Қоғам • 01 Ақпан, 2022

Шетелдік жұмыс күшіне сұраныс бар

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14 932 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда.

Шетелдік жұмыс күшіне сұраныс бар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға беріл­ген рұқсаттардың ішін­де мынадай санаттар бар: бірінші санат –  635 (басшылар және олардың орын­басар­лары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бө­­лім­шелердің басшылары). Тар­тылған ШЖК-нің не­гіз­гі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 827 адам және 745 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 408 адам, ал корпоративтік ауыс­тыру шеңберінде 2 057 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақс­тан­да ШЖК пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұ­мыс­шылар санының 97%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар шыға­тын негізгі елдер келесі: Қы­тай – 3 738 адам, Түркия – 1 979 адам, Үндістан – 1 228 адам, Ұлыбритания – 1 019 адам, Өзбекстан 427 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақ­сатында, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.