Кенептегі кейіпкер – суретші Тоққожа Қожағұловтың қызы Томирис. Картина да солай аталады. Портрет жанрында жазылған шығарма натюрмортқа тән детальдармен толыққан. Автордың композицияны түрлендіру үшін түрлі амалға барып, мұқият зерттеу-зерделеу жүргізгені байқалады. Жарық пен көлеңкенің өзара байланысы да көзге оттай басылады.
Қылқалам шебері Томирис образының көпқырлы екенін, оның жан дүниесі тазалығын нақты ашып көрсете алған. Яғни кескіндемені жазу барысында суретші оны жақын адамы ретінде елестетіп қана қоймай, шығармасының басты кейіпкері ретінде де тамаша сомдайды. Бойжеткен нәзік саусақтарымен күзгі алмаларға қол созып, өзіне алмақшы болғанын байқаймыз. Үстел үстінде тізбектелген өзге де алмалар бір-бірімен байланысқан тұтастай натюрморт сияқты, өзара ажырамайтын компонент құрған. Демек картина жанрлық жағынан да өзгеше.
Композицияның негізгі мазмұны – он жеті жасар қыздың өмірге деген көзқарасы жайында. Қыз басындағы әдемі гүлдермен безендірілген сары телпек, яки гүлдесте оның арманының асқақтығынан хабар беріп тұрғандай. Сырт келбетіне үйлескен жарасымды киімі, батыс үлгісіндегі ою-өрнекпен безендірілген ұзын көйлегі тұла бойына үйлесіп тұр. Онысы арудың шынайы әрі мөп-мөлдір көңілінің лайланбағанын аңғартады.
Картинаның сол жақ төменгі бөлігінде бір-бірімен шиеленіскен тамырлары «Өмір ағашы» десек болатындай. Бас-аяғы жоқ ұзын-сонар күре тамырлар шексіздіктің және жастық шақтың символы іспеттес бір-бірімен тығыз байланысқан. Мұнда албырт сезімнің бояуы да бар. Арудың алдағы тағдырының сан тараулы болатынын болжап тұрғандай. Суретші эмоциялы сезім құбылысын рухани әлеміне енгізіп, шебер шығарма жазған.