққан Ақшатау руднигінде қызмет істеп жүрген инженер ағаларының өнегесі жоғарыда айтқанымыздай, Алматыдағы Тау-кен металлургия институтына алып келді. Б.Рақышев кен массивын жару және көпкомпонентті күр­делі құрылымды кен орындарын ашық игеру саласында өзінің ғылыми мектебін құрды. Ғылыми дәреженің биік шыңы саналатын еліміздің Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды. Өзі ондаған шә­кірт өсіріп шығарды. Техника ғылымдарының 9 докторын, 30 кандидатын, 5 магис­трін дайындауы соған дәлел. Оның ғылыми жұмыстарының нәтижелері 600-ден астам еңбегі, соның ішінде 17 монографиясы, 8 оқулық және оқу құралдары жарияланды. 32 жаңалық ашып авторлық куәліктерге және өнер­табысқа инновациялық патенттерге ие болды. 70-тен астам еңбектері алыс шетелдерде ба­сылып шықты. Б.Рақышев Ха­лықаралық ғылыми форумдарда баяндамалар жасап (АҚШ, Канада, Бразилия, Австралия, ОАР, Италия, ГФР, Польша, Швеция, Болгария, Түркия, Үндістан, Қытай, т.б.), Қазақстанның өн­дірісі мен ғылым саласындағы жетістіктерін белсенді түрде насихаттап ке­леді. Ол көптеген шетелдердің ғылым академияларының құр­метті мүшесі. Академик жүр­гізген тау-кен өндірісінің фи­зи­калық және технологиялық үр­дістері сала­сында терең іргелі және қолданбалы зерттеулерінің нәти­желері Қазақстандағы кен байыту өндірісінде, нақтылай түссек, «Қазақмыс», «Казцинк», «Алтыналмас», «ЖәйремҚБК» сияқты көптеген іргелі кәсіп­орын­дарда қолданылып келеді. Баян Рақышұлы 1980-1985 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­­никалық университетінде проректор, одан кейін ректор қызметін абыроймен атқарды. Сол жылдары оның білгір де шебер ұйымдастырушы есебіндегі қабілет-қасиеттері айқын көрініс тапты. Университеттің дамуына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылым мекемелерімен және өндіріспен байланысын жақсартуға зор үлес қосты. «Өнді­ріспен байланыс әлсіреген кезде инженер дайындадым деген бекер сөз» – бұл Бәкеңнің ғылымдағы ұстанымы. Оқытушылар мен студенттер­ге жоғары талап қоя отырып, оларға қажетті жағдай жасауды ғалым азаматтық парыз санай­ды. 1988 жылы ұстаздар мен қыз­меткерлерге арнап 40, 1992 жылы 48 пәтерлік үй салуға, 600 орындық жатақхана тұрғызуға ұйытқы болды. Оны дер кезінде пайдалануға бергізді. Баян ағаның техника саласында ұлт кадрларын даярлауға, қазақ жастарының рухани кемелденуіне, өз халқының үлгілі дәстүрлерін, әдебиеті мен мәдениетін терең білуіне деген қамқорлығы да айтарлықтай. Әлемді таңғалдырған әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, «Бәйшешек» әдебиет бірлестігі Баян Рақышұлының тікелей қос­тап, жәрдем жасауымен, ол автоматика және есептеу техникасы факультетінде декан болып қызмет атқарып отырған кезде дүниеге келген еді. Ұжым өміріндегі аса бір ма­­ңызды оқиға – Бәкеңнің бас­­шылығымен білім ордасының тарихында тұңғыш қазақша бөлімдер ашылып, қазақша білім беру ісі жолға қойылды, қазақ тілі кафедрасы ашылды. Б.Рақышевтың ғылыми, ұс­таздық және ұйымдастыру саласында істеген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын айта кетуіміз керек. Ол Парасат, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен көптеген медальдармен марапатталды. Баян аға – ойындағысын ашық, анық, нақты, бүкпесіз айтатын адам. Бір нәрсеге өз көзі әбден жетпейінше пікір білдірмейді. Ешкімге бас игенді, жалпақтағанды суқаны сүймейді. Осы мінезі кейбіреулерге ұнамайтыны да рас. Дүниеге қызығу, байлыққа ұмтылу бұл кісі үшін жат нәрсе. Адамдарды еш уақытта алаламайды. Еден сыпырушы ма, лаборант па, профессор ма, кім болса да бәрібір, өз жұмысына жауапты, тап-тұйнақтай атқаратын, адал, таза адамдар әрқашан да Бәкеңнің құрметіне бөленіп жүреді. Осы қасиеттерінің өзі-ақ көрнекті ғалымның биік парасат иесі, ұлағатты ұстаз екенін, сөз жоқ, айқындап тұрғаны анық. Ұлықпан СЫДЫҚОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.