Қоғам • 31 Қаңтар, 2022

Балалар институты – келешек кепілі

612 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Хакім Абайдың өзі «Адамның бір қызығы бала деген» деп анықтап айтып кеткен жас өркеннің тағдыры, болашағы, тәлім-тәрбиесі мен күнделікті тұрмысы мейлі қай мемлекет, қай ұлт болсын бас қатыруға тиісті мәселенің бірі.

Балалар институты – келешек кепілі

Былайша айтқанда, баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы ғана емес, бір ұлттың, сол мемлекеттің ұяты, беделі. Ал оспадар тәрбие көрген ұрпақ ата-ананың да, мемлекет пен ұлттың да қайғысы мен соры, қоғамның бақытсыздығы, жарасы болмақ.

Құдды алыс жолдың жақыннан басталатыны сияқты, біз ендігі уақытта бала тәрбиесіне отбасынан Отанға дейінгі аралықта өзара көңіл бөлуді ғадетке айнал­дырғанымыз абзал. «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай сал­саң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де солай сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» дейтін данышпан Жан-Жак Руссоның нақыл сөзі осындайда ойға оралады. Ал ұлы жазушы Толстой: «Бала тәрбиелеу – шындап келгенде, өз-өзіңді тәрбиелеу» дейді. Байқасаңыз, осыған дейін бала тәрбиесіне назарын аудармаған ұлы тұлғалар кемде-кем.

Қазіргі қоғамдағы ең маңыз­ды мәселе – болашақ ұрпақтың тәрбиесі. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген сөз осын­дайдан шықса керек. Жас мемле­кеттің ертеңгі иелерін бүгіннен бастап, анығы туғаннан бастап тәрбиелеу алдымен ата-ананың, сосын қоғам мен мемлекеттің пары­зы екенін кейде есімізден шыға­рып аламыз. Бала тәрбиесіне байланысты біздің елде қордаланған мәселелер өте көп. Осының ішінде тіл мәселесі басты орында тұр. Балабақшадан бастап үш тілді қатар меңгеруге талпынған талай қазақ баласы нәтижесінде ешбір тілді дұрыс әрі жүйелі меңгеріп шыға алмай, сан соғып та жүр.

Тұрмыстың күйбеңінен аспайтын кей ата-аналар баланы тәрбиелеу жауапкершілігін мектепке жүктеп тастағалы қашан?

Біз ендігі жерде өзге елдер сияқты балалар өміріне көмек­те­сетін балалар институтын ашуы­мыз керек. Бұл институт қазақ бала­ларының қоғамдық тәрбиесін, білім алуын, тіл меңгеруін, ден­сау­лық, ғылым жайында жаңа­лық ашуына мүмкіндік жасау сияқты қызметтерді қамтитын мекеме болғаны абзал. Қазіргі балаларға ана тілінде оқитын әртүрлі жанрдағы кітап, ана ті­лінде тыңдайтын балалар әні, ұлт­тық ерекшелікке сай ойыншықтар мен ойындар, тіпті қазақша мульт­фильмдер жетіспейді. Жоқты қайдан тапсын, сосын балал­ар орыс тілінен ақпарат алуға, солардың арнасынан бала­ларға арналған фильмдер көруге ынтығады. Шындығында, балаға бұрын игерілмеген дүниені мейіріммен, төзімділікпен және махаб­батпен игеруге көмектесуі­міз үшін алдымен оларды ана тілінде тәрбие алуға, сол арқылы дүниетанымдық көзқарас қалып­тастыруға жол нұсқауымыз керек. Осыған дейін бұл мәселенің оңды шешімін таппай келе жатқанына таңымыз бар. «Мемлекеттің бірін­ші міндеті – онда туған балалар ақыл тоқтатып, есейгенше жақсы баспанамен, киіммен, тамақпен қамтамасыз ету және білім беру» деген Джон Рескиннің сөзі әр баланың тағдырына қатысты сөз болып отыр.

Біз айтып отырған балалар инс­титуты дамыған елдерде ертеректе құрылып, әлі де жұмыс істеп келеді. Мысалы, 1902 жылы құрылған Питтсбург балалар институты қоғамдастықтағы қажеттіліктерді анықтап, кейбір мәселелерді өнімді түрде шешу үшін әрекет етті. Ұйымның тарихы Эмиль Терренуардан баста­лады, ол 1902 жылы пойыз апатында екі аяғынан айырылған еді, сол кезде ол небәрі үш жаста болатын. Питтсбург балалар ауруханасынан шыққаннан кейін оның жесір қалған анасы  қамқорлық жасай алмады. Кейін оның бастамашылығымен аталған институт құрылып, балаларға қызмет көрсете бастайды. Әр елде бала мәселесі жауапкершілігі мол мәселе болғаны шындық. Өркениетті елдер осы түйткілдің шешімін табу үшін жан-жақты ұмтылыстар жасағаны кәрі тарих бетінде жазулы тұр.

Бүгін балалар үшін жұмыс істе­сек, ертең соның жемісін көреміз. «Баланың жақсы қасиеттерін дамы­туға ден қойыңыз, нәтиже­сінде жаманшылыққа орын қал­майды». Бұл сөздің иесі – Мария Монтессори.

Мұндай ұйым осыдан бір ғасыр бұрын АҚШ-та да іргетасын қалаған екен, нақтырақ айтсақ, 1902 жылы көмекке зәру нәрес­теге қамқорлық жасаған бір әйел­дің бастамасымен құрылған. Ерек­ше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға арналған инновациялық және интеграцияланған дене және мінез-құлық денсаулығын сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтер көрсетуді негіз ететін балалар институтын құру идея­сы әне содан кейін тоқтап қалған жоқ. Сол тұста тәй-тәй басқан балалар институтының ынталы командасы өздері қызмет көрсететін балалар мен отбасыларға қолғабыс етіп, өсу жасындағы балалардың әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Олар Пенсильванияның оңтүстік-батысындағы және басқа штат­тардағы жеті орынға барып, жыл сайын 9000-нан астам қызмет түрін ұсынады.

Ал Пенсильваниядағы EBS балалар институты Честер орта­лығындағы отбасылар үшін мамандандырылған қызметтерді, денсаулық сақтау мамандарына арналған оқыту және тәлімгерлік бағдарламаларын және осы саланы ілгерілетуге көмектесетін зерттеу мүмкіндіктері бойынша қызмет ұсынып келеді.

«Бала тəрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген Пла­тон­ның сөзі мәңгілік өзекті болуы ғажап емес. Әр ел әртүрлі саясатты ұстанғанымен, олар­дың ішінде бала тәрбиесін маңызды деп қарайтын елдер де баршылық. Сөзімізге тұздық ретінде Гонконгты алайық. Біз сөз етіп отырған мұндай мекеме Гонконгта Hong Kong Limited балалар институты деп аталады екен, 2003 жылы ерекше білім беруді қажет ететін екі баланың ата-анасы арқылы құрылған бұл мекеме бүгінде Гонконгтың арнайы әкімшілік аймағында (HKSAR) арнайы білім беру қыз­меттерін ұсыну бойынша үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ал Inc. (CII) балалар институты деп аталатын Лос-Анджелестегі аталған ме­кеме ерекше маңызы бар ба­лаларға отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық жарақатынан айығуға, сенімділік пен кедейлік кедергілерін еңсеру дағдыларын қалыптастыруға және саламатты, мағыналы өмір сүру үшін қолғабыс ететін мекеме ретінде қарастырылған. Сенімді қызмет үлгісі бүкіл балаға, сондай-ақ бүкіл отбасына арналған, сонымен бірге клиникалық қыз­мет­терді, жастарды дамыту бағ­дарламаларын, ерте балалық шақ бағдарламаларын, отбасын қолдау қызметтерін де өз ішіне алады. CII жыл сайын 28 000-нан астам балалар мен отбасы мүшелеріне қалтқысыз қызмет көрсетеді. Әлемдік үрдістегі мұндай балаларға көмектесуге арналған мекеме, ұйымдарды көптеп мысал етуге болады.

«Балаға кішкене мейірім көрсетсеңіз, ол сізге еселеп қайтарады» (Джон Рескин). Біздің қоғамның енді басты жауапкершілігі балаларды дұрыс тәрбиелеуден басталса, ешкім адаспас еді. АҚШ ғалымдарының зерттеуіне қарағанда қоғамда қылмыс жасап, темір торға тоғытылатындардың басым бөлігі жас кезінде дұрыс тәрбие көрмегендер екен. Қоғамның жыл сайын дамуына байланысты бала тәрбиесінің де әр отбасына ауыртпалығы артып барады.

Сол үшін енді біз ата-ана, қоғам, мемлекет бірлескен балалар институтын құрып, ертеңгі ел иелерінің балалық шағын қамсыз өткізуге, тиісті көмек көрсетіп, жүйелі білім алуына жол ашсақ, құба-құп болар еді. Бұл институт балаларға арналған ана тіліміздегі кітаптарды шығаруға, фильмдер түсіруге, ән, тақпақтар жазып, оны балалар өміріне бейімдеуге, YouTube арнасынан балаларға арналған қызықты ойындар мен сананы жетілдіруге тиісті білімдерді, ағылшын тілін ана тілі арқылы меңгеруге бағыттайтын бағдарламаларды жасап, ұсынуға міндетті болуы керек.

Сонымен бірге жетім балалар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың тәрбиесіне, балалық өміріне бағдар нұсқап, олардың дені сау, білімді ұрпақ болып өсуіне мүмкіндік беретін жетекші болуға тиіс. Өйткені балалардың бүгінгі қам-қайғысыз күлкісі – елдің ертеңгі үміт шоғы. Балалардың бүгінгі ақаусыз денсаулығы ұлттың келешектегі иммунитеті болмақ.