Аймақтар • 01 Ақпан, 2022

Обалылықтардың оң шаруасы

227 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шағын ауылдардың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалудың бір жолын ауыл тұрғындарының ынтымағы көрсетіп отыр. Осы бір оң мысал өзге ауылдарға да өнеге болса кәнекей!

Обалылықтардың оң шаруасы

Обалы – Бурабай баурайындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана елді мекен. Тамылжыған тұмса табиғаты туралы таңды таңға ұластырып жырлауға болар еді. Курортты өңір­дің етегін баса қоныс тепкен ауыл­дың темірқазығы іспетті орта мек­тепке биыл бала саны жетпеген­діктен жабылып қалу қаупі туды. Атамекенді қимай, мал сүмесімен күн көріп отырған ағайын алғашқы бетте сары уайымға салынғаны да рас. Орта мектептің жабылғанына да көп болмаған, енді негізгі мектеп жабылса, қиын болғалы тұр. Бес жыл бұрын Обалыдан тоғыз шақырым жердегі Түлкілі ауылының мектебі оқушылардың азаюы себебінен бастауышқа айналып, соңында жабылып тынған.

Мектеп туралы мазаны қашы­рар қауесет пайда болғалы обалылық­тардың ойы онға, санасы санға бөлінді. Енді не істеу керек? Ауыл­дың бас көтерер ақсақалдары ақыл­даса келе, алдымен бір-екі үй да­­йындауға келісті. Көпбалалы от­басыларды ауылға көшіріп әкелсек, бала саны көбейеді, мектеп те жа­былмайды деп болжады. Бұл үшін жаңағы көпбалалы отбасыға ауылдың бас көтерер азаматтары түгел қамқор болуға тиісті. Үл­кеннің сөзін сыйлайтын кейінгі толқын да әлгі уәжге тоқталды. Ор­таға ақша жинады. Бұрын көшіп кеткен отбасыларының бос тұрған үйлерін сатып ала бастады. Төрт үй алынды. Төртеуіне де жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мектеп мұға­лімдері әлеуметтік желі арқылы Оба­лыдағы оңды бастама туралы хабар таратты.

Шын мәнінде Обалы адам қы­зығарлық жер. Мәңгі жасыл қарағайлар мен шоқ қайыңдар көмкерген, орман қойнауы жаз айларында жеміс-жидекке тұнып тұратын құнарлы өлке. Электр желісі бар, ұңғымадан тартылған таза су ауылдағы үйлерге тараты­лады. Ауыл көшелері тегіс асфальтталған. Жеке шаруамен айналысуға, төрт түлік малды түгел өсіруге жағдай әбден бар. Қандай қуаңшылық жыл болса да нулы өлкенің шабындығында өскен шөп аттылы кісінің кеудесінен келеді. Үй жанында көкөністің неше түрін өсіруге болады.

Ерінбеген адамға ел ішінде күн­­көріс табылады емес пе? «Бура­бай» ЖШС мен екі шағын ша­руа қожалығы жұмыстарын ұршықша үйіріп отыр. Айта кету керек, ауыл ішінде жұмысшы жоқ. Серіктестікке механизаторлар, кө­лік жүргізушілері қажет. Тіпті мал бағатын адам таба алмай отыр. Өйткені әркім өзінің жеке шаруасын күйттейді.

Әлеуметтік желі арқылы хабар тараған соң Қаскелең қаласынан Камила Исмаилова атты көпбалалы ана хабарласыпты. Әуелі ауылдың жайын, тұрғын үй мен мектеп мәселесін сұрастырса керек. Мән-жайды әбден білген соң көшуге қам­­данатынын айтқан. Жергілікті мектептің директоры Қымбат Ахметова көшіп келу шығынына қара­жат жіберіпті. Ақыры міне, көп­тен күткен күн жеткен. Дәл сол күні Обалының жұрты ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Қаскелеңнен Бурабайға бет түзеген шағын көшті қаңтардың 15-і күні алыстан аңсап жеткен ағайындарынша құшақ жайы­п қарсы алды. Шағын ауылдың шырайын келтірген той болғанға ұқсайды. Қыс түскелі мұғалімдер кезек-кезек келіп от жағып, үйді жылытып тұрған. Ауыл азаматтары қысқа қажетті отынын жеткізіп берген. Әрбір отбасы көш көлікті болсын деп қолдарынан келгенінше азық-түлік әкеліп, шашу шашқан.

– Қаскелең қаласында пәтер жалдап тұратын едік, – дейді Ка­мила Исмаилова, – пәтерақы төлей­тін ақшамыз болмады. Осы бір жақсы хабарды естігеннен кейін тәуекел дедім. Ауыл адамдарының аңқылдаған ақ көңіліне, жан жадыратар жәрдеміне әбден ризамын. Қатты қиналып едім. Енді бақша егіп, азын-аулақ мал ұстап, ел қатарлы жұмыс істесем көштен қалмаймын ғой.

Ауыл адамдарымен бірден тонның ішкі бауындай араласып кеткені соншалық, тіпті әрқайсысын көптен білетін тәрізді. Енді міне, біздің де ел қатарлы шаңырағымыз бар деп шаттанып отыр.

Біз барған күні бірнеше азамат осы шаңыраққа ат басын бұрып, азық-түлік, кілем, кішкентай ба­ла­лар­дың қысқы киім-кешегін әкеліп беріп жатыр екен. Көршісі Жарыл­ғасын Шадыров өз үйінен су тартып беремін деп құлшынып отыр.

Камиланың төрт баласы мектепке барғаннан кейін негізгі мектептің жабылу қаупі сейілген. Бұрын 38 оқушы болса, қазір – 42. Мектепте ас­хана тұрақты жұмыс істейді. Құс­тың ұясындай жып-жылы.

Біз тарата айтып отырған ба­ғалы бастаманың басы-қасында жүргендердің бірі Нұрлан Қабдул­лин наурыз айында Қызылордадан төрт балалы бір отбасының көшіп келетінін айтып отыр. Басқа ауылдардан да келемін деп ынта біл­дірген табылып жатыр екен. Қазір үш бірдей үй дайы­н тұр. Обалыға ағылған ел қарасы көбейсе, орта мектептің қайтадан ашылып қалуы да мүмкін. Осының бәріне дем беріп отырған дүние – ауылын ойлаған азаматтардың ауыз бірлігі. Бірлік бар жерде тірліктің де оңынан оңғарылатынын Обалының оңды ісінен қарап білуге әбден болады.

вм

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы