Аймақтар • 02 Ақпан, 2022

Шымкенттің 300 шақырым жолы жөнделеді

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жолдасовтың 2022-жылы жүзеге асырылатын жұмыстар легі бойынша есебін тындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкенттің 300 шақырым жолы жөнделеді

Ұсынылған мәлімет бойынша биыл қалада 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді.

«2022-жылы 141 нысанға құрылыс, жөндеу жұмыстарын атқаруды жоспарладық. Атап айтқанда 19 нысанда, яғни 51,5 шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 223,8 шақырым болатын 291 көше орташа жөндеуден өтсе, 19,3 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі», деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, 150 орынға аялдама орнату және аудан әкімшілігі тарапынан бекітілген көшелерге шағал тас төсеу жоспарлануда.

2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған. Нәтижесі бойынша қаладағы асфальт жолдардың үлесі 63,6% жеткен. Асфальт жолдар үлесін 2022 жылы 67,4%, 2023 жылы 71,2%, 2024 жылы 75%, 2025 жылы 79%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Шаһар басшысы жолдардың құрылысы өзінің жіті бақылауында болатынын айтып, барлық кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.

«Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол берілмеу қажет. Ондай қателіктер орын алған жағдайда мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынатын болады», деді қала әкімі.

Сөз соңында әкім сала жетекшісіне автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.