Экономика • 02 Ақпан, 2022

Бір жылдағы өсім – 1 пайыз

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың алдын ала қорытындыларын жариялады. Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қор салымшыларының шотында 13,1 трлн теңге жинақталған. Көрсеткіш бір жыл ішінде 156,6 млрд теңгеге ұлғайған. Бұл дегеніміз – 1 пайыз.

Бір жылдағы өсім – 1 пайыз

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан – 12,7 трлн теңге. Бір жылдағы өсім – 1 пайыз. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бір жылда 15 пайызға ұлғайған – 361 млрд теңге. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша 1,7 млрд теңге жинақталған.

Былтыр қор салымшылары 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп қаражат салған. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2021 жылдың 12 айында салымшылардың шотына шамамен 1,3 трлн теңге жарна түскені белгілі болды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 255,7 млрд теңгеге көп. Жарналардың жалпы көлемінің 95,8 пайызы міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі – 1,3 трлн теңге, соңғы 12 айдағы өсім – 24 пайыз. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының көлемі – 55,6 млрд теңге (өсім 19 пайыз). Ерікті зейнетақы жарналары 799 млн теңгеге тең (өсім 48 пайыз).

Зейнетақы жинақтарының өсуіне таза инвестициялық табыс та айтарлықтай үлес қосқан. Бұл ретте таза инвестициялық табыс 2021 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 1 қаңтары аралығында 1,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл бұдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11 пайызға көп. Ұлттық банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 2021 жылдың басынан бергі кірістілігі 11,13 пайызды құрады. Ал дәл осы аралықтағы инфляция 8,4 пайызға тең.

2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша қордағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бірлікке жетті. Шоттардың ең көп мөлшері мін­детті зейнетақы жарналары бойын­ша ашылған – 10 871 285. Міндетті кә­сіп­тік зейнетақы жарналары есебі­нен қалыптасқан шоттар саны – 547 136. Ерікті зейнетақы жарналары есебі­нен 61 604 шот ашылған.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 2,9 трлн теңге төленді. Оның басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне тиесілі – 2,6 трлн теңге. Жасына байланысты төлемдер 101,4 млрд теңгені құрады. Сақтандыру ұйымдарына 60,5 млрд теңге аударылған. Мұрагерлік төлемдер 57,5 млрд теңгені құрады. Ел аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткендерге 41,3 млрд теңге үлестірілген. Жерлеуге арналған төлемдер 5,4 млрд теңгені, ал мүгедектік бойынша төлемдер 2,2 млрд теңгені құрады.

Кесте бойынша БЖЗҚ-дан алынған ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 471 теңгені, ал ай сайынғы ең жоғары төлем сомасы 707 326 теңгені құрады.