Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 31 қаңтарда Атырау қаласында коронавирусты жұқтырудың 39 жағдайы расталып отыр. Ал Теңіз кен орнында 2 науқас тіркелген. Сондай-ақ Жылыой ауданында – 4, Исатайда – 1, Құрманғазыда – 1, Махамбет ауданында 1 науқас анықталды. Қауіпті вирустан 696 адам емделіп шықты.
Қазір үй жағдайында – 6 048 адам, 2 360 орындық инфекциялық стационарларда 276 науқас (жүктеме – 11,7%) емделу үшін оқшауланған. Оның ішінде модульдік ауруханада – 150, фтизиопульманологиялық орталықта – 53, аудандарда ашылған инфекциялық стационарларда – 50, ал №2 облыстық ауруханада 23 науқас ем қабылдап жатыр. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқас жоқ.
Осыған байланысты 31 қаңтарда облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов «Атырау облысының карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулыға сәйкес тұрғындардың алаңдар мен скверлерде, жағалаулар мен саябақтарда, өзге де демалыс орындарында бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан артық топ болып жиналуына тыйым салынды. Мұндай тыйым ойын-сауық, салтанатты, еске алу, отбасылық (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар), оның ішінде үйде өткізілетін, Ashyq жобасына қатысушыларды есептемегенде, адамдар көп жиналатын іс-шараларға да қолданылады.
Ал мектептерде сабақ өткізудің екі форматы ұсынылып отыр. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмысын штаттық режімде жалғастырады. Алайда ата-аналардың өтініші ескеріледі. Қосымша білім беру орталықтары да штаттық режімде жұмыс істейді. Өңірдегі 600-ге дейін оқушы оқитын мектептерде, өзге білім ордаларының 1-4-сыныптарында сабақ штаттық режімде өткізіле береді. Сондай-ақ халықаралық мектептердегі 1-6-сыныптардың оқушылары осындай оқу форматымен сабаққа қатысады.
Оқушы саны 600-ден асатын мектептерге сабақты жобалық сыйымдылығының 50 пайызынан аспайтын жүктемемен штаттық режімде өткізу ұсынылды. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері аралас форматта оқиды. Барлық дәріс онлайн, ал практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, өндірістік практикалар икемді кесте бойынша штаттық режімде өтеді.
Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешеваның айтуынша, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесімен жұмыс істейтін нысандар үшін шектеулер алынып тасталды. Демек Ashyq жобасына қатысатын нысандардың жұмыс және демалыс күндеріндегі жұмыс режімінің уақытына шектеу болмайды. Ashyq жобасына қосылған нысандарда салтанатты тойларды, еске алу, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды өткізе беруге болады. Көрмелер мен конференцияларды, форумдарды өткізуге рұқсат етілді. Спорт кешендері, ойын клубтары, казино, түнгі клубтар, караоке, сауықтыру және діни, сауда-ойын-сауық нысандары бұрынғыша жұмыс істейді. Бұдан былай сауда алаңы 1000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес бұйымдар, сондай-ақ сауда алаңы 6000 шаршы метрден асатын азық-түлік сататын сауда желілерінің, бассейндердің жұмысы тоқтатылмайды.
– Бірақ карантиндік шектеулер алынды екен деп, сақтық шараларын ұмытуға болмайды. Бұл – маска тағу режімін сақтау. Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудан, сондай-ақ ревакциналаудан өтуді ескеру қажет. Өйткені қауіпті вирустың таралуын тежеудің жалғыз тәсілі – вакцина салдыру, – дейді Әлия Бекешева.
Өңірде тұрғындардың вакцина салдыруына ыңғайлы болуы үшін 69 егу бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде жылжымалы 10 бекет бар. Осы бекеттерде былтырғы 1 ақпаннан бері
264 598 атыраулық COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналардың бірінші компонентін салдырды. Вакциналардың екінші компонентін алғандардың саны 247 648 адамға жетті. Сондай-ақ 25 955 адам қайта вакциналаудан өткен. Pfizer вакцинасын алғандар 5 304 адамды құрап отыр.
Атырау облысы